Токио Олимпиадасынан кейін «Кім қайдан медаль еншілейді екен?» деп жеңіске шөлдеп жүрген спортсүйер қауымның көңіліне медеу болған елеулі оқиға деп өткен аптада елордада дзюдодан ересектер арасында өткен Азия чемпионатын айтуға болады. Бас қалада бірінші рет өткізілген бұл байрақты бәсекеге Азияның 19 елінен келген 200 дзюдошы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жайылған татамиде өзара кім мықтыны анықтады. Өз алаңында өтетін Азия біріншілігіне ерекше дайындықпен келген ұлттық құрама дзюдошылары жарыс нәтижесінде 1 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлдені олжалады. Сондай-ақ олар жарыстың соңғы күні өткен командалық сайыста қола жүлдені еншіледі. Құрама қоржынына жалғыз алтын медальді салған Данияр Шамшаев Таразда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүргенде-ақ чемпион болатынын сезген. Ол кезде Азия чемпионатына қатысу-қатыспауы екіталай болса да, 21 жастағы дарынды спортшы жүрек түкпірінде «Түбі қатысасың. Чемпион боласың» деген ой маза бермей қойғанын айтады. Төрт күн бұрын 73 келідегі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атағын жеңіп алған, ендігі кезекте осы салмақ бойынша Азияда көш бастайтын Даниярға хабарласып, жеңісімен құттықтап, аз-кем әңгімеге тарттық. turkystan.kz
– «Ересектер арасындағы Азия чемпионы» деген «су жаңа» атағың құтты болсын! Арада төрт күн өтсе де, қуанышың қойныңа сыймай, құрақ ұшып жүрген боларсың десем, олай емес секілді…
– Финалда қарсыласымды жеңген сәтте алған әсерім керемет болды. Бірақ келесі күні бар назарым алда өтетін кезекті ірі жарысқа ауып, Азия чемпионы болғанымды ұмытып та кеттім (күліп). Бастысы, бапкеріміз екеуіміз діттеген мақсат орындалды. Қазір бар назарым ауып отырған әлгі ірі жарысқа бару үшін маған осы жарыста қандай да болсын орын алуым керек болды.
– Бірақ әр кездесуіңде қарсыласыңды бір минутқа да жеткізбей сұлатып салған сен астанаға өзің айтқандай «қандай да болсын жүлдені» емес, тек алтын медаль алуды көздеп келген сияқтысың.
– Оныңыз рас (күліп). Тек алтын алуды діттедім. Қалай да қарсыластарымды ұтуым керек болды. Сайдың тасындай іріктелген, Азияның кіл мықтыларын жинаған бұл жарыс өз еліңде, өз жеріңде өтіп жатқан соң бізге артылған жүк ауыр, жүктелген жауапкершілік жоғары. Сөздің шыны керек, жарыс күндері екі иығымда екі үлкен тас тұрғандай біраз қиналдым. Оңай болмады. Күресіп жатқанда артық қимыл жасамауға, алғашқы қарсыластарымды жеңген сәтте көп күлмеуге тырыстым. Эмоцияға берілмедім. Бар ойым күресте болды. Ал чемпион атанған күні мойнымнан сол ауыр жүк түсіп, біршама жеңілдеп қалдым. Осы ретте лықа толған залдың қолдауын айта кеткен жөн. Олардың бізді қалай қолдағанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мұның өзі бізге көмек болды. Татамиге шыққан сайын бізді желпіндіріп отырғанын көріп күресуге деген құлшынысымыз арта түсті. Барлығы татамиде күресіп жатқан саған тесіле қарап, жанын шүберекке түйіп, тақымын қысып «Қара да тұр, қазір жеңеді! Тынышталыңдар!» деп үміт артып отырған соң, шама-шарқымыз жеткенше қарсыласқа есе жібермеуге тырыстық.
– Жансай аға жарақат алып қалмағанда мұнда жалғыз өзі күресетін еді. Негізі, бұл жарысқа менің қатысу-қатыспауым екіталай болды. Жансай аға жарақатына байланысты жарыстарға қатыспай, оқу-жаттығу жиындарына бармай жүрген соң бас бапкер осы салмақта күресетін басқа балуандарды бақылап жүрді. Сосын ол кісі «жақсы күреседі», «орын алады-ау» деп Ержан аға екеуімізді таңдап, бізге сенім артты. Жалпы, ұзақ уақыт бойы бақылап жүрген бас бапкер біздің қалай күресетініміз былай тұрсын, мінез-құлқымызды да жақсы біледі. Ол бір-екі салмақпен шектеліп қалмайды, барлық салмақта белдесетін балуанды жіті бақылап, қадағалап жүреді. Жарысты, жаттығуды басынан аяғына дейін отырып көреді. Ол кісіге кез келген салмақ бойынша сауал қойсаңыз, бүге-шүгесіне дейін айтып, қажет деректерді алдыңызға тізіп береді.
– Бас бапкер «Азия чемпионатына қатысасың» дегенді естігенде қандай күйде болдың?
– Оны естімей тұрып, Таразда тек бапкерім екеуіміз жаттығып жүргенде қатысатынымды сезіп жүрдім. Жасырып не қылайын, жүрек түкпірінде «Түбі қатысасың. Чемпион боласың» деген ой маза бермей қойды. Ол кезде ұлттық құрама Загребте өткен Гран-при турниріне қатысып жатқан еді. Ал мен Будапештте өткен Grand Slam турнирінен Таразға оралған күннің ертесі-ақ дайындықты бастап кеттім. Өзім – тараздықпын. Сондықтан жеке бапкерім Рақымжан аға екеуіміз бірден Таразға барып, тоқтаусыз дайындаламыз деп шешім қабылдадық. Тіпті, сенбі, жексенбі күні де дамыл таппай, көп жаттықтық. «Не де болса дайын жүрейінші» деп бар ойым сол чемпионатта болды. Бірақ жоғарыда айтып өткендей, Жансай аға құрама қатарына қосылмағандықтан, менде күдіктен гөрі сенім басым болды. Оның үстіне, мен – ұлттық құрамада екінші нөмірлі дзюдошымын. Ал Жансай аға – бірінші нөмірлі балуан. Былтыр Қазақстан чемпионатының финалында ол кісіден жеңіліп қалғаным бар. Сондықтан ол жоқта мұндай ірі жарысқа менің қатысқаным дұрыс секілді. Ал оған қатысатынымды ұлттық құраманың жаттығу жиынына келгенде, чемпионаттың өтуіне аз уақыт қалғанда білдім. Іштей сезіп жүргендіктен бұл мен үшін күтпеген жаңалық болмады. Содан соң бірден құрама балуандарымен бірге Щучинскіге барып, оқу-жаттығу жиынын бастап кеттім.
– «Тараздықпын» дейсің. Бірақ кей деректерде «Алматы қаласында туған» делінген. Қайсысы дұрыс сонда?
– Негізі, мен Алматы қаласында туғанмын. Күресуді де сонда бастағанмын. Бірақ күреске дейін футбол, бокс секцияларына бардым. Бірақ үйдегілердің айтуынша, ынтам аз болғандықтан, ол секцияларға бірде барып, бірде бармай қалсам керек. Нақтысы есімде жоқ. Кішкентай болдым. Бірақ бір күні әкемнің күрес алаңына ертіп келгені есімде. Бұл спорт түрі бірден ұнағаны соншалық, бүгінде бұл «қаныма сіңіп» кетті. «Қанға сіңген» соң қазір тек күресуді білемін. Одан өзге спортқа қызықпаймын. Күрес десе ішер асымды жерге қоямын. Ал Таразға қалай барғанымды сұрасаңыз, кезінде жастар арасында көзге түскен мықты балуан Медет Есболаев – менің бірінші бапкерім. Алматыда күреске сол кісінің ықпалымен ден қойып, қызыға бастадым. Мені баптап өсірген ол тіпті оқуға түсуіме де себепкер болды. Сосын ол өзінің Таразда тұратын алғашқы бапкері, қазіргі жеке бапкерім Рақымжан ағаның қоластына барып жаттығуға кеңес берді. Сол уақытта Алматыда жүргенде қаржы жетіспеушілігінен жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қатыса алмай, біраз қиналдым. Жарыстарға қатысу үшін өз қалтамыздан 200-300 мың теңге, ал ірі жарыстарда бақ сынау үшін 400 мың теңге төлейтінмін. Бірақ жарыс сайын мұндай қомақты қаражат төлеуге ата-анамның жағдайы келе бермейді. Асып-тасып бара жатқан түгіміз жоқ, ауқатты отбасы емеспіз. Сөйтіп, 2019 жылы Таразға қоныс аударып, Рақымжан ағаның шәкірті атандым. Мені осындай деңгейге жеткізген сол кісі. Оған деген құрметім ерекше, алғысым шексіз.
– Жоқ, әлі оқи қоймадым. Тек көзбен шолып шыққаным бар.
– Журналистер «149 секундта чемпион атанды! 21 жастағы қазақ ешбір қарсыласын минутқа шыдатпады» деп жарыса жазды.
– Иә, иә (күліп). Ол жағын естідім. Өзім көрмесем де, дос-туыстар хабарлап айтты.
– Есептеп қарасақ, расымен Азия чемпионы атануға небары 149 секунд жұмсапсың. Алғашқы екі қарсыласың үндістандық Нингтоужама Суреш Сингх пен тәжікстандық Бехрузи Хожазоданы жығуға 42 секундтай уақыт кетірсең, сосын қырғызстандық Чингисхан Сагыналиевті 31 секундта жеңдің. Ал финалда өзбекстандық Муроджон Юлдошевты 34 секундта сұлатып салдың. «Қайтсем де бір минутқа жетер-жетпес уақытта «иппонмен» жеңуім керек» деген тактика ма бұл? Әлде барлығында жолың болып, ыңғайы солай келіп қалды ма?
– Соған ыңғайластырамыз ғой (күліп). Кез келген дзюдошы татамиге шыға сала жеңгісі келеді. Өзіңіз айтқандай, ыңғайы келіп тұрса, «иппон» әдісіне салып, жығуға тырысады. Сол секілді мен де татамиге «Міндетті түрде иппонға «тастауым» керек» деген оймен шығамын. Басты мақсат сол – қарсыласты «иппонға» салып, лақтыру. Тек мен бұл жарысқа таңдаған амал-айла, әдістерімді тез орындап қойғаным ғой (күліп).
– Бірақ кейде балуандар тез ұту үшін асығыс жасап, қарсыластың уысына өзі қалай түсіп қалғанын білмей қалады.
– Дұрыс айтасыз. Ондай да жиі болады. Бірақ қасыңда білікті бапкер болса, аз уақыт ішінде жасалуға тиіс амал-айланың өзін саналы түрде жасауды үйренесің. Сондай-ақ санаулы секундтар ішінде қарсыласты жығуға үйрететін дайындық жұмыстары да ықпалын тигізеді.
– Ақтық бәсекеден соң берген сұхбатыңда «Финалда тұруға және күтуге болмады. Бірден шабуыл жасау керек» дедің.
– Иә, бірден шабуылдау керек болды. Жалпы, менің қалай күресетінімді менен жақсы жеке бапкерім ғана біледі. Залда жаттығып жүргенімде сыртымнан жіті бақылап, талдау жасайды. Сосын келіп осал тұсымды тап басып, «түзетеді». Ал мықты жағымды «қамшылап», одан сайын мықтылай түседі. Басты жоспар – бір орында тұрмай, күресу. Жеке бапкерім осы жолы да татами шетінде «Ұстап алып жықсаң, жеңіске жетесің. Бірінші баста. Бір орында тұрма» деп сыбырлап отырды. Ол кісінің айтқаны дәл келді. Барлық кездесуімде ол кісінің айтқанын бұлжытпай орындадым. Осы чемпионатқа екеуіміздің таңдаған тактикамыз жемісін берді.
– Солай ма? (күліп). Мен ол туралы сізден бірінші рет естіп тұрмын. Бірақ біз барлық жерде тек қазақша сөйлесеміз ғой (күліп). Қазақ тілі бәрінен биік тұрады.
– Барлық кездесуіңде мерзімінен бұрын жеңіске жетсең де, арасында сескенген қарсыластарың болған шығар?
– Иә, болды. Финалда чемпиондық атаққа таласқан өзбекстандық Муроджон Юлдошевтан аздап сескендім. Неге десеңіз, алдыңғы жылы Ақтау қаласында өткен Азия кубогінде одан ұтылып қалған едім. Осы жолы есемді қайтардым.
– Командалық жарыстың ширек финалында Жапония құрамасына қарсы өткен кездесулерде қоржынға жалғыз өзің ұпай салғаныңмен, қалған командаластарың ұтылып қалды. Ал Өзбекстан командасымен қола жүлде үшін таласта иығыңды жарақаттап алуыңа байланысты татамиге шыға алмадың. Қазір денсаулығың қалай?
– Шүкір, жақын арада ем-дом аламын. Осы ретте командалық жарыстың ерекшелігін айта кетейінші. Бұл жарыс татамиде өзің үшін емес, команда үшін күресетінің ұнайды. Тіпті, келесі болып татамиге мен шығуым керек болса да, менің алдымда күресіп жатқан аға-бауыр, әпке-қарындасымызға қолдау білдіріп, дауысымыз қарылғанша айқайлап, барынша қолдау көрсетеміз. Бұл – кәдімгідей азарт. Футболда алаңда он бір ойыншы бір-біріне айқайлап, тактика ауыстырып жатады ғой. Біз де дәл солай (күліп). Қарсылас құраманың балуанын ұтсаң, татамиден түсерде керемет күй кешесің. Себебі мұнда команда қоржынына ұпай саласың. Жалпы, жекелей сында жеткен жеңістің мәні бір бөлек, ал командалық жарыста бәрімен бірге топ жарғанның мәні тіптен бөлек. Екеуін де сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын.
– «Азия чемпионы» атағының берері не?
– Азия чемпионатын ұтсақ, әлемдік рейтингтегі ұпайымызға 700 ұпай қосылады. Ал жергілікті деңгейде облыс атынан берілетін айлық мөлшері көтеріледі. Сондай-ақ ұлттық құрама тарапынан қаржылай сыйақы беріледі. Бірақ қанша берілетінін айтқан жоқ. Десе де, бұл менің – ересектер арасындағы халықаралық жарыста жеткен алғашқы жеңісім, бұрын-соңды ондай сыйақы алып көрмегенмін. Сондықтан нақты сомасын білмеймін.
– Әңгіме басында Азия чемпионы атанған күннің ертесі-ақ бар назарың келесі ірі жарысқа ауғаныңды айтып қалдың. Ол жарыс – қазан айының басында Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін Әлем чемпионаты ма?
– Иә. Бар ойым – Олимпиада… Ой, Олимпиада деппін ғой, сол Әлем чемпионатында (күліп).
– Құдай аузыңа бұл сөзді салып тұрса керек. Бұйырса, Олимпиадада бақ сынарсың.
– Айтқаныңыз келсін! Бұйырса! Ұлттық құрама балуандары осы айдың 12-сі күні оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Голландияға аттанады. Мен иығымды емдеу үшін елде қаламын. Алматы облысында өтетін келесі жиында қатарға қосылмақ ойым бар. Одан кейін тағы бір жиын өтеді. Сосын әлем чемпионатына барамыз. Олимпиада демекші, төртжылдықтың басты додасына ұпай саны бойынша іріктеу қазірден басталып жатыр.
– Ал Азия чемпионатында алған ең жоғары ұпайың ол рейтингке кіре ме?
– Жоқ, бірақ бұл ұпай әлемдік рейтингтегі орныңа әсерін тигізеді. Негізі, Азия чемпионатының орнына Азия ойындары өтуі керек еді. Бірақ ол жарыс бір жылға шегерілді. Ол жерде де ұпай жинауға мүмкіндік бар. Десе де, бұл рейтингтердің бір-бірімен байланысы бар. Әлемдік рейтингтегі орның Олимпиада жолдамасын иеленуіңе ықпалын тигізеді.
– Сен күресетін 73 келі салмақта бәсеке қызып тұр. Өкшеңді басып келе жатқан балуандар жетерлік. Салмақ ауыстыру ойда бар ма?
– Менің бұл салмаққа ауысқаныма бір жыл болды. Өткен жылы 66 келіде ел чемпионы атандым. Бірақ бір жарыстан соң салмағым артып, бұрынғы қалпымды ұстап тұру қиынға соқты. Сосын жеке бапкерім «Сен әлі жассың. Талай белесті бағындыруың керек. Бұлайша салмақ қуалай берсең, денсаулығыңа зияны тиеді. Дұрысы, 66-дан 73-ке ауысайық» деп ақылын айтты. Сөйтіп, 73 келі салмаққа ауысуыма тура келді. Бұйырса, Олимпиадаға дейін осы салмақта қаламын. Бір жақсысы, қазір мен салмақ қумаймын. Әркез 73-74 келінің төңірегінде «жүремін». Тек жарыс алдында ұн өнімінен жасалған тағамдар ішпеймін. Көбіне көкөністер мен жеміс-жидектер қолданамын.
– Иә, бірінші жиын өткізді. Бірақ Азия чемпионатына қызу дайындалып жатқан соң, аз уақыт ішінде көп нәрсе үйрендік деп айта алмаймын. Француз мамандардың біздің қатарға қосылғанына бір ай уақыт болды. Дегенмен ерекше амал-айлаларды көрсеткенінен-ақ олардың білікті бапкерлер екені көрініп тұр. Олар бізбен екі жыл көлемінде жұмыс істемек. Білмегенімізді үйретіп, шеберлік сабақтарын өткізбек ойы бар. Жұмыс нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз.
– Токио Олимпиадасындағы тоқыраудан кейін бүкіл Азия көз тіккен бұл чемпионат елдегі көпшіліктің көңіліне демеу болды десем, келісерсің?
– Иә. Көпшіліктің мұндай жарысты сағынғаны байқалып тұрды. Бізде қолдау күшті болды ғой. Мемлекет тарапынан қолдау көбейгені рас. Жастар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Спортқа ақша бөлініп жатыр. Бізді барғымыз келетін жерге апарады. Айлығымызды тұрақты беріп тұрады. Құдайға шүкір, барлығы жақсы. Токио Олимпиадасына дейінгі жағдай туралы ештеңе дей алмаймын. Себебі мен Олимпиадаға жарты жыл қалғанда жастар арасында ел чемпионы атанып, ұлттық құрама қатарында қабылдандым. Құрама сапында жүргеніме биыл екінші жыл болды. Барлығы әрдайым қолдап, қолпаштап жүрді. Шыны керек, өткен аптада бізді бұлай айрықша қолдайды деп ойламадым. Елдегі спортты дамытуға жауапты азаматтардың да, залда гуілдеген халықтың да қолдауы ерекше болды. Мұндай атмосфера жалғасын тапсын деп тілеймін.
– Сені Әлем чемпионатынан басқа қандай жарыстардан көре аламыз?
– Әлем чемпионатынан кейін Баку, Абу-Даби, Токиода Grand Slam сериясы бойынша турнирлер өткізіледі. Сосын Masters бойынша беделді сайыстар ұйымдастырылады. Бірақ оған Топ-16-ға кіретін дзюдошылар ғана қатыса алады.
– Қазір сен әлемдік рейтингте…
– Қазір мен әлемдік рейтингте 86-орында тұрмын. Азия чемпионатындағы жеңісімнен кейін 40-орынға тұрақтауым керек. Ал егер әлем чемпионатында жеңіске жетсем, үздік ондыққа я бестікке кіретін боламын.
– Үздік бестікке кіруіңе тілекшіміз! Әрдайым жеңіс тұғырынан көрейік! Сәттілік!
– Азия чемпионаты біте сала мені елеп-ескеріп, іздеп, хабарласқаныңызға рахмет! Сіздің де жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ