COVID-19 қашан аяқталады? – Германиялық сарапшы болжамы

Германияда коронавирустың кезекті қауіпті нұсқасының таралуы екіталай. Ел үкіметінің коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі сарапшылық кеңесі мүшесі, интенсивті терапия дәрігері Кристиан Карагианнидистің айтуынша, COVID-19 вирусынан қорғаныс өте жақсы жұмыс істеп тұр деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Дәрігер COVID-19 пандемиясы 2023 жылдың көктеміне қарай аяқталады деп болжап отыр. Оның айтуынша, SARS-CoV-2 вирусының тағы бір немесе бірнеше «кішігірім толқындары» таралуы мүмкін.

«Бірақ біз халықтың иммунитеті күшті екенін түсінеміз және біздегі интенсивті терапия бөлімшелерінде ковидпен ауыратындар айтарлықтай аз. Пандемияның біртіндеп аяқталып келе жатқанына сенемін», – деді ол.

Маман Германияда коронавирустың тағы бір қауіпті нұсқасының таралуы екіталай деп санайды.

«COVID-19 вирусынан қорғаныс өте жақсы жұмыс істеп жатқан сияқты, – дейді сарапшы Т-лимфоциттер мен антиденелерге негізделген иммунитет туралы айта отырып. – Ауыр сырқаттанатындар азайып келеді. Жағдай қайталанбайтын болар деген ойдамын».

Айта кетсек, Роберт Кох атындағы институт таратқан мәліметке сәйкес, 25 желтоқсандағы жағдай бойынша Германияда SARS-CoV-2 вирусы 37,21 млн адамнан расталған. Соның ішінде, 36,42 млн науқас жазылып шықты, ал 160 768 адам қайтыс болды. 24 желтоқсанға дейін Германияда COVID-19 вирусына қарсы 190,4 млн вакцина егілді. Ел тұрғындарының 76,3 пайызы толық екпе алса, 62,6 пайызына екпенің күшейткіш дозасы егілген.

Comments (0)
Add Comment