Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады» – деді Президент.
Расында, қандай жұмыс істесең де оған ең әуелі жауапкершілік керек. Ыждағаттылық, төзімділік пен сенімділікті жаныңа серік етпесең істеген ісіңнің олқы тартып кететіні бар. Қомақты табысқа жету үшін таймайтын табандылық, кәсібіңнің шебері болуың маңызды. Ол дүние кейбіреуге уақыт өте келеді, енді біреу көздегеніне танбас талапшылдығының арқасында жетеді. Бүгінгі кейіпкеріміздің еңбекқорлығы – көпке үлгі. Терін төге жүріп темірді теріше илейді.
Берік Өтепбергенов еңбек жолын 2005 жылдан бастаған. 2005-2009 жылдары «Қамқор» ЖШС-де 4-дәрежелі электрогаздәнекерлеуші болып еңбек етсе, 2009-2014 жылдар аралығында «Бином» ЖШС-де электрогаздәнекерлеуші болып қызмет еткен. 2014-2015 жылдары «Корпорация» ЖШС-де 4-дәрежелі электрогаздәнекерлеуші, 2015-2019 жылдар аралығында «Таразтрансэнерго» МКК-да 6-дәрежелі электрогаздәнекерлеуші болып жұмыс атқарған. 2020 жылдың наурыз айынан бастап «Таразтрансэнерго» МКК-да №2 аудандық ішкікварталды жылу жүйесінің №3 учаскесінде 6-дәрежелі электрогаздәнекерлеуші болып қызмет етіп келеді.
Берік Темірбайұлы – өз ісін терең білетін, жауапты, талап қоя білетін, ісіне мұқият және кәсіби білікті қызметкер. Жұмыс кезеңінде өзін білікті, адал, қойылған міндеттерді сапалы орындайтын маман ретінде көрсетті. Қойылған міндеттерді орындау кезінде күш және уақытын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді. Өзіне талапшыл, өз маманына шебер ұйымдастырушы. Мекемедегі қоғамдық жұмыстарды атқаруда белсенді атсалысады.
«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Б.Өтепбергенов қызметінде өзінің тікелей міндеттерін орындаумен ғана шектелмейді. Ол жас буын әріптестеріне қолдау білдіріп, тәлімгерлік етеді. Білім беру мен тәжірибе алмасудың маңыздылығына назар аудара отырып, ол өзінің кәсіби құпияларымен бөлісуден ешқашан бас тартқан емес. Бұл бағыттағы жұмысы мекемедегі жас мамандарға өз ісіне бейімделуге және кәсіби тұрғыда өсуге көмектесіп келеді. Оның қолдауының арқасында жаңадан келген жастар жұмысын тезірек игеріп, айтарлықтай жетістіктерге жетуде.
Аман ЕСЕН