Қаһарлы қыс қыр асып, қарбаласқа толы көктемнің басталар шағына келдік. Қым-қуыт тірлікке толы мезгілде дала төсі де дүбірге толады. Бұл – диқандар үшін қайнаған еңбектің қызатын шағы. Несібесін қара жерден іздеген шаруа «Көктемнің әр күні – жылға азық» деп санап, бұл уақытта дәнін дайындап, жерін жыртып, еңбек мерекесін қыздыра түседі. Бұл ретте аймақта көктемгі егіске дайындық барысы қалай? Қара жерге қанша дән себеміз? Техникалар тас-түйін әзір ме? Диқан мен бағбанның қолын ұзартуға қандай тірліктер тиянақталып жатыр? Осы сұрақтардың жауабына үңілсек…
Биыл Әулиеата өңірінде қыс қытымыр мінез танытқан жоқ. Кейбір шаруалар мезгілдің жылы, шуақты күндерін тиімді пайдаланып, жерлерін жыртып алды. Дегенмен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, аумақта көктемгі дала жұмыстары ресми наурыз айының орта тұсында басталады екен. Осыған орай маңызды кезеңді ұйымдасқан түрде өткізу мақсатында материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайындалып, агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары бақылауға алынған.
– Өткен жылы ауа райының қолайлы болуы, шаруалардың агротехникалық шараларды жетік меңгеруі мен мемлекеттік қолдаудың тиімділігінің арқасында жалпы өнім көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 3 есеге өсті. Нәтижесінде, өсімдік шаруашылығында 3,4 млн тонна өнім жиналып, көлемі 291,4 млрд теңгені құрады.
Ал биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін өткен жылмен салыстырғанда 33,6 мың гектарға арттырып, 660,3 мың гектарға дейін жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 372 мың, майлы дақылдар – 40,2 мың, қант қызылшасы – 6,4 мың, картоп – 9 мың, көкөніс – 16,5 мың, пияз – 18,4 мың, бақша дақылдары – 14,1 мың, мал азығы дақылдары 183,8 мың гектарға егіледі деп күтілуде, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.
Тұқым тазалығы – тұқымның егуге жарамдылығының басты көрсеткіші. Бұл ретте аймақтағы агроқұрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына кедергісіз кірісуі үшін қажетті 55 мың тонна тұқым толықтай дайындалған. Қосымша 28 мың тонна 156 мың гектар алқапқа егілген күздік бидайға себіліпті.
Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 4 585 трактор, 1 234 соқа, 580 жер қопсытқыш, 826 дән сепкіш, 92 тұқым дәрілегіш – бас-аяғы 7 311 дана ауыл шаруашылығы техникасы толықтай дайын тұр екен. Ал оларға қажетті 20 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай Үкімет тарапынан бөлініп үлгерген. Мамандар бұл фермерлердің жұмыстарын мерзімінде жүргізуіне оң әсерін тигізетінін айтады.
Бұдан бөлек, аймақта бар техникаларды жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалып отырған жоқ. Осылайша, биыл 400-ден аса өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, жаңару жоспарын 6,5 пайызға жеткізу көзделіп отыр екен.
Қазір жердің құнарлығы азайып, күші қайтқаны баршаға белгілі. Жыл өткен сайын атын адам естімеген өсімдік аурулары да көбейіп келеді. Үлкен алқапты былай қойғанның өзінде, бақшадағы дақылға да дәрі қажет. Мәселенің оңтайлы әрі бірегей шешімі – алқаптарға тыңайтқыш себу. Бұл тұрғыдан келгенде аталған бағыттағы жұмыстар басқарма тарапынан қатаң бақылауға алынған.
– Биыл 418 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыш себу жоспарланып отыр. Бұл ретте көктемгі дала жұмыстары барысында шаруалар үшін тыңайтқыштарды аванстық жеңілдетілген төлемдер бойынша алу механизмі қолайлы болып отырғанын айта кету қажет. Осыған орай жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 млрд теңге аванстық төлемдер ретінде отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылды, – дейді Қайрат Есенұлы.
Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы облыс шаруаларына 3 млрд теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру жоспарланып отыр екен. Мәселен, өткен жылы 145 шаруаға «Кең дала» бағдарламасы бойынша – 1,5 млрд теңге, «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге несие берілген. Ал қазіргі таңның өзінде аймақ шаруалары 2,3 млрд теңгеден астам қаржыға өтінім беріп үлгерген. Нәтижесінде, оның 678,6 млн теңгесі беріліп, 275,3 млн теңгенің өтінімі мақұлданып, құжаттары рәсімделіп жатыр екен. Бұған қосымша 1,3 млрд теңгеден астам өтінім қаралымда тұрған көрінеді.
– Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 2025 жылға жергілікті бюджеттен субсидиялауға 22,7 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамыту бағытына 10,6 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде, биыл өсімдік шаруашылығы бағытында 325,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 108,3 пайызға өсім көрсету жоспарлануда.
Жалпы, өңірде көктемгі дала жұмыстарына материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайын және агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары тұрақты бақылауда, – дейді басқарма басшысы.
Маңызды науқанға Жамбыл ауданының диқандары да тас-түйін дайындықпен келген. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және дер кезінде өткізуге әзірлік жүргізілуде.
– Биыл жергілікті диқандар 51 960 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырмақ. Атап айтқанда, 17 245 гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 2 545 гектарға майлы дақылдар, 700 гектарға қант қызылшасы, 304 гектарға картоп, 6 485 гектарға көкөніс, бақша дақылдары егілмек. Бұған қоса, мал азығы дақылдарының көлемі 24 681 гектарға жеткізілмек. Биылғы жаздық дақылдарғаа 24 919 гектар, қант қызылшасына 700 гектар сүдігер көтерілді.
Сапалы тұқым мол өнім кепілі екені айтпаса да түсінікті. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 2 899,8 тонна тұқымның 2 753,6 тоннасы дайын. Шаруашылықтарға жетіспейтін 1,8 тонна қант қызылшасының тұқымы арнайы тұқым жеткізушілер арқылы қамтамасыз етіледі.
Ауданда көктемгі дала жұмыстарына жегілетін техникаларды жөндеу аяқталып келеді. Қазір қолда 174 трактор, 71 соқа, 47 дән сепкіш, 130 тырма, 41 жер қопсытқыш, 11 тұқым дәрілегіш бар. Сондай-ақ биыл өздігінен жүретін машина-трактор паркін 6,5 пайызға жаңарту жоспарланып отыр, – дейді бөлім басшысы.
Таластық шаруалар да жерге түрен салу үшін күннің жылынғанын күтіп отыр. Ауданның Қызыләуіт ауылында егін шаруашылығымен кең ауқымда айналысатын шаруашылықтың бірі – К.Оязбеков атындағы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ауылдықтардың дені осы шаруашылықта жұмыс істейді. Бүгінде еңбеккерлер көктемгі дала жұмысына тыңғылықты дайындалуда.
– Мемлекет тарапынан шаруаларға үлкен қолдау көрсетілуде. Соның бірі – жеңілдетілген бағамен үлестірілген дизель отыны. Бұл шаруалардың шығынын азайтып, егін егу жұмыстарын дер кезінде жүргізуге септігін тигізеді. Ауыл шаруашылығында ағынсудың тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда Қызыләуіт ауылдық округінде осы түйткілдің алдын алу бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Округтегі барлық әуіттер мен суқоймалары су жинауға толықтай дайын күйде. Алдағы егіс науқанын ойдағыдай өткізу, шаруаларды ағынсудан тарықтырмау үшін Көктал өзені арқылы келетін суды сол суқоймаларына жинақтаймыз. Су айдындары тауға жауған қысқы қар пен көктемгі жауынның мөлшеріне қарай толады, – дейді Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі Ғарифулла Байкенжеев.
Осылайша, аймақтың диқандары алдағы маңызды маусымға сақадай сай отыр. Оларға тек күн райының жайлы болғаны ғана қажет болып тұр.
Иә, расында егістік алқапты игеру – жауапты кезең. Көктемгі егіс-дала жұмыстары жылма-жыл қарқын алып, көлемі де артып келеді. Мол өнім алу тек диқандарға ғана үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймайды. Бұл ретте сала мамандарының да алдағы жұмысты дұрыс саралап, жоспарлауы маңызды. Олай дейтініміз, былтыр аймақтағы ауыл шаруашылығына жауапты қызметкерлер «барын асырып, жоғын жасыру» үшін жалған мәлімет беріп, ақырында ұятты болған еді. Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде облыс аумағында 2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектардың орнына 626,7 мың гектарға ғана егілгені белгілі болып, егіс алқабы 136 мың гектарға кеміген-тін. Сол сияқты су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 57 мыңнан 40 мың гектарға, мал басы 4,1 миллионнан 3,4 миллион басқа дейін төмендетілген еді. Ендігі кезекте бұл зерделеу алқап көлемін ауадан, өзге мәліметтерді ойдан шығаруға үйренген сала мамандарына сабақ болды деп сенеміз. Әйтпесе, бекітілген межені орындаймыз деп, егіс көлемін қолдан арттырғаннан өзіміз ұтылмасақ, ұтпайтынымыз анық.
Еркін САЙЫН