Даңқ деген дана ұғымды ұқтырған «Жеңіс» саябағы

Бүгінде елімізде туризм саласын дамытуға айрықша басымдық берілуде. Бұл тұрғыда облысымызда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып, жаңа нысандар бой көтеріп, жұртшылықтың қызығушылығын туғызуда. Міне, сәні мен сәулеті келіскен сондай орынның бірі – Тараз қаласындағы қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы.

Аз уақыттың ішінде адам танымас- тай кейіпке енген саябақ көрген жанды тамсандырып, жанға жылу сыйлауда. 15 гектарлық саябақ аумағындағы «Ерлік» мемориалды кешенінің нысандары көздің жауын алады. Облыстық драма театрдың алдынан көшіріліп әкелінген батыр Бауыржанның еңселі ескерткіші нағыз өз орнын енді тапты деуге болады. Ескерткіштің қос қапталында Жамбыл жерінен шыққан 48 Кеңес Одағы батырының «Алтын жұлдызы» жарқырап тұрса, алдындағы «Мәңгілік алау» ерлік пен өрліктің өшпес рухын асқақтатып, ұрпақ санасына «Даңқ» деген дана ұғымды ұқтырып тұрғандай. Батыр Бауыржан Момышұлы мен 48 батырдың артында 105 мыңға жуық жауынгердің есімі қашап жазылған мәрмәрдан соғылған «Даңқ» мемориалы да бүгінгі буынның өз атасын іздеп, ұзақ кідіретін орны болып тұр. Ал кешенге кіретін бас қақпаның ені – 13, биіктігі 8 метрді құрап, алыстан көз тартады.
Мұнда жақұтқа бергісіз жәдігерлер көп-ақ. Әсіресе әріректегі 5 артиллериялық зеңбірек пен қаз-қатар сап түзеген 7 ауыр әскери техника да кешеннің мәні мен сәнін кіргізіп-ақ тұр.
Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанғандар үшін де жағалауда бар жағдай жасалған. Бүгінде веложолақ пен спорттық жаттығу және балалар алаңшалары өз миссиясын орындап тұр. Сондай-ақ саябақ құрылысының үшінші кезеңі нысандарының бастысы саналатын «Даңқ» залы алыстан көз тартады.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңғырған саябақ жаңа көшеттермен толығуда. Мәселен, былтыр «Жасыл ел-Тараз» ЖШС саябақ аумағына жер бетіндегі ең жылдам өсетін 122 түп павловния ағашын отырғызды. Мұның бәрі де келісті мекеннің көркін ашып, сәнін кіргізе түсуде. Сондықтан да болар, саябақта сейіл құратын тараздықтар мен қала қонақтарының қатары күн өткен сайын артып келеді.

Құрмаш Қаптағай 

Comments (0)
Add Comment