Бурыл ауылына баратын жолға асфальт төселді

Экономиканың өзегі саналатын жолдардың жағдайы елімізде айрықша маңызға ие. Бұл мәселеге Тараз қаласында да баса мән берілуде. Осы бағытта қолға алынған ауқымды жұмыстар аз емес.

Жол құрылысы жұмыстарында тек қалаішілік қана емес, өңірлерді байланыстыратын тасжолдар да басты назарда. Мәселен, облыс орталығына жақын орналасқан Байзақ ауданының тұрғындары талай жылдан бері жол азабын тартып келген еді. Мұндағы халықтың көпшілігі Тараз қаласына қатынап жұмыс істейтіндіктен, осы мәселемен жергілікті атқарушы билікке сан мәрте жүгінген болатын. Енді міне, биыл соның орайы келіп, Мәмбет батыр көшесінің айналымынан Тараз қаласының шекарасына дейін (Бурыл ауылының бағыты) және Жамбыл даңғылынан шаһар шекарасына дейін (Апатаев көшесімен Сарыкемер бағыты) орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күні Бурыл ауылы бағытындағы жолға асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Ұзындығы 1 шақырым 800 метрді құрайтын жолдың құрылысын «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Техникалық қадағалаушы – «СК РИЗАЛИТ» ЖШС. Ал Сарыкемер ауылы бағытындағы құрылыста қазіргі таңда жол негіздемесі дайындалуда. Қазір құрылыс басында онға жуық техника мен жиырмаға жуық жұмысшы еңбек етуде. Сәтін салса, бірер күнде асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Дедек ТӨЛЕН

Comments (0)
Add Comment