Дала төсіндегі дүбір

Ауыл шаруашылығы – халықтың әл-ауқатын арттыратын, ел экономикасының берік тірегі болып саналатын стратегиялық маңызы бар сала. Асыраушы саланы дамыту еліміздің гүлденуі, халықтың әл-ауқатының артуы және ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне жол ашады. Сондықтан ел экономикасының негізгі буыны саналатын саланың өркендеуі тұрақты дамуы қай кезде де мемлекеттің басты назарында. Соның ішінде халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі аталған сектордың алға басуына байланысты.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек», – деген болатын.
Президент жүктеген бұл міндет бүгінде Тараз қаласында жүйелі жүзеге асырылуда. Айталық, биыл қала аумағындағы 808 шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы өнімдерін егу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, дәндік жүгері – 415, майлы дақылдар – 24, қант қызылшасы – 32, мал азығы дақылдары – 295, картоп – 410, көкөніс дақылдары – 5 202, бақша дақылдары 38 гектар жерге орналастырылды.
Сонымен қатар бүгінгі күнге Әулиеата ауданында 253 шаруа қожалығы тарапынан арпа – 220, күздік бидай – 60, қант қызылшасы– 32, жоңышқа – 115, картоп – 145, пияз – 512, жүгері – 175, көкөніс дақылдары 2 011 гектарға толық егілді. Бұған қоса, Жібек жолы ауданында 555 шаруа қожалығы тарапынан арпа – 62, күздік бидай – 140, майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) – 24, жоңышқа – 180, пияз – 1 025, жүгері – 240, көкөніс дақылдары 3 191 гектарға егілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Comments (0)
Add Comment