Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында республикалық референдумға дайындық барысы пысықталды.
Жалпы Тараз қаласындағы референдумға қатысушылардың саны 249 101 адамды құрап отыр. Қала аумағындағы дауыс беретін учаскелердің саны –
125, оның 107-сі «ашық», 18-і «жабық» учаскелер. Қала әкімі аппараты қызметкерлерінің референдум учаскелерін зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталған. Мәселен, учаскелердің 69-ы маңызды науқанды өткізуге толық дайын болса, 34-і дайын емес. Олардың басым бөлігінде телефон, интернет, Ту, Елтаңба, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған белгі қойылмаған. Сонымен қатар 2 учаскеде мүлдем жұмыс жүргізілмеген. Кемшіліктерді түзету үшін қала әкімі жауаптыларға 25 мамырға дейін уақыт берді.
Аппараттық жиында қаралған екінші мәселеге келсек, жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3438 адам тартылған. Оның 2333-і тұрақты жұмысқа орналасса, 897-сі жастар, ал 144-і мүмкіндігі шектеулі жандар. 2022 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грант беруге республикалық бюджет есебінен бөлінген 531,8 миллион теңгеге 434 адамды (оның ішінде 313-і жастар, 121-і осал топтарға жататындар) қамту жоспарланған.
– Жоспарды толық орындау үшін халықты ақпараттандыру қажет. Бұл бағдарлама әсіресе шалғай орналасқан округ тұрғындарына арналған. Шағын және орта бизнес орталыққа емес, саяжайларға, алыс аумақтағы округтерге керек. Осы арқылы біз сол маңдағы тұрғындарды жұмыспен қамтимыз әрі қызмет көрсету орталықтарының санын ұлғайтамыз, – деген қала әкімі Ержан Жұматұлы сала мамандарына тиісті тапсырмалар берді.
Жиында сараланған өзге де мәселелер бойынша шаһар басшысы жауаптыларға нақты міндеттемелер жүктеді.
Дедек Төлен