«Біздің жұмыс тек жолдама таратумен шектелмейді»

ҚР Үкіметінің Қаулысымен елімізде 10 қазан – Кәсіподақтар күні ретінде аталып өтіледі. Дегенмен мыңнан аса еңбеккердің құқығын қорғап жүрген бірегей ұйымның негізгі мақсат-міндеті жайлы көпшілік біле бермейді. Біз сала мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық мәдениет, спорт, туризм қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері Дүйсенәлі Бықыбаевпен ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігі, облысымыздағы мәдениет саласының дамуы төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Дүйсенәлі Дыбысалыұлы, сіздің есіміңіз көпшілікке өнер адамы ретінде кеңінен танымал. Бүгінде зейнет демалысына шығып, мемлекеттік қызметтен қол үзгелі шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр? Әуелі әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Мен 43 жыл өмірімді өнер мен мемлекеттік қызметке арнаған жанмын. Зейнет демалысына шыққан соң, облыс басшыларының қолдауымен салалық кәсіподақтың тізгінін ұстадым. Әрине, мемлекеттік қызметте жүргенде шығармашылыққа көбірек ден қоюға мүмкіндік болмады. Ал қазіргі таңда қолым аздап босағандықтан, шығармашылықпен айналысуға уақыт табылуда. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Сондықтан осы мерекеге орай «Тәуелсіз Қазақстан» атты ән жаздым. Оны «Серпер» тобының орындауында таяуда көпшілік назарына ұсынылады. Одан кейін Ғани Әлімбекқызының сөзіне жазылған «Ән-қарлығаш» әні дүниеге келді. Бұдан бөлек, келешекте авторлық әндерім мен күйлерімді бір жинақ етіп шығару ойымда бар. Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орай «Туған жерге тағзым» деген атпен Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында есептік концертімді өткізуді де жоспарлап отырмын.
– Қазір кей адамдарда «кәсіподақ – тек марапат үлестіріп, жолдама тарататын ұйым» деген түсінік қалыптасқан. Өзіңіз бүгінде осы саланы басқарып отырсыз. Жалпы бұл ұйымның алға қойған мақсат-міндеті, атқаратын миссиясы қандай?
– Иә, кәсіподаққа көп адам жолдама беретін мекеме ретінде ғана қарайтыны шындық. Алайда оның міндеті тек мұнымен шектелмейді. Кәсіподақ қоғамдық ұйым болғандықтан, ол қарапайым жұмысшылардың жанашыры десе де болады. Бұл ұйым ең әуелі еңбек адамының мүддесін қорғап, олардың құқықтарының сақталуын, заңға сәйкес талаптарының орындалуын, тиісті еңбекақымен қамтамасыз етілуін басты назарға алады. Ұйым жұмыс берушілермен келіссөз жүргізгенде, еңбек жалақысы, жұмыс уақытының мөлшері, жыл сайынғы еңбек демалысы, жұмыстан босатылуы, әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек шарттары сынды мәселелерге ерекше екпін түсіреді. Бұл еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіподақтың рөлі жоғары екендігін айғақтайды. Бұрын Кеңес өкіметі кезінде кәсіподақсыз ешбір түйткілдің түйіні шешілмейтін. Өкінішке қарай, қазір оның беделі төмендеп кеткені рас. Соның салдарынан жоғарыдағыдай қате түсінік қалыптасып отыр. Дегенмен оның имиджін көтеруді алға қойып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде бұл ұйым қайтадан жанданып келеді, болашағы да зор деп айта аламын. Осы орайда кәсіподақтар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы және халықаралық актілер мен келісімдерде бекітілген өзге де заң нормалары шеңберінде, өздері қабылдаған жарғыларға сәйкес, мемлекеттік органдар мен саяси, қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз жағдайда жүзеге асыратынын баса айта кеткім келеді.
– Өзіңіз осы ұйымды басқарған уақыттан бері қанша еңбеккердің мәселесі шешілді?
– Бұл уақыт аралығында айтарлықтай еңбек даулары бола қойған жоқ. Дегенмен жұмыс болғаннан кейін жұмыс беруші мен қызметкерлердің арасында түйткілдер болып тұрады. Бізде де сондай бірнеше жағдай кездесті, алайда оның барлығын заң шеңберінде дер кезінде шештік. Кей ұжымдарда еңбек шартында көзделген жеңілдіктерді қаражаттың жоқтығын пайдаланып, орындағысы келмейтіндер де ұшырасады. Бүгінгі таңда олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нүктесін қоюға әрекет жасап жатырмыз. Алдағы уақытта да қарапайым халықтың мүддесін қорғау біздің басты міндетіміз болғандықтан, осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз.
– Қазіргі таңда кәсіподақ тарапынан оның мүшелеріне қандай жағдай жасалуда?
– Кәсіподақтардың жұмысына Мемлекет басшысынан бастап жергілікті әкімдіктер де үнемі қолдау көрсетіп келеді. Соның арқасында ұйым еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуда. Мәселен, ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген жас мамандарға біржолғы көмек, жеңілдетілген несие, сондай-ақ коммуналдық пәтер беру мәселесі де жолға қойылып, шешімін табуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сан саланы қамтыған биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айтылған ең төменгі еңбекақыны 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін арттыру тапсырмасын ұйым мүшелері зор ықыласпен қабылдады. Бұдан бөлек, мәдениет, спорт қызметкерлерінің жалақысы 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға ұлғайтылып отыратындығы да көңілге зор қуаныш сыйлады.
Тағы бір айта кетерлігі, ұйым тарапынан 200-ге жуық көпбалалы және жас отбасыларға, жалғызбасты аналарға азық-түлік себеттері үлестірілді. Сонымен қатар ұйым мүшелерінің денсаулығын түзету мақсатында шипажайлармен келісімшарт жасалып, емделушілерді жүйелі түрде жіберіп тұрамыз. Бұған дейін 30-ға жуық адам емдеу-сауықтыру шараларының шарапатын көріп қайтты. Жаңарған Түркістан қаласына 135 кәсіподақ мүшесін аттандырдық. Сонымен қоса олардың жазғы демалыстарын тиімді пайдалану мақсатында Ыстықкөл мен Алакөлге жолдама берілді. Бұл –кәсіподақ мүшелеріне жасалып жатқан жағдайлардың бір көрінісі.
– Жуырда Кәсіподақтар күніне орай мерекелік іс-шара өтетінін құлағымыз шалды. Осы шара барысында сала ардагерлеріне, белсенді мүшелеріне қандай құрмет көрсетілмек?
– Бұл күні міндетті түрде кәсіподақ белсенділерінің еңбегі аталып өтіліп, оларға аз да болса қолдау білдіріп отырамыз. Биыл бағалы естелік сыйлықтарды тарту етсек деген ойымыз бар. Бұдан бөлек, нарық заманында кәсіподақтың маңызын арттырып, кәсіподақ жұмысын жан-жақты насихаттап, еңбекші қауымға кеңінен таныту, жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдарының жауапкершілігін арттырып, оның дамуы мен нығаюына жол ашу мақсатында «Кәсіподақ еңбек адамымен бірге!» атты облыстық байқау жариялаған болатынбыз. Аталған сайыс «Үздік очерк», «Үздік инсценировка» және «Жамбыл: кеше, бүгін», «Жаны саудың тәні сау» сынды 4 аталымнан тұрады. Сонымен қатар ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2021 жылды «Бастауыш кәсіподақ жылы» деп белгілеп, «30 Еңбек елшісі» және «Халық бюджеті» жобаларын жариялаған. «30 Еңбек елшісі» республикалық жобасына қатысуға ниет білдірген 196 үміткердің ішінен жерлесіміз Кирилл Бердецкий озып шығып, үздік отыздықтың қатарына енді. 4 және 7 қазан күндері кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылатын салтанатты жиындарда жоғарыда аталған байқауларда көзге түскен жастарымыз марапатталатын болады.
– Алдымызда Тараз қаласының туған күні келе жатыр. Тарих түкпірінен сыр шертетін көне шаһарымыз күннен-күнге құлпырып, жайнап келеді. Дегенмен Тараз қаласын жан-жақты дамытып, әлеуетін бұдан да арттыру үшін қандай шаралар атқарылғаны дұрыс?
– Иә, бүгінде облыс орталығы адам танымастай жаңаша кейіпке еніп, тұрғындары мен қонақтарының таңданысын тудыруда. Бірқатар саябақтар, тарихи орындар заманға сай жаңартылып, тотыдай түрленуде. Бірақ осы дүниелерді бүлдіріп, сындырып кететін жерлестерімізді көргенде қарным ашады. Қаланың жасарғаны тек басшыларға ғана қажет емес қой. Ол бәріміздің қуанышымыз емес пе?! Алайда мұны түсінетіндердің саны шамалы ғана болып тұрғаны мені қатты қынжылтады. Бұл – ең әуелі еткен еңбекті бағаламау деген сөз. Сондықтан алдымен санамызды түбегейлі өзгертіп, халық үшін жасалған дүниені көздің қарашығындай сақтай білсек, шаһарымыздың бұдан өркендеп, әлеуетінің биіктей түсеріне сенімім кәміл.
– Бүгінгі сұхбатымызды келе жатқан қос мерекеге орай айтар ізгі тілегіңізбен түйіндесек…
– Осы сәтті пайдаланып, әріптестерімді кәсіби мерекесімен, жерлестерімді Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Барлығының дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, халқымыздың әл-ауқаты арта берсін!

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай

Comments (0)
Add Comment