Бизнестің берік қорғаны

Өңір экономикасының дамуында маңызды рөл атқаратын Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов мекеменің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, бизнес өкілдері алдында есеп берді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

300-ге жуық кәсіпкер қатысқан есепті кездесуде бизнестің түрлі салалары бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі баяндалып, былтырғы жеткен межелер мен алға қойылған жоспарлар талқыланды. Жиынды Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мұқаш Ескендіров жүргізді. Бизнес өкілдерімен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровпен қатар мемлекеттік құрылымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Ашық пікірлесу форматында өткен жиында палата директоры Олжас Есалханұлы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезіндегі олқылықтар, жер учаскелерін алу, салық салу мәселелеріне тоқталды.
– Шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау – Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы жұмысының негізгі бағыттарының бірі. 2019 жылы бизнестің құқығын қорғау бойынша палатаға 272 жазбаша және 400-ден астам ауызша өтініш келіп түсті. Біздің сарапшылар 27 сот талқылауына қатысты, оның ішінде 16 іс бойынша сот кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарды. Бизнесті қорғаудағы ең маңызды құралдардың бірі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес болып табылады. 2019 жылы кеңестің 9 отырысы өткізіліп, онда 12 проблемалық мәселе қаралды, оның алтауы оң шешілді, 6 сұрақ түрлі инстанцияларда қарастырылуда. Өтініштерге талдау жүргізетін болсақ, олардың көпшілігі жер қатынастары саласына қатысты. Осыған байланысты біз бизнес үшін жер учаскелерін алу кезінде кәсіпкерлерді сүйемелдеу жүргіземіз, – деп атап өтті палата директоры Олжас Қаржауов.
Бүгінде әлем сауда-саттықты электронды форматта жүргізу идеясын үлкен айналымға енгізіп, «Алибаба» сынды табысты компаниялар өз өнімдерін ғаламтор арқылы саудалап, мол табысқа кенеліп отыр. Осы сынды ұтымды тәжірибені өңірде іске асыру бағытында Жамбыл облысының компанияларына электрондық сауда алаңдарына шығаруға жәрдемдесу жұмыстары жүргізілуде. Дамыған мемлекеттердің барлығында бір бағытқа қойылған онлайн коммерцияның игілігін гаджеттер арқылы (смартфондар), «Facebook», «Instagram» және «WhatsApp» сияқты әлеуметтік желілер, «Lamoda», «Satu.kz» сияқты түрлі сайттар арқылы сату үшін өте ыңғайлы алаңдарда жүзеге асыру қолға алынған. Осы мақсатта палата «WhatsApp» мессенджерінде «Сауда» чатын құрған. Чатта 200-ден астам бизнес субъектілері бар. Палатаның күшімен чат арқылы 22,6 миллион теңге сомасына жергілікті өнімді өткізуге көмек көрсетілген.
Бұқараны қаржылық сауаттылыққа үйретіп, кәсіпкерліктің негізгі тетіктерін қолдану арқылы пайдалы іспен айналысуға баулу – өңірлік палатаның негізгі міндеттері. Бұл бағытта да аталмыш мекеме өткізген шаралар өз жемісін беріп жатыр. Мысалы, мемлекеттік бағдарламалар бойынша оқыту бойынша 2019 жылы 17 936 адам, оның ішінде «Бизнес кеңесші» – 2 147, «Бизнес–Өсу» – 223, «Іскерлік байланыстар» құралы бойынша – 30, «Бастау» жобасы аясында өткен жылы – 3800 адам, «Жас кәсіпкер» пилоттық жобасы бойынша – 1000 адам, қысқа мерзімді курстарда 3107 адам оқытылды, «Кәсіпкерлік негіздері» пәні бойынша 5919 студент оқытылды. Өңірдің барлық аудандарында лимон, анар, жүзім және бадам өсіру бойынша оқыту семинарлары өткізілді. Спикер ретінде отандық және шетелдік сарапшылар шақыртылып, жергілікті жердегі жас кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасқан.
Палата жанынан құрылған «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы да облыс кәсіпкерлерін қолдау бағытында жұмыс істейді. Ұйым 2019 жылы шамамен 117 жобаға 580 миллион теңге несие бөлген. Микроқаржы ұйымы агроөнеркәсіптік кешен проблемаларына да ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты «Атамекен Тараз» ұйымы мал және өсімдік шаруашылығы жобалары бойынша микрокредиттер беру кезінде кәсіпкерлердің өнімдерін одан әрі өткізу мониторингін жүргізеді. 2019 жылы сүт бағытындағы мал шаруашылығы саласындағы бірнеше ірі жобаларға несие берілді, мұндағы негізгі мақсат – олар шикізатты «Көкжиек-2030» зауыты сүт өнімдерін кең ассортиментте өңдеу және өндіру үшін өткізуі тиіс.
Палата директоры Олжас Қаржауовтың мәліметіне сүйенсек, өңір кәсіпкерлері «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануда. Өз сөзінде ол бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен төменгі пайыздық мөлшерлемемен қаржы бөлінгенін хабарлады.
– Қазір өңірлік жобалық кеңсенің жұмысында 102 жоба бар. Осы бағдарламаның арқасында облыста 66 компания 67 млрд теңгеге қаржылай қолдау алды. Сондай-ақ облыста ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру жалғасуда, ол үшін республикалық бюджеттен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен 7,2 миллиард теңге бөлінді. Палата жанынан құрылған «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы да облыс кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған. 2019 жылы шамамен 580 млн теңгеге 117 жоба несиелендірілді. Жалпы облыста 18 сүт өңдеу кәсіпорны бар, оның 15-і жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаты 98,1 мың тоннаны құрайды, осы кәсіпорындардың жұмыс істеу қуаттылығы 40%-дан аспайды, – деді Олжас Қаржауов.
Ет өңдеу және май өндіру салаларындағы жағдайда да осыған ұқсас. Бұл ретте палата 2020 жылға өңдеу саласының проблемалық мәселелеріне талдау жүргізу, қосымша жүк жөнелтуге көмек көрсету, дайын өнімді өткізуді ұйымдастыру, қаланың ірі сауда желілеріне және көршілес облыстарға өнімді жылжытуды жоспарлап отыр. Үй құс шаруашылығы өнімдеріне деген үлкен сұранысты ескере отырып, сондай-ақ осы саланы дамыту мақсатында «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымымен балапандарды, тауықтарды, үйректерді, бөгендер мен басқа да құстарды шығару және өсіру үшін инкубаторлар 6%-бен лизингке берілген. Палата директорының айтуынша, бұл мақсатты жүзеге асыруға бөлінетін бастапқы жарна 20 пайызды құрап отыр. Палатаның таңқурайды ерекше жақсы көретін жандар үшін тамаша жаңалығы бар. Жоғары маржиналдық дақылдар өндірісін қайта бағдарлау мақсатында 2019 жылы пилоттық жобалармен 83,8 гектар таңқурай өсірілген. Осы жылы жидек дақылдарының егіс алқабын ұлғайту үшін 300 гектар таңқурай егу жоспарланып отыр. Бұл жидек дақылдарының импортын ғана емес, оның нарықтағы өзіндік құнын да төмендетуге мүмкіндік береді дейді палата мамандары.
Өзара ашық диалог форматында өткен есепті кездесуге шалғай аудандардан келген түрлі кооператив мүшелері, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының қожайындары өздерін мазалаған сауалдарға бірден жауап алды. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Қордай ауданының тұрғыны Валерий Ромашенко өзі басқаратын «Интенсив-Білім» қосымша білім беру орталығында жыл сайын түрлі мамандарды оқытып шығаратынын айтады. Кәсіптік бағытта оқып шыққан мамандардың 80 пайызы бірден жұмысқа орналасып, еңбектерінің жемісін көріп жүр. Ал биылғы жылы оқыту талаптары өзгеріп, мамандар кәсіпкерлердің сұранысы бойынша ғана оқытылатын болған. Орталық директорының айтуынша, бұл өзгеріс оның жұмысына үлкен кедергі болып отыр. Сондай-ақ мұның негізгі себебін ол елдің түкпір-түкпіріндегі оқыту орталықтарының білім сапасының төмендігімен түсіндірді. Валерий Ромашенко кездесуде палата директоры Олжас Қаржауовқа оқытуды өңірлік ахуалға лайықтап жүргізуге арналған тың жобасының бар екенін хабарлады. Бұл ұсынысты қабыл алған палата басшысы кәсіпкермен жақын арада байланысқа шығатынын айтты. «Мейірім» медициналық орталығының басшысы Гүлдара Нұрымова Үкіметтің медициналық мекемелерге кез келген уақытта тексеріс жүргізіп, 600 мың теңгеге дейін айыппұл салуға рұқсат беретін қаулысына назар аударуды сұрады. Ал кәсіпкер Жанұзақ Бейсеуов болса, өзінің бизнес нысанының қызыл сызықта тұрғанын айтып шағымданды.
– Менің жеке меншігімдегі бизнес нысаны Ниетқалиев көшесінде орналасқан. Қала әкімшілігі бұл орынды «қызыл сызықта тұр» деп айыптап, мені бірнеше рет сотқа берді. Палата заңгерлері Ниетқалиев көшесінде қызыл сызықтың жоқтығын анықтаған болатын. Өздеріңіздің қолдауларыңызбен мәселе шешімін тапқан сияқты еді. Алайда жақын күндері тағы да сотқа шақыру алдым. Осы мәселеге байланысты қандай әрекет жасауыма болады? – деп сұрады кәсіпкер.
Олжас Қаржауов бұл жағдайға байланысты заң аясында жұмыс істеу керектігін айтып, кәсіпкердің құжаттарын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Равиль Төлебаевқа тапсырды. Жиынға Байзақ ауданынан келген «Агро Шоқай» шаруа қожалығының басшысы Сембек Пірімқұлов биыл еккен асқабақтарының өтпей қалғанын айтып шағымданды. Оған себеп, шаһарда көктем, күз айларында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтетін орынның орталық алаңнан Сәтбаев көшесіндегі коммуналды базарға ауысуы болып отыр.
– Биыл еккен дақылдарымыздың ысырап болғанына қарамастан, келесі жылы да егістікке дән себуді жоспарлап отырмын. Бізге өз өнімдерімізді сату үшін мөлтек аудандағы шағын базарлардан орын берулеріңізді сұраймыз. Сонымен қатар жыл сайын біз өнімдерді алыс-жақын өңірлерге тасымалдап сататынбыз. Биыл бұл үрдіс тоқтап қалды. Осы жағдайдан соң тірлігіміз тұралап тұр, – деді Сембек Пірімқұлов.
Олжас Қаржауов аталған жайт бойынша жағдайды реттеуді облыс әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашевқа табыстады. Ол өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін орталық алаңда өткізудің тиімсіздігін, жұма сайын орталықтағы көлік қозғалысын тежеу қолайсыздық тудыратынын жеткізді. Ал мөлтек аудандардағы базарлардан орын қарастыру бойынша басқарма тарапынан нақты шаралар жүргізілетінін айтты. Бұдан өзге жиын барысында бизнеске субсидия бөлу, шаһарды абаттандыру, кейбір өндіріс орындарының өнімдерін сауда нүктелеріне тарату жайы сөз болды.

Comments (0)
Add Comment