Былдырлағанның бәрі балалық емес

Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Бірақ бүгінгі балалардың шешендігі тұрмақ, бал тілін қызықтаудың өзі көп ата-анаға арман болып тұр. Өйткені мектеп жасына жетсе де, әлі күнге былдырлап жүрген балдырған көп. Ендеше, бұл тығырықтан шығатын жол қайсы?

Құрбанәлі Шахабай

Елімізде балалардың 35 пайызға жуығы күніне екі және одан да көп сағат экранға телміреді екен. Мұндай қорытындыны Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жасаған.

«Қазақстандағы балалардың 33,9 пайызы күн сайын екі және одан да көп сағатын түрлі құрылғылар экранының алдында өткізеді. Бұл көрсеткіш қалаларда 37,2 пайызды, ал ауылдық жерлерде 30 пайызды құрап отыр. Осының салдарынан бала көп қимылдамай, көзінің көру қабілеті нашарлайды. Сондықтан балалардың теледидар, телефон, компьютер немесе планшеттен түрлі мультфильм көріп, осындай құрылғыларда ойын ойнауын шектеу керек. Біз көбіне үйдегі балалар телефонға телмірсе, көзін құртатын болды ғой деп алаңдаймыз. Алайда біз байқай бермейтін тағы бір зияны бар. Бұл – бала тілінің кеш дамуы, кей жағдайда мүлдем шықпауы», – делінген орталықтың дерегінде.

Логопед әрі психолог Дана Жұмаділова бала тілінің кеш шығуының негізгі үш себебі бар екенін айтады. Осы үш себеп те баланың ата-анасымен тікелей байланысты екен.

– Олар: физиологиялық, генетикалық және психологиялық себеп. Біріншіден, баланың ауыз қуысы, жақ сүйегі, тісі мен тілінде қандай да бір кемістік бар ма, жоқ па, соны анықтап алуымыз қажет. Мысалы, бала кішкентай кезінде құлап қалып, жақ сүйегі орнынан қозғалып кеткен болуы мүмкін. Екіншіден, баланың ата-анасының тілі кеш шыққан болса, бұл өз кезегінде перзентінде қайталанады. Яғни бұл – заңды құбылыс. Бірақ осы генетикалық себептің ДНҚ деңгейінде болатынына қарамастан, тұқым қуалайтын ауру мен кемістіктерді емдеп жазуға болады. Бұл үшін әдеттерді өзгерту жеткілікті. Ал ескі әдеттерді жаңасымен алмастыру үшін маман көмектеседі. Бала бір нәрседен қатты қорқып қалса немесе күнделікті тұрмыста ата-анасының жанжалдасатынын көріп өссе, мұның барлығы тілдің шығуына кері әсерін тигізеді. Ал осы психологиялық себептен арылу үшін мықты мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Бірақ тілдің шықпауына психологиялық себеп бар дегеннің өзінде логопед маманға қосымша қаралу артық етпейді. Себебі логопед емделу процесін жеделдетуге көмектеседі. Сондай-ақ үш жасқа дейінгі балалардың анасымен бірге жұмыс істейді. Себебі екі жасқа дейін бала уақытының 85 пайызын анасымен бірге өткізеді. Яғни баланың тілінің шықпауына әсер етіп отырған психологиялық себепті анықтауға анасы көмектеседі. Бұдан өзге, үш жасқа толған баланың тілі анық шықпаса, бірден дабыл қаққан жөн. Алайда кейбір ата-ана баласының тілі шықпағанына қарамастан, бірден логопед немесе психолог, психоаналитик мамандарға баруға асықпайды. Уақыт өте келе өзі сөйлейді деген үмітпен емді кейінге қалдырады. Соңынан бармақ тістеп жатады, – дейді маман.

Тәжірибелі маман Роза Қыдырбаева да бала дамуында ата-ананың рөлі маңызды екенін жеткізді.
– Ата-ана бала дамуындағы қарапайым ерекшеліктерді білгені жөн. Сонда ол өз сәбиіне қандай маманның көмегі керек екенін шамалай алады. Біз кез келген кемшілікті, ақауды, аурудың белгілерін неғұрлым ертерек анықтасақ, соғұрлым оны жою, жеңу жеңілге түседі. Сондықтан маман ретінде кеңес бергім келеді, мұны бала тәрбиелеп отырған ата-аналар жадына тоқып, тіпті көрнекі жерге шығарып іліп қойса да артық болмайды. Ата-ана баласына логопед көмегінің керегін білу үшін туғаннан үш жасқа дейінгі сәбиде дыбыстардың пайда болу реттілігін білуі керек. Осы реттілік бұзылғанын байқаса, логопед қызметіне жүгінгені жөн, – дейді Роза Алмабекқызы.
Сондай-ақ оның айтуынша, дені сау бала туғаннан бастап түрлі дыбыстарды шығарып, уақыт өткен сайын сонысы жетіле түсуі керек екен.

Логопедтің қызметі шарықтап тұр

Балалардың тіліндегі кемшілікті түзетумен логопедтердің айналысатыны белгілі. Алайда осы маманның қызметі барлық балаға қолжетімді ме? Біздіңше, жоқ. Себебі мұның бағасы тым шарықтап тұр. Бұған түрлі сайттардағы бағаларды саралап көргенде көз жеткіздік. Бір ғана Тараздың өзінде бағалар құбылмалы. Бір жерде логопед қызметін алудың құны бір балаға айына 70 мың теңгені құраса, енді бір жерде 25 мың болады екен. «Қандай айырмашылығы бар?» десек, күн сайын бір сағат, бірақ қашықтан қызмет ететін болып шықты. Бұл сомаға логомассаж үйрету; нейрожаттығулар (дистибуляр және проприоцепция), саусақ, тіл, тыныс, т.б. 30 шақты жаттығу-ойын, анаға психотерапия, нейрокоррекция жаттығулары, медицина мамандарына жолдау, дәрумендер ұсыну кіретін көрінеді. Содан соң қай-қайсысына хабарлассақ та, алдымен баланы көрсетіп, кеңес алуды ұсынады. Консультация да көбіне ақылы. Курс мерзімі де баланың тіл дамуындағы жағдайға байланысты болады екен.
Осылайша қызмет құнының қымбаттығы кесірінен көптеген ата-ана логопедтерге жүгіне алмай дал. Солардың қатарында Гүлжәмилә Серікбаева да бар.

– Қызым мектепте оқиды. Пандемия басталған кезде 1-сыныпқа барып, ең маңызды уақытта қашықтан оқып қалғандықтан, оған көп көңіл бөлдім. Ал 1 жасар ұлымды көбіне тек тыныштандырудың жолын іздедім. Сөйтіп, жылай қалса телефон ұстата салатынмын. Кейін өзіне планшет алып бердік. Мультфильм көріп, тыныш отырады. Соған өзім де қанағаттанатынмын. Қазір сол ұлым үш жастан асты. Әлі тілі толық шықпады. Сөздік қоры 1 жасар баланікіндей. «Әкел, бар, бер, ана, әке» дегенді ғана біледі. Содан таныс психологқа көрсетіп едім, ол ұлымды логопед-дефектологқа апаруға кеңес берді. Бірақ оған шынын айтуымыз керек, қалтамыз көтермей тұр, – дейді көпбалалы ана.

Қазақи ырымдардан қандай пайда бар?

Логопедия саласы халқымызбен бірге жасасып келе жатпағаны шындық. Бұрындары да қазақтың шаңырағында бірді-екілі осындай бүлдіршіндердің болғаны да ешкімге жасырын емес. Дегенмен ғылым дамымаған сол кезеңде жұртымыз мұның емін салт-санамызға негізделген ырымдардан тапқан. Зейнеткер Базаркүл Қалаубаева дәл сондай жайттардың біріне куә болыпты.

– Әпкемнің ұлы 4 жасқа келгенше былдырлап сөйлеп жүрді. Бірақ онысын «әлі кішкентай ғой», «еркелігі басымдау», «әкесі де солай кеш сөйлеген екен» деген сияқты сан түрлі сылтаулармен аса елемейтін. Содан бір күні әпкеміз жаздың күні балалар демалысқа шыққанда ауылға қыдырып келген болатын. Әжемнің сол кезде жиенге жасаған ырымын көрдім. Көрдім де таңғалдым. Әкем базардан сатып алып келген тоқтыны «жиендер ет жейді бүгін» деп әзілдеп, сол күні бауыздады. Әжем де, шүпірлеген балалар да барлығымыз қызық көріп, мал сойылып жатқан жерге барып, тамашалап отырдық. Бір кезде әжем сол жерде қойдың қып-қызыл өңешін алды да, алаңсыз отырған жиеннің мойнына орап, қылғындырып, ырымын жасады. Ойнап отырған бала кенеттен не болғанын түсінбей, шыңғырып жылап жіберді. Артынша «мама-а-а» деп еңіреді келіп. Мұндайды алғаш көрген біз де жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнелдік. Баласын жұбатып жатқан әпкеме: «Қорқатын ештеңе жоқ, ешкім де бұл ырымнан жүрегі жарылып өліп кетпейді. Бала қорқып, шыңғырып, қатты дыбыс шығарса жақсы болады. Сөйлеу жолдары осылай ашылады», – деп әжем жұбату айтып жатыр. Шынында да, содан кейін көп ұзаған жоқ, бала емін-еркін сөйлеп, бір жылдан кейін мектепке барып, тілі тас жаратындай болып тақылдап тұрды, – дейді Базаркүл Сайлаубекқызы өткенге көз жіберіп.

Осындай наным-сенімнен туған тағы бір ырым туралы белгілі ақын Әмірхан Балқыбектің «Баба-ырым» атты өлеңінде айтылады. Алғысөзін: «Бабалар ырымы бойынша тiлi шығуы кешеуiлдей бастаған сәбиге итаяқтан су iшкiзедi екен. Сондай жағдай менiң басымда да қайталаныпты», – деп бастаған ақын әрі қарай:

Итаяқтан суды да iшкем, сөкпегiн,
Айыптарға өзге күнәм көп менiң.
Ырзығымды табам қазiр еңбекпен,
Тiлдi бiрақ иемдендiм теп-тегiн, – деп толғайды.
Халқымызда «Бала тілі – бал» деген мәтел бар. Бірақ сол тіл шықса ғана тәтті болатындай. Қалай десек те, былдырлағанның бәрі еркелік еместігін де естен шығармаған абзал.

Comments (0)
Add Comment