«Жол – экономика күретамыры» деп бекер айтылмаған. Өңірдің экономикалық әлеуеті жолдардың жағдайымен де өлшенетіні белгілі. Бүгінде қаланың қай түкпіріне барсаңыз да, жол құрылысын көзіңіз шалады. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың ерекше қарқын алып жатқанын аңғартса керек. Бүгінде облыс орталығында 1 445 көше болса, оның 902-сіне асфальт, 543-іне шағал тас төселген.
Әсіресе қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында көптен бері өзекті болып келген алқаптардағы жол жөндеу жұмыстарына айрықша назар аударылған.
Айталық, осы мақсатта «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабына асфальт жол төсеу» жобасы қолға алынып, «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-нің мердігерлігімен ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ тоқталсақ, жоба бойынша жалпы ұзындығы 33,2 километрді құрайтын 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу көзделуде.
Қазіргі таңда 42 көшеге жол жабындысы төселсе, 7 көшеде асфальттау жұмыстары толық аяқталды. Нысан 2025 жылға өтпелі. Ал өткен жылы алқаптағы 75 көшенің 13-і толығымен асфальтталған болатын.
Алина Адилова