Жол жағдайы – қай кезде де маңыздылығын жоғалтпай келе жатқан мәселенің бірі. Сондықтан да «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» дейміз. Расында, қаланың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көрінісі осы жолдың жайы екені жасырын емес.
Бұл бағытта Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен Тараз қаласында да ілкімді істер қолға алынған. Аймақ басшысы бұған дейін облыс орталығының жолдарының жай-күйімен танысып, қала басшылығына нақты міндеттер жүктеген болатын.
Айталық, биыл шаһарда 140 шақырымнан аса жол жөнделеді деп жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда, 67,8 шақырымды құрайтын 40 жобаны (оның ішінде 117 көше, бұрылыс, тұйық, өткел), одан бөлек, ұзындығы 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын және ұзындығы 73,8 шақырым болатын шағал жолды (оның ішінде 165 көше, бұрылыс, тұйық, өткелдер) жөндеу көзделуде. Бұдан бөлек, ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын 3 көше қайта жаңғыртылмақ. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемін де үш есеге дейін арттыру жоспарда бар. Әсіресе жол азабын талай жылдан бері тартып келе жатқан шет аумақтарға назар аударылуда.
Солардың бірі – «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің өткен жылы 16-сына жол салынған болатын. Енді аталған жұмыстар биыл да өз жалғасын табуда. Айталық, алқаптағы Сарыкемер және С.Смайылұлы көшелеріне жол негіздемелері төселді. Енді бірер күннен соң бұл маңға асфальт жабындысы салынады.
Құрылыстың мердігері – «Арайстроймаркет-2003» ЖШС.
Аман ЕСЕН