«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.
Зере ҚҰРБАН
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында: «Еңбек нарығы тиімділігін қамтамасыз етудің, әрбір адамға өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасау маңызды. Экономикалық өсу резерві өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар болып табылатынын ескеру қажет», – деп атап өткен болатын. Жалпы бұл бағдарламаның екінші бағыты азаматтардың үлкен қызығушылығы мен жоғары сенімін тудырған болатын. Себебі онда бағдарламаға қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттары, сондай-ақ олардың бизнес жобаларын сүйемелдеу көрсетілген. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында кеңінен айтылды. Жиынға облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жанел Ілиясова, «Атамекен-Тараз» ЖШС микроқаржы ұйымының директоры Самат Қосалиев, «Казагрогарант» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Әділет Қалабаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ахмедияр Айтбаев және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалы несие бөлімінің басшысы Бауыржан Тәжібаев қатысты. Спикерлер Жамбыл облысында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Бағдарламаға сәйкес, өткен жылы облыста бағдарламаның екінші бағыты бойынша 1003 адам шағын несие алып, өзін-өзі жұмыспен қамтып, бөлінген 4 111,0 млн теңге несие қаражаты 100 пайызға игерілді. Ағымдағы жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша 4 111,0 млн теңге (РБ) бөлініп, 1020 адамға несие беру жоспарлануда, – деді облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов.
Бағдарламаға бөлінген шағын несие қаражаты қаржы институттарына толығымен беріліпті. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ына 2 млрд 466,6 млн теңге және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалына 1 644,4 млн теңге. Сонымен қатар ағымдағы жылы қосымша республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қарастырылып отыр екен. Сондай-ақ өткен жылы «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 1745 адам кәсіп ашудың қыр-сырын үйренсе, биылғы жылы 1200 адамды оқыту жоспарлануда екен. Брифинг барысында Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы мен облыстағы қаржы институттарының өкілдері «Еңбек» бағдарламасы аясында берілетін қаржы тетіктері мен шағын несие алуға қажетті құжаттар бойынша ақпарларымен бөлісті.