Бюджет жоспары бекітілді

Биыл елде коронавирус пандемиясы өршіп, салдарынан айтарлықтай келеңсіздік туындады. Соған қарамастан, қалалық әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстар аз емес. Бұл туралы алтыншы шақырылған Тараз қалалық мәслихатының алпыс алтыншы сессиясында кеңінен айтылды.

Сәндібек Піренов

Онлайн форматта өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Сессияда ең әуелі мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев сөз сөйлеп, облыс және қалаға еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады.

– Жыл өткен сайын республикалық бюджеттен қаланы дамытуға бөлінетін қаржы артып келеді. Сол үшін де жылдың әр тоқсанында өтетін мәслихаттың сессиясына депутаттар соңғы бес жылында осымен алпыс алтыншы рет шақыртылып отыр. Тәуелсіздік күніне орай бірқатар азаматтар Жамбыл облысының, облыстық мәслихаттың, қалалық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, сондай-ақ «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Бүгін сол азаматтарды шақырып отырмыз, – деді Батырбек Әбдірәсілұлы.

Сонымен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен Кенесалы Садыгулов, Айдар Әшімов, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен қалалық мәслихаттың депутаты Қайрат Жетібаев марапатталды. Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен қалалық мәслихаттың депутаттары Шамбылхан Үсенбаев, Марат Мырзахметов, Жанар Бүркітбаева, сондай-ақ қалалық мәслихаттың Құрмет грамотасымен қалалық деңгейдегі қоғамдық кеңестің мүшесі Өмен Байшығашев, «Жамбыл жарық сауда-2030» ЖШС бас директорының орынбасары Бахытхан Алимханов, Тараз қалалық электр жүйесінің басшысы Жанат Бұралқиев марапатталды.
Осыдан кейін сессия төрағасы Қайрат Жетібаев күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталып, баяндамашыларға кезекпен сөз беріп отырды. Алдымен қалалық әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрбол Әкек «2021-2023 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» баяндама жасады.

– 2021 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігі 62 271 277 мың теңгені құрайды. Субвенция көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 741 890,0 мың теңгеге немесе 2,6 %-ға ұлғайып, 29 336 623,0 мың теңгеге жоспарланады. 2021 жылы қалалық бюджеттің өзіндік кірістерін 19 611 390 мың теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отырмыз. Осы жылы бұл кіріс 17 627 214 мың теңге көлемінде бөлінген-тін. Бұдан басқа, жоғарғы бюджеттерден жалпы сомасы 13 323 263 мың теңге көлемінде трансферттер бөлінбек. Нәтижесінде бұл қаржы қаладағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, нақтырақ айтсақ, бірқатар көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын жандандыруға, инженерлік инфрақұрылымдарға, мектептерді жөндеуден өткізуге (құрылысын аяқтауға), әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалмақ, – деді Нұрбол Базарбайұлы.

Келер жылы қаланың шеткі аудандарындағы мәселелер де шетте қалмайды. Алқаптарды сумен қамтамасыз ету жұмыстары мен асфальт жол төсеуге де қаржы қарастырылған. Мәселен, қалаға қарасты 28 саяжай мен «Шөлдала», «Құмшағал», «Құмшағал станциясы», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Көлтоған», «Жиделі», «Тектұрмас» тұрғын алқаптарын және Қант зауыты ауданын сумен қамтамасыз ету жұмыстарының жобаларын әзірлеуге 8 450 мың теңге қарастырылған екен. Мәслихат депутаты Жанар Бүркітбаева алқап тұрғындарымен кездескенде, онда ауыз су мәселесі әлі күнге дейін шешілмегеніне куә болған. Ол өз сөзінде, ең алдымен, он жылдан бері жыр болып келген мәселені ретімен шешу керектігін түсіндірді. Осы ретте қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы жоба мамыр айына дейін дайын болса, республикалық бюджеттен қаржы қаралып, аталған аудандарда ауыз су мәселесі оңынан шешілетін күн алыс емес екенін айтты.

Қалалық бюджеттен қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына жалпы 1 027 091 мың теңге қарастырылыпты. Сессияда қала тазалығына, тал-дарақтарды күтіп ұстауға, арық желілерін тазалауға, күл-қоқыстарды шығаруға және қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шараларына бір миллиардтан астам қаржы бөлінгеніне таңдай қаққан депутаттар да болды. Бұл туралы мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев бөлінген қаржы басқа да ірі қалалармен салыстырғанда бірнеше есе аз екенін жеткізді. Сондай-ақ қазіргі уақытта Тараз қаласы елдегі ең таза қалалардың қатарында екенін айтып, есебі бар қаржы ретімен жұмсалатынын түсіндірді.

Осыдан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша «2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсанындағы №54-3 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде, сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған Тараз қаласын дамыту бағдарламасын бекіту туралы қалалық әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрбол Әкек баяндама жасады. Бұл мәселелер де депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Осыдан кейін «Тараз қаласы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2019 жылғы 15 ақпанындағы №42-8 шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешімді депутаттар қолдап, артынша қалалық мәслихаттың алпыс жетінші сессиясының төрағасын сайлады.

Comments (0)
Add Comment