Боздағымды іздедім…

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осы бейбіт күнімізді баянды етсін! Ендігі тілегіміз – болашақ «Алтын ғасыр» маңдайға бұйырсын! Қазақ жерін Алла өзімізге еншілетсін!

Бүгінгі ұрпаққа жеңіс сыйлаған ардагерлеріміз жанұясының қасында, сыйлықтары төсінде, қолдау көріп, жерінің мөлдір суын ішіп, балын жалап, бақытты өмір сүріп жатыр. Тірісінде басымызды иеміз. Әруақтар да – мәңгілік ұмытылмас батырлар. 80 жыл аңсаған, қайтпай қалған бауырларымыз осы батырлардың катарында екені даусыз.
Тақта алдына гүл қою, бас июмен өткен 80 жылдық сағыныш алауы көзіңді шарпиды. Қан киесі ұлғаяды, сағыныш сарғаяды. Отан қорғауға 16 жасынын кетіп, қайтпай қалған Қалбай Бердібекұлы – нағашы апам Бүлбаланың жалғыз ұлы, анам Жаманкүл Бердібекқызының інісі – ұрпағы да жоқ, отауы да жоқ, үйленбей кеткен боздағымыз.
Әруақты аталардың ұрпағымыз. Нағашы ағам 16 жасында соғыста, өзгелермен бірдей алғы шепте жүрді. Қыршын жастың ерлігі тірілерден кем болмағаны анық. Жас боздақ мен үшін – батыр. Өкінішке қарай, шыбын жаны, қасық қаны төгілген бір атаның ұрпағының белгісі әлі күнге белгісіз. Бір білерім, «МАРС» іздеу жасағы оның әскер қатарына Талас ауданы, Сталин колхозынан алынғаны жайлы дерегін тауып берді.
Жастайымнан анам мен нағашы апамның көл болған көз жастарын көріп өстім. Әкей жастай қайтыс болған екен. «Көз жастарыңды кім көрер екен?» – деуші едім. Сол жалғызын күтумен қызы мен ағайынының үйінің ортасында етегі жасқа толып Бүлбала анамыз да кетті. Қызы, менің анам Жаманкүл, жалғыз інісін жоқтай, тым болмаса басына барып, Құран бағыштайтын орнын да таппай, іштей жанып, ол да Раббысына қайтты.
Бірі ботасын, бірі бауырын іздеп, аңсап, боздаған екі ананың көз жастары, зары әлі көз алдымда, құлағымда. Екі анам да шүйкедей қара қариялар тылда жылай жүріп арық қазып, егін еккен. Еңбектері ересен. Қыздың қызы болсам да маған тегін берген анашым менен үміт күткені даусыз. Бауырын табуды маған аманаттап кетті.
Айтып-айтпай не керек, ел көрген қиын-қыстау өмірді көріп, менің де жасым 70-тен асты. Мемлекеттік қызметте ұзақ уақыт адал еңбек еттім. Алты бала тәрбиелеп өсірдім. 10-15 немере, 7-8 шөбереге әжемін. Мен де мәңгілік емеспін! Арда қалған бауырым, нағашыма менен басқа жақын жоқ. Менен кейінгі ұрпақ оны іздемейтіні – анық. Отауы жоқ, ізі жоқ десем де, атын атап, Құран бағыштаймын.
Жеті қат жер, көк аспан әруақтар рухымен, жаратылыспен байланысты. Отауы да, ұрпағы да – қорғаған Отаны болған әруақтардың 80 жылдағы сыбағасы иілген мойынды үзетіндей ауыр. Жерінің бір уыс топырағы да бұйырмаған Қалқабай нағашымның 80 жылдағы сыбаға-нәсібі 80 есе көп. Ендігі кезекте оны қайтару – тірінің парызы, қарызы. Осындайда нағашымның бір бөлме үйі болса, Құран бағыштап, «Әумин» деп бет сипасам, әруақ риза болар ма еді?!
«Алтын ғасыр» тоғысында санамыз өсіп, жоқтың түгенделер уақыты да болды. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев мырзаға осы өтінішімді жолдаймын.

Әримаш БЕРДІБЕКОВА,
Тараз қаласының тұрғыны

Comments (0)
Add Comment