Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Республика күніне орай «Медицина мақсаты – дені сау ұлт» атты қалалық емханалардың медицина қызметкерлерінің арасында волейболдан турнир өтті.
«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы облыстық филиалы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының №7 қалалық емханасының ұйымдастыруымен өткен доданың басты мақсаты – салауатты өмір салтын және бұқаралық спортты дамытуды медицина қызметкерлері арасында насихаттау және ұжымдық қарым-қатынасты қалыптастыру.
Күшейтілген санитариялық эпиде-мияға қарсы және дезинфекциялық іс-шараларды сақтай отырып өткізілген сайысқа 8 команда қатысты. Нәтижесінде I орынды №7 қалалық емхана, II орынды №6 қалалық емхана, III орынды «ALMAZ MEDICAL GROUP» емханасы иеленді. Қалған қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар өзгелерден озық шыққан Бекзат Абдигаппар «Үздік шабуылшы», Еркебұлан Аяпбергенов «Үздік тосқауыл қоюшы», Гүлдана Сайдулла «Үздік топ байланыстырушысы» атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.