Бизнестегі бикештер тәжірибе алмасты

Елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 45 пайызын әйелдер басқарып отыр. Ал бұл салада 1 миллионнан астам іскер арулар өз ісін өрге домалатуда.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен өткен «WECON – Women Entrepreneurship Conference» аймақтық конференциясында бизнестегі бикештердің алатын орны жан-жақты айтылды. Шара барысында жергілікті іскер әйелдер аталмыш банк өкілдерінен кеңес алып, үлкен жетістікке жетудің тетіктерін қарастырды. WECON конференциясы – Қазақстандағы кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған іс-шаралардың инновациялық форматы. Қазіргі таңда шағын істен бастап үлкен корпорацияларды басқарып отырған қыз-келіншектер көп. Сол себепті барлығының басын бір жерге қосып, тәжірибе алмасу өте маңызды. Облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылған берері мол кездесудің де көксегені осы.

– Аталмыш конференция бизнестің ауқымын кеңейту үшін іскерлік машықты жетілдіруге және қаржылай қолдауға мұқтаж бизнеспен айналысып жүрген қыз-келіншектерге, атқарушы директорларға, екі жылдан бері өз ісін тұрақты дамытып жатқан шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған. Бизнес екі түрге, яғни ерлердің және әйелдердің бизнесі болып бөлінетінін ескерсек, бүгінгі күні іскер әйелдер қауымы экономиканың әр саласында лайықты қызмет етіп жүр. Статистикалық мәліметтер бойынша, әйелдер қолға алған бизнесте сол сала бойынша түсетін табыс көзі де көп. Әрине, оларға берілетін қолдау да бұл тұрғыда аз емес. Мәселен, Еуропа қайта құру және даму банкі «Бизнестегі арулар» бағдарламасын жүзеге асыруда. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен аталған банк арасында ынтымақтастық орнады. Осы бағдарлама шеңберінде Еуропа қайта құру және даму банкі шағын және орта бизнесті тізгіндеген іскер әйелдер үшін өткен жылы 41 миллион АҚШ доллары көлемінде несие қаражатын бөлсе, ал ел Үкіметі техникалық көмек көрсету компоненттерін қаржыландыру және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бойынша кеңес беру үшін 8,2 миллион долларға қаржыландырды, – деді банк өкілі Мұрат Нарқұлов.

Конференция қатысушылары «Бизнесті көп табыс көзіне айналдыратындай қалай дамыту қажет?», «Жетекші бизнес-кеңесшілерді және тәжірибелі тәлімгерлерді қайдан табуға болады?» деген сауалдар төңірегінде сұрақтарға жауап алды. Келелі кездесу аясында кәсіпкер әйелдер арасындағы отандық бизнес-индустрияның жағдайы, еліміздің түрлі өңірлеріндегі кәсіпкерліктің ерекшеліктері талқыланып, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған тәсілдерге шолу жасалды.

Comments (0)
Add Comment