Биыл Тараз қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Әсіресе, талай жылдан бері жол игілігін сезінбеген алқаптар айрықша назарда.
«Бурыл» алқабы тұрғындарының да көптен бергі тілегі жол құрылысы болатын. Өйткені, бұл алқапқа халық қоныстанғалы бері бірде-бір асфальт төселмеген. Енді, міне, көптің тілегі орындалып, алқапқа тақтайдай тегіс жол төселуде.
Жоба бойынша асфальт жол жабындысын төсеу жұмыстарында 33,7 шақырым, яғни «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабында 75 көше асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Биыл тұрғындар сұранысына орай, қоғамдық көлік жүретін негізгі 5 көшені асфальттау жоспарланған еді. Ауа райының қолайлығына байланысты 13 көшеге асфальт төселді. Құрылыс мердігері – «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қазір құрылыс басында жиырмаға жуық техника, қырықтан аса жұмысшы күн-түн демей жұмыс жасауда. Мердігер мекеменің сөзінше, ауа райы қолайлы болса, қалған көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жалғасады. Ал күн райы тиісті температурадан төмендейтін болса, жұмыстар тоқтатылады.
Дегенмен, келер жылы қалған көшелерге асфальт жабындысын төсеу көзделуде. Осылайша бурылдықтардың жол азабынан құтылар күні жақын.