«Алматы полиция департаменті Құрманғалиеваға қатысты осыдан он жылдан астам уақыт бұрын басталған тергеуді қайта бастағаны белгілі болды. Оның үстінен бір бірімен байланысы жоқ үш адам арыз жазған: екі әйел және бір ер адам. Майраға бопсалау, адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру және басқа да қылмыстар бойынша айып тағылды, бірақ іскер әйелдің әкімшілік ресурсының кесірінен тергеу әрекеттері тоқтап қалған», – делінген ақпаратта. 2011 жылы құзырлы органдарға арызданған әйел Құрманғалиевамен 2007 жылы «Алматы ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамымен бірлесіп жұмыс істеген компанияға жұмысқа ауысқанда танысқанын айтады. «Келісімшарт зауыт бізге ғимарат беретіндей етіп жасалған, ал біз олардың дайындығына жауапты болдық. Бизнес өте сәтті болып, бір жылдың ішінде біршама табыс таптық. Жыл аяғында басшылықтан Марат деген адам келді. Ол құжаттарды тексерді де, кетіп қалды. Сосын мені Майраның үйіне шақырды, оның Алматының жоғарғы жағындағы Оңдасынов көшесінде зәулім үйі бар. Ол бірден айқайға басып, жалдау ақысын жымқырғанымды айтып, енді мен оған 500 мың доллар қарыз екенімді жеткізді. Мен жалға алушылардан ақша алған емеспін, бірақ Құрманғалиева мені тыңдамай, жертөлеге қамап қоюды бұйырды», – дейді әйел. Жәбірленушінің айтуынша, ол күні бойы жертөледе отырған, тіпті қашуға тырысқан. Соңында күйеуі екеуі 100 мың доллар төлеуге мәжбүр болған. «Бұл әйел мені бас бостандығымнан заңсыз айырды, ақша бопсалады, жалғыз баспанамнан айырды. Мен оның менің отбасымды қалай құрдымға кетіргенін айтпай-ақ қояйын. Және ол жасаған зұлымдығы үшін жазасын алуы тиіс!», – дейді жәбірленуші.