Дәулетхан мен Айболдан үміт көп

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды.

Толғанай АТАБАЙ

«Олимпик» спорт кешенінде өткен жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі. Облыстық іріктеуге 20 талапкер қатысып, биылғы жылдың мықтысын анықтады. Турнирдің алғашқы ойыны тараздық, 2016 жылғы «Қазақстан барысының» қола жүлдегері Айбол Айтбек пен мойынқұмдық балуан, жастар арасында ел чемпионы Сұлтан Зарықбайдың арасында өтті. Фаворит Айбек бұл белдесуде екі жамбас, үш бүк ұпайымен жеңді. Келесі белдесу сарысулық қос балуан Асылхан Оспанов пен Ертуған Төренов арасында өтті. Соқыр жеребе таңдауымен алғашқы кезеңде Ертуған қарсыласын 57 секундта таза жеңе алды. Одан кейінгі айналымда тараздық Айбол Айтбек, таластық ағайынды балуандар Дәулетхан Жақып, Шыңғысхан Жақып, меркілік Жамбыл Тұрғыналиев өз қарсыластарын мерзімінен бұрын ұтты.

Ал ширек финалда Айбол Айтбек Шыңғысхан Жақыпты, Ғалымжан Қырықбаев Жамбыл ауданынан келген Жасұлан Көрпебайды жеңсе, жуалылық қарсыласын ұту үшін меркілік Жамбыл Тұрғыналиевке 11 секунд жеткілікті болды. Таластық Дәулетхан Жақып та 20 секундта меркілік Ерасыл Әзімханның жауырынын жер иіскетті. Сондай-ақ жартылай финал да тартысқа толы әрі қызықты болды. Әдетте әр кезең сайын балуандар белдесуі ширыға түсуші еді. Бұл жолғысы өзгеше, Айбол Айтбек өзінің жерлесі Ғалымжан Қырықбаевты 4 минутта, Дәулетхан Жақып меркілік қарсыласын 2 минутта таза жеңді. Дәулетхан алғашқы үш кездесуін таза, мерзімінен бұрын шаң қаптырды.

Финалда Дәулетхан Жақып пен Айбол Айтбек негізгі бес минутты тең аяқтады. Әйтсе де, лайықты қарсыластар бір-бірін ала алмады. Ал қоян-қолтық белдесуде Дәулетхан әдіс жасап, айласын асырып кетті. Сөйтіп, 2016 жылғы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде кеткен есесін қайтарды. Үшінші жүлде үшін болған бәсекеде Жамбыл Тұрғыналиев Ғалымжан Қырықбаевты ұтты. Сонымен, таластық Дәулетхан Жақып 2019 жылғы облыстық іріктеу турнирінің жеңімпазы атанды. Ал тараздық Айбол Айтбек екінші тұғырда. Меркілік Жамбыл Тұрғыналиев үшінші жүлдені иеленді.

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жахит, облыстық қазақ күресі федерациясының Құрметті президенті, кәсіпкер Жетпісбай Медеуов марапаттады. Енді Дәулетхан мен Айболға алдағы 6 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан барысы» турнирінде жеңіс тілейміз. Ал бұл балуандардан күтер үміт көп. Олар жерлесіміз, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтың жеңісті жолын жалғайды деген сенімдеміз.

Comments (0)
Add Comment