Мұхтар БАЙЖҰМАНОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры
Құрметті тараздықтар!
Баршаңызды шуақты мереке – Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жыл сайын дәстүрлі түрде тойланатын бұл мейрам әр азаматтың, әр отбасының сүйікті қаласына деген құрметін, ыстық ықыласын қалыптастырады. Жылдан-жылға тарихи қала Таразымыз көркейіп, дамып келеді.
Тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін Тараз шаһары – қос ғасыр көшінде талай кезеңдердің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен қасиетті мекені, ұлт зиялыларының ізі қалған қасиеттің ордасы. Қаламыз бүгінде әлеуеті артып, экономикасы өрістеген, мәдени, рухани байлығы кемелденіп, келбеті көркеюде.
Биыл осынау қасиетті мекендегі Жамбыл облысы үшін ерекше жыл. Киелі құт дарыған өлкенің облыс болып құрылғанына 85 жыл. Ел тарихымен тамырлас өлкеде талай оқиға өтті. Жаңа облыстың аяқтан тұрып, дамуға бет бұруы үшін ерен еңбек пен терең ой һәм күш жұмсалды. Ал халқымыздың айнымас бірлігінің, тату тірлігінің арқасында облыс орталығы жаңарып, жасарып, сәні мен салтанаты келіскен, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Баршамыз аймағымыздың тарихымен, дәстүрімен, сүйікті қаламыздың көркем келбетімен мақтанамыз.
Бүгінгі мереке – өткеннен өнеге алу, бабалардан қалған бай мұра мен асыл құндылықтарымызды ертеңгі ұрпаққа аманаттау, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді, қаламыздың жарқын жетістіктерін дәріптеу.
Қадірлі қала тұрғындары!
Осынау айтулы күнде баршаңызға мерекелік көңіл-күй, әр отбасыға амандық, бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
Барлық игі бастамаларыңыз табысқа, жаңа биіктер мен шығармашылық жетістіктерге жол ашсын!