Боранбаев компаниясының директоры қамауға алынды

Алматыда сот олигарх Қайрат Боранбаевқа тиесілі «AlanParking» ЖШС директоры Мұхтар Базарбаевты қамауға алуға санкция берді.

Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«Тергеу сотының шешімімен сотқа дейінгі тергеу органының өтініші қанағаттандырылды. Екі ай мерзімге қамауға алуды санкциялау туралы шешім қабылданды» делінген хабарламада.

AlanParking – бұл түрмедегі олигарх Қайрат Боранбаевқа тиесілі RR2 ЖШС басқаратын ақылы автотұрақ операторы.

 

Еске сала кетейік, 15 наурызда Боранбаевты Алматыда қаржы мониторингі агенттігі орталық аппаратының қызметкерлері ұстаған. 16 наурызда Боранбаев Нұр-Сұлтанға жеткізілді. 17 наурызда белгілі заңгер, жер құқығы жөніндегі сарапшы Бақытжан Базарбек Алматының экс-әкімі мен «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Боранбаев Алматыдағы белгілі бір жерді сатып алу бойынша алаяқтық жасады деген күдігімен бөлісті. Сол күні Боранбаевтың ұсталғаны ресми түрде расталды.

Қайрат Боранбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы келіні Әлима Боранбаеваның әкесі.

Comments (0)
Add Comment