Даурығуға себеп жоқ

COVID-19 індетінің өршуінен елде дәрі-дәрмек тапшылығы туындап, көпшілік сарсаңға түскен болатын. Фармацевтика саласындағы олқылықтарға байланысты өткен жетіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты мекеме басшыларын қызметтерінен босатып, қатаң тексеріс жасау жөнінде тапсырма берген еді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Өз кезегінде осындай сыни кезеңде шаһар дәріханаларындағы ахуалды өз көздерімен көрмекке «Nur Otan» партиясының мүшелері зерделеуге шықты. Дәрі-дәрмектердің министрлік бекітіп берген мөлшерде босатылуына және дәріханада бар-жоғына жіті назар салынған рейд жұмыстары барысында көптеген дәрінің сатылымда бар екені, бекітілген бағада сатылып жатқаны, жалпылай алғанда, заң бұзушылықтың жоғы анықталды. Тапшылық мәселесі өткен апталармен салыстырғанда едәуір жолға қойылған. Сатылымда жоқ препараттардың орнына балама нұсқалары ұсынылуда.
Зерделеу жұмысы аясында партияның қалалық филиалының мүшелері «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза-Ғали, облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек үш бірдей дәріханаға бас сұқты. Ең әуелгі нүкте Төле би, 16 мекенжайындағы «Жасұлан және К» дәріханасы болды. Мұнда карантин талаптарына сәйкес тұтынушыларды кезекпен кіргізіп жатқаны аңғарылды. Дегенмен жұмысшы топ мүшелерінің сұрақтарына бірден жауап беруден бас тартқан дәріхана меңгерушісі Индира Тұрсынбаева жөн-жосықсыз дәріхананың күзет қызметін шақыртып, БАҚ өкілдерінің жұмысына кедергі келтірді. Арада келеңсіз жайт орын алып, бірнеше топ мүшелеріне күш қолданылды. Ешбір заңға қайшы әрекет жасамаған жұмыс тобының мүшелері зерделеу барысын жан-жақты түсіндірген соң ғана дәріхана әкімшілігі тарапынан қойылған сауалдарға жауап алынды. Меңгеруші Индира Тұрсынбаеваның баяндауынша, дәріханада халықтың сұранысындағы азитромицин, дексаметазон препараттарының бірнеше баламасы бекітілген бағамен босатылып жатыр. Аскорбин қышқылының да бірнеше түрі, вирусқа қарсы ацикловир препаратының бірнеше түрінің дәріхана сөрелерінде бар екені белгілі болды.
Бұдан соң топ мүшелері 1-ші мөлтек аудандағы «Қоныс-Б» дәріханасына бас сұқты. Мұндағы дәріхана меңгерушісі топ мүшелерінің қолындағы тізімде көрсетілген дәрілердің дені жоқ екенін жеткізді. Айтуынша, дәріхана мөлтек ауданда орналасқандықтан, жеткізілген дәрілер сол күні-ақ өтіп кететін көрінеді. Дегенмен тізімдегі аспирин, парацетамол сынды препараттардың бар екенін топ мүшелері көзбен көрді. Меңгерушінің хабарлауынша, басқа дәрілер жақын күндері жеткізілмек.
Бұдан соң партия мүшелері 6-шы мөлтек ауданда орналасқан «Садыхан» дәріханасындағы жағдаймен танысты. Мұнда ахуал біршама жақсы. Тұтынушыларға кей препараттардың балама түрлері ұсынылуда. Дәріхана қызметкерлерінің айтуынша, ацикловир, аскорбин қышқылы, тамифлю, ксарелто сынды сұранысқа ие дәрілер тез таусылып жатыр. Тиісінше кейбір дәріханаларда тапшы «ЦЕФ-ІІІ» препараттарының түр-түрі осы дәріханадан табылды. Бағалары да қымбаттамаған.
Бұдан өзге, партияның облыстық филиалының мүшелері де бірнеше нысанға зерделеу жұмыстарын жүргізді. «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Балабек Нарбаев бастаған топ бірінші жедел жәрдем станциясына бас сұқты. Мұнда өткен аптада тәулігіне 1900-2000 шақырту түссе, бүгінде ол азайып, 1400-1500 қоңырау қабылдаған. Олардың 900-ге жуығы шаһар тұрғындарынан түскен. Айта кетейік, бұрын жалпы жағдайда облыс көлемінде 1300-дей шақырту болған екен.
– Бізде 12 диспетчер 4 санат бойынша шақыртуларды қабылдап, тіркейді, жедел жәрдем көлігін жібереді. Санаттарға бөлінетін себебі әр қоңырау бойынша жолға жұмсалатын уақыт өлшенеді. Мәселен, 1-ші санат бойынша жедел жәрдем 10 минутта жететін болса, соңғысы 60 минутта баратын шақырту. Айта кетерлігі, 1, 2, 3-ші санаттағы шақыртуларды осы қаладағы жедел жәрдем станциясы орындайды. Соңғысы аумақтық (науқастың тұрғылықты мекенжайы бойынша) емханаларға беріледі, – деді орталық дәрігері Бекзат Әбітаев.
Одан соң топ мүшелері Cаll-орталыққа ат басын бұрды. Cаll-орталық 8 (7262) 43-76-78 нөмірі бойынша жұмыс істейді. Осы нөмірге коронавирус кеселіне күдігі бар, өзін жайсыз сезінген тұрғындар хабарласа алады. Ал бұл телефонның барын барлығы бірдей біле бермейді. Сондықтан оны барынша жарнамалап, аймақ тұрғындарына ақпараттандыру керегі айтылды. Ауру жұқтырып абдырап қалып жатқан адамдар осы нөмірді теріп, шұғыл байланысу арқылы көмек көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ орталыққа мобильді телефон орнату туралы ұсыныс айтылды.
Әрі қарай партия мүшелері А.Асқаров көшесіндегі облыстық фтизиопульмонология орталығындағы (бұрынғы туберкулез ауруханасы) жұмыстармен танысты. Бастапқыдағыдай емес, мұнда ауырып түсуші науқастар саны азайған. 2 шілдеден бастап провизорлық емдеу орнына айналған мекеме кесел жұқтырғандарды көп қабылдаған.
– Мәселен, кеше (22.07.20 күні) тәулігіне 44 адам түссе, бұған дейін 200 адамға дейін қабылдаған кезіміз болды. Қазір мұнда 108 адам ем қабылдап жатыр. Оларға үш ауысымда 70 маман қызмет көрсетуде. Дәрі қоры жеткілікті. Демеушілер тарапынан 15 оттегі аппараты берілді. Oның 12-сін «Nur Otan» партиясының депутаттық фракция мүшесі сыйлады, – деді орталық басшысы Қайрат Жетібаев.
Карантин режимін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қадағалау облыстық және қалалық партия филиалының қатаң бақылауында. Осы бағытта жүргізілген зерделеу жұмыстары облыс орталығында одан әрі жалғасын таппақ.

Comments (0)
Add Comment