Түркістан облысында ақша мен зергерлік бұйымдарды ұрлаған екі ағайынды сотталды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер оның үйіне кіріп, жатын бөлмесінен 11 мың АҚШ доллары мен алтын әшекейлері бар сейфті ұрлап кеткен. Залалдың жалпы сомасы 10 миллион теңге болған. Аталған фактіні полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеген.
«Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтады, олар жәбірленушінің құдалары болып шықты. Күдіктілердің бірі бұрын сотталған. Белгілі болғандай, ағайындылар үйде ешкімнің болмағанын пайдаланып, жатын бөлмеден сейфті ұрлап кеткен», – деп жазылған хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа жіберілді.
Сот шешімімен бұрын сотталған 30 жастағы ер адам кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның 32 жастағы ағасы 4 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.