ҰБТ-дан 120 балл жинап, грантсыз қалған: Білім министрлігі қателігі үшін кешірім сұрады

Шымкент қаласында грантқа құжат тапсырған түлек «техникалық қателік» салдарынан оқуға түсе алмай қалды. Ғылым және жоғары білім министрлігі оған қосымша грант бөлді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ресми мәліметке сәйкес, мектеп түлегі Тастан Жасмин Қуанышқызы мемлекеттік білім грантының конкурсына қатысу үшін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне құжат тапсырған. Қабылдау комиссиясының маманы ҰБТ сертификаттарын таңдау кезінде техникалық қателік жіберген. Соның салдарынан түлек грантқа түспей қалған. Оның ата-анасы оқу орнына және министрлікке арызданды.

«Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандары бүгін бұл мәселені назарға алып, шұғыл шешім қабылдады. Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен сөйлесіп, кеткен қателік үшін министр мен ведомство атынан кешірім сұрады. Тез арада техникалық қателік түзетіліп, талапкер Тастан Жасмин Қуанышқызы үшін Сүлеймен Демирел атындағы универиситетке грант бөлінді. Сондай-ақ оған жатақхана беріледі», – дейді баспасөз қызметінің мамандары.

Ал құжат қабылдау кезінде қателік жіберген М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының маманына сөгіс жарияланды.

“Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аппарат басшыларына және Жоғарғы оқу орындары ректорларына талапкерлердің құжаттарын қабылдау барысында мұқият болуды ескертті», – делінген ресми хабарламада.

 

Comments (0)
Add Comment