«Буы бұрқырап жатыр»: Ақтөбеде мектеп оқушылары дезинфекция кезінде уланып қала жаздады

Ақтөбеде мектеп оқушылары шыбын-шіркейді улайтын дәріден уланып қала жаздады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz » ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Шыбын-шіркейге қарсы дезинфекция жүргізу барысында дезинфекция құралының улы түтіні жоғарғы қабатқа көтерілген.

Оқиға қалалық №9 мектеп-гимназиясында болған. 

Мектепте таралған түтіннен оқушылар қатты шошынған. Улы түтін, қолқаны қауып, жөтел қысқан соң  балалар дүргіліп, сыртқа жүгірген. Кезекші мұғалім Олег Светтің айтуынша,  жертөледе  дезинфекция жұмыстары жүргізілген, мамандар шыбын-шіркей, бүрге мен масаға қарсы у шашқан.

“Сыныптарды улаған жоқ, тек подвалды, содан аздап ауаға шыққан шығар. Сол кезде балалардың көбі кетті, 5-7 сынып оқушылары оқиды, негізі кетіп болды, болса 2-3 сынып болған шығар, нақтысын білмеймін”, – дейді кезекші мұғалім Олег Свет.

Дезинфекция жұмыстары не себепті сабақ біткеннен кейін жасалмағаны әлі белгісіз. Қалалық білім бөлімінің басшысы дезинфекция жүргізген жұмысшылардың сөзіне сүйеніп, шыбын-шіркей уы бала денсаулығына қауіпті емес деді. Дегенмен, гимназия директоры жауапқа тартылғанын айтты.

“Мектеп басшылығына сол оқу процесі кезінде осындай дезинфекция жұмыстарын жүргізгені үшін қатаң сөгіс жарияланды. Бірақ осы күнге ата-аналар, балалар тарапынан медициналық көмекке мұқтаж болғаны туралы бізге ақпарат келген жоқ”, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева.

Ал санитар дәрігерлер мектепте дезинфекциялық жұмыстар жүргізуге ұйғарым берілмегенін айтады. Мектеп басшылығы қай фирмамен келісімшартқа отыратынын өзі шешеді. Тек улау кезінде ғимарат ішінде ешкім болмауы тиіс.

“Өңделіп жатқан кезде іште адамдар, оқушылар, мұғалімдер болмауы керек. Ол мектеп келісімшартқа отырғаннан кейін, күнді белгілегеннен кейін оқушылар, мұғалімдер бәрі хабарлануы керек”, – дейді Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова.

Балалары үшін алаңдаған ата-аналар енді мектеп директорын жұмыстан қууды талап етіп отыр.

Comments (0)
Add Comment