Дәуір. Тұлға. Тәуелсіздік

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – қазақ халқы үшін тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауда талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп, әлем мойындаған жаңа мемлекетті қалыптастырған тұлға. Жасампаз қала, жас қала елорданы салып, елде индустрияландырудың тың жобасын жандандырып, баянды болашаққа жол салған Ұлт көшбасшысы. Сондықтан да Елбасы десе, егемендік ұғымы ойымызға қатар оралады.

Бабалар аңсаған тәуелсіздіктің бастауында Тұңғыш Президентіміз тұрды. Шекарамызды шегендеп, төл теңгемізді жарыққа шығарып, мемлекеттік рәміздеріміздің жобасын жасауда оның сіңірген еңбегі еш өлшемге сыймайды. Азаттық тұғырының беріктігі мен елдігіміздің тұтастығы да Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасы екендігі баршамызға аян. Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ десек, Елбасы бүкіл саналы ғұмырында өз халқының бақытты өмірі, баянды болашағы үшін бар қажыр-қайратымен еңбек етіп келеді. Өткенімізді саралай қарасақ, ол жүргізген сындарлы саясаттың арқасында Қазақстан «тар жол, тайғақ кешулерден» сүрінбей өтіп, беделді де абыройлы, әлемдік қауымдастық мойындаған, жедел дамудың даңғыл жолына түскен елдердің қатарына енді.
Ұлт көшбасшысының жаңа мемлекет қалыптастыру жолындағы ұлы еңбегі тәуелсіздіктің алғашқы кездеріндегі қиыншылықтарды жеңуден басталды. Ол алдыңғы қатарлы мемлекеттердің нарықтық экономикаға көшу жолын, капитализмнің өзіндік ерекшеліктерін зерттеді. Сөйте жүріп, ол əлемдік нарық экономикасын да жете танып, оны өз ортасына жеткізді. Осылайша қасындағы сенімді серіктерін тәрбиелеп, ел басқарудың қыр-сырын үйретті. Тікелей өз бастамасымен қолға алынған ұзақ мерзімге бағытталған «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» сынды стратегиялық бағдарламалары еліміздің алдағы даму бағдарын айқындап, келешегіне сәуле шашты. Бүгінде аталған бағдарламалар жемісін беріп, мемлекетіміз елеулі асуларды бағындырды. Осының бəрі, шынын айтсақ, бір адамның, тек қана Нұрсұлтан Назарбаевтың қайсарлығы арқасында жүзеге асты.
Тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан əлемнің басты мемлекеттерімен тіл табысып, дипломатиялық қарым-қатынасқа түсті. Түркі ынтымақтастығының құрамына кірді. ТМД, ШЫҰ-ны ұйымдастыруға ұйытқы болды. Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік беделінің күшімен Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, оған мүше елдердің саммитін өткізуге бастамашы болды.
Қазақстанның көп ғасырлар бойы қағаз бетіне түспей, жобамен ғана сақталған шекарасын заңдастырып, ұлттық қауіпсіздікті сақтау шараларын жүзеге асырғаны – өз алдына бөлек әңгіме. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Қазақстан халқы арасындағы ұлтаралық келісімді тиянақтап, қандастарымызды біртіндеп елге шақыру ісін бастады. Сонымен қатар егемен мемлекеттің жаңа кадрларын дайындауға бағытталған «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асты. Осы арқылы Елбасы өзі айтқан Ұлы дала елі Орталық Азия мен Еуразия кеңістігінде дамудың, демократиялық өрістің өміршең жолын тапты.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» демекші, халқы да Елбасының ерен еңбегін жоғары бағалайды. Тұңғыш Президентіміздің құрметіне ашылған еңселі ғимараттар мен ескерткіштер – осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Сондай-ақ Елбасы ел тізгінін қолға алған тарихи дата – 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні ретінде кең көлемде аталып өтілуде. Күнтізбеге қызыл белгімен енетін бұл күннің еліміз үшін орны ерекше. Күрмеуі қиын шақтарда өзіне сенім артқан жұртын берекелі бірлік пен өркениетке бастап, Қазақстанды дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген Президенттің халық үшін еткен қызметі ерен. Қазіргі кезде есімі елімен қатар аталып, алыс-жақын мемлекеттерде мәртебесі тасыған Тұңғыш Президентіміздің күнін атап өту әрбір қазақстандық үшін мерейлі мереке екені анық.
Нұрсұлтан Назарбаев – жай елдің басшысы емес, құрушы, жасампаз, көреген тұлға. Сондықтан бәрі «бірінші» және «тұңғыш» дегеннен басталады. Ендеше, бұл еңбек – жаңа мемлекетті өз қолымен, өз бастамасымен тұрғызған аса ірі тарихи тұлғаның әрі жылнамасы, әрі дәуірнамасы.
Жылдар жылжып, заман зулаған сайын Тұңғыш Президенттің абыройы мен беделі Алатаудай асқақтап, жер астындағы алтындай жарқырай бермек. Себебі Елбасы есімі тарих тақтасында алтынмен әдіптелген әріптермен жазылғаны еш талас тудырмайды.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment