Дамудың даңғыл жолы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын теледидар арқылы тікелей эфирден бас-аяғына дейін көріп, мұқият тыңдап шықтым. Тыңдай отырып, ерекше зор әсер алдым, еліміздің жарқын болашағына деген сенімім нығая түсті.

Жолдаудың өзіме қатты ұнаған мына тұсына тоқталғым келеді. «Депутаттарымыз жазда да көп жұмыс атқарды. Небәрі екі айда 1200-ден астам елді мекенді аралап, сайлаушылармен кездесті, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мен баршаңызға табысты қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. … 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. … Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді.
Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді.»
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды.
Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты іске асуда.
Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады.
… Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.
Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады.
Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі.
Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Қазақстанның стратегиялық мақсаты–Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет.
Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал.
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі.
2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз.
Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.
Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Еліміздің кейбір өңірлерінде ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр.
Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет.
Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады.
… Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет.
Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек.
Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады.
Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз.
Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады… Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет.
Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек.
Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды.
Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет.
Капиталды қайтару туралы заң аясында құрылып жатқан қор «ұзақ мерзімге арналған қаражаттың» тағы бір көзі бола алады. Түскен қаржының бәрі елдік мәселелерді шешу үшін барынша тиімді және ашық жұмсалуға тиіс.
Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек.
Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар.
Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз.
Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін.
Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт.
… Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын.
Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік.
Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді.
… Қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады.
Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз.
Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет.
Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет.
Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде.
Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек.
Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек.
Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ.
Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы.
Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды. Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.
Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!»
Президенттің саналы ойынан, Отанына деген сүйіспеншілігінен, жүрегінен шыққан сөзін әдейі өзгертпей беріп отырмын. Себебі әр сөзі сенім ұялатып, алға жүруге, өрлеуге, іспен айналысуға, жақсы азамат болуға шақырады, толық қолдаймын! Әсіресе жастарға зор мүмкіндік, зор – мотивация! Түрлі себептермен Президенттің Жолдауын көре алмағандарға міндетті түрде Жолдауды көріп, оқып алыңыздар деп айтар едім, себебі еліміздің бүгіні мен ертеңі әрқайссымызға бей-жай емес шығар деп ойлаймын.
Қазақтың «Басшы – біреу, қалғандары – тіреу» деген қағидасына сүйеніп, Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын, тағдыршешті бастамаларын қолдауға шақырамын! Ол үшін «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығарып, барша жұрт болып, жұдырықтай жұмылып Жолдауды, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға ұйымшылдықпен кіріскеніміз абзал.

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

Comments (0)
Add Comment