Жастарды үміттендіретіні – елдегі саяси реформалардың ең алдымен басқару жүйесіне өзгеріс әкелетіндігі болып отыр. Ал саяси жүйе өзгерсе, басқа салаларға серпін әкелері сөзсіз. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері, болашақ журналистер «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы,республикалық референдумды қолдау штабы мүшесі Берік Уәлимен кездесуде тек тыңдаушы ғана емес, белсенді азаматтық ұстанымы бар азамат екендіктерін көрсетті.
Кездесуде Дулати университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Гүлвира Мұсабекова еңбек нарығында журналистика саласына қажетті маман даярлауда өңірлік университеттің елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Осы оқу жылында көптеген талапкердің осы білім ордасын дәл осы мамандықтың қыр-сырын оқып үйрену үшін таңдағананына тоқталды.
«Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов бүгінгі кездесудің мәні мен маңызына тоқталып, 5 маусым күні өтетін референдумның ерекшелігін атап өтті.
Болашақ журналистердің «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәлидің әңгімесі ашық өрбіді. Спикердің елдегі жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мәні мен маңызын күнделікті тіршіліктегі жайттармен, өңірдің тыныс-тіршілігімен байланыстыра отырып айтқан әңгімесін ынтамен тыңдады.
– Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерде мемлекеттің басты капиталы – халқы және елдің, жердің иесі де сол халқы екенін айқындайтын басымдықтар бар. Жалпы Ата Заңдағы 98 баптың 33-і өзгерту ұсынылып отыр. Бұл елдегі саяси жүйені құқықтық тұрғыда бекітетін қадам, – дей келе Берік Уәли конституциялық реформалардың нақты қанда өзгерістер әкелетініне тоқталды. Сайлау жүйесінде пропорционалды, можаритарлы жүйенің қатар жүретінін, енді ел азаматтары Парламент Мәжілісіне, әр деңгейдегі мәслихаттарға сайлануы үшін өз бағдарламасын жасай отырып, өзін ұсына алатынын атап өтті.
Студенттердің Берік Уәлиге қояр сауалы да көп екен. Олар спикерден Президент қасында жұмыс істеудің қаншалықты қиын екенін сұрады. Референдум туралы қоғамдағы кереғар пікірлерге қалай жауап беру керегін білгісі келген жастар да болды.
Кездесуде Берік Уәли болашақ журналистерге кәсіби кеңес берді. Теориялық білімді практикамен ұштастырудың маңызды екенін айтты. Өңірдегі тәжірибелі тілшілермен кездесу өткізудің практикалық сабақтың рөлі зор екендігін әңгімеледі. Жалпы біздің қоғамда қаламгерлердің әлеуметтік мәртебесі қорғалмағанын айтып, бұл туралы Президент алдында көтергенін атап өтті. Журналистерді қолдауға бағытталған ұйым құрып жатқанын жеткізді.
– Журналистерді қолдау жөнінде ұйым құрып жатырмын. Бұл туралы осыған дейін айтқан жоқ едім. Бүгінде оның құжаттары әділет органдарында қаралып жатыр. Ұйым, әлде қор елдегі журналистердің құқықтарын қорғау, оларға әлеуметтік қолдау көрсетумен айналысатын болады, – деді ол.