Бюджеттің тиімді игерілуі жүйелі жұмысқа жол ашады

Мемлекеттік бюджеттің тиімді игерілуі – елдің әлеуметтік- экономикалық дамуын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Қоғамның әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын қолдау тікелей қаржы ресурстарының қалай жоспарланып, қалай жұмсалатынына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, бюджет қаражатының мақсатты, ашық әрі нәтижелі жұмсалуы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын маңызды көрсеткішке айналып отыр.

Қазіргі таңда бюджеттік саясатқа қойылатын талаптар күрделене түсуде. Айталық, тек қаражат бөлу ғана емес, оның нақты нәтижеге бағытталуы, әрбір жұмсалған теңгенің қоғамдық пайда әкелуі басты назарға алынуда. Сондықтан қаладағы қазынаның тиімді игерілуі мәселесі қаржылық тәртіп пен жауапкершілік шеңберінен шығып, стратегиялық даму, басқару сапасы және қоғамдық бақылау сияқты кең ауқымды ұғымдармен тығыз байланыста қарастырылады.
Бұл бағытта Тараз қаласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, қала әкімдігі қаржы бөлімінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша шаһар бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы 99,5 пайызды құрады. Оның ішінде трансферттер – 100, өзіндік кірістер 99,3 пайызға игерілді. Сонымен қатар шаһар қазынасының шығыс бөлігінің игерілуі 98,6 пайызға жетті. Дегенмен, былтырғы жылы бірқатар себептерге байланысты құрылыс бөлімі бойынша – 1 579,5, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бойынша – 8,0, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бойынша – 3,3 және өзге де бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінен – 0,4 миллион теңгенің игерілмеуі қалыптасқан.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік бюджеттің тиімді игерілуі – тек қаржылық көрсеткіштермен өлшенбейтін, қаланың ұзақ мерзімді дамуына тікелей ықпал ететін маңызды үдеріс. Тараз қаласында бюджет кірісі мен шығысының жоғары деңгейде орындалуы жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысы мен қаржыны жоспарлау мәдениетінің қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен бірге жекелеген салалар бойынша қаражаттың толық игерілмеуі бюджеттік жоспарлау мен іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін аңғартады. Алдағы кезеңде бөлінген қаражаттың уақтылы әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, жобаларды іске асырудағы тәуекелдерді азайту және қоғамдық бақылауды күшейту арқылы бюджеттің әрбір теңгесі нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижеге бағытталуға тиіс. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып, тұрмысының түзелуіне зор септігін тигізетіні сөзсіз.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment