«Біздің міндетіміз – егемен елдің Жамбылын жаңа қырынан таныту»

«Біздің міндетіміз – егемен елдің  Жамбылын жаңа қырынан таныту»

«Дала демократиясы» саналған айтыс өнерінің ұлт руханиятында алар орны ерекше. Кешегі Сүйінбай мен Жамбылдар салған сара жолды бүгінде даңғыл жолға ұластырып, төл өнердің дамуына сүбелі үлес қосқан әулиеаталық от ауызды, орақ тілді ақындар жетерлік. Солардың ішінде бірнеше халықаралық және республикалық айтыстардың жүлдегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Жамбыл атындағы айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбековтің шоқтығы биік. Саналы ғұмырын ұлттық өнердің өркендеуіне арнап келе жатқан Ахметжан Орынбасарұлы күні кеше 50 жасқа толды. Осыған орай мерейтой иесін қуанышымен құттықтап, ақынның өмір жолы, руханияттың бүгіні мен келешегі төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Ахметжан Орынбасарұлы, ердің жасы – елу жасыңыз құтты болсын! Байқап көрсеңіз, бұл – адам баласы өзіне есеп беретін сәт. Әңгімеміздің әлқиссасын балалық шаққа саяхат жасаудан бастасақ… Бала Ахмет қандай болды? Туған топырақ, өскен ортаға тоқталсақ… Сондай-ақ 50 жылдық өміріңізде неден ұттым, неден ұтылдым деп ойлайсыз?
– Мен Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылында туып-өстім. Әкем автобазада инженер-жабдықтаушы, анам кеңшарда (совхоз) қызылшашы болып жұмыс істеген шаруа адамдар. Әкем түздің адамы болғандықтан, үйде көп бола бермейтін. Төрт баланың тәрбиесімен анам өзі айналысты. Ал әкемнің ағасы Мойынқұмда қарауыл, нағашы атам Жуалыда қой бағатын. Қаратабан балалығым сол кісілердің қолында өтті.
Мойынқұмда қой бағып жүргенде шыжыған күннің астында ұйықтап қалып, сытырлаған тұяқ дыбысынан оянып қарасам, қара жер көрінбейтін сан мың ақбөкен қасымызға таяп қалып, дүр етіп үркіп қашатын. Басындағы мүйізді текелері ә дегенде екі-үш метрге секіріп, одан бес-алты метрге қарғып, тұяқтары жерге бірер мәрте тигеннен кейін одан да биікке әрі алысқа орғып, әрі қарай басын төмен бұғып алған күйі адырнадан ытқыған жебедей ауаны жарып бара жататын. Артынан қалың нөпір жөңкігенде даланың апшысын қуырып жібереді. Жерден құмсағыз қазып алып шайнап, жыңғылдың гүлі мен құмның бүлдіргенін жейтінбіз. Кесіртке қуалау – кешке дейінгі ермегіміз. Қолымызда қару жоқ екенін сезе ме, әйтеуір сұр қояндар сәл қашқансып қасымызда жүретін. Ал нағашы атамның ауылы – Жуалы тіпті тамаша болатын. Тас жарып аққан тау суының жағасында жабайы алма өсетін. Оның дәмі қышқылтым, қабығы мақтадай, ерекше жұмсақ еді. Жуасының дәмі тіпті бөлек. Көктемде жайлауға көшіп барғанымызда жүк көлігі киіз, уық, керегелерді түсіріп бола сала әжем, татар қызы Мария, киіз үйді көтеруге кірісетін. Шаңырақты үстел, сандыққа тіреген ағашпен тұрғызып, уықтарды әп-сәтте шанши салатын. Сол екі арада жерошақ қазып, қазанды да қайнатып үлгеретін. Кеш қарая қойды айдап атам келеді. Сатырлап бұршақ аралас жаңбыр төгіп, кей кезде саймен сап-сары боп сең жүріп өтетін. Түнде біріміз көрпе, біріміз тон жамылып жата кеткенімізде тау жақтан ұлыған қасқырдың даусы естілетін. Неге екенін қайдам, нағашы атамның үйінен асыранды үкі үзілген емес. Не баптап аңға салмайды, не балапанын алмайды. Кәдімгі иттікі секілді үйшік жасап, соған аяғына қайыс байлап, оны майда шынжырға жалғап, қазыққа қағып қояды. Мен жарқабаққа өрмелеп, құстың ұяларына қол салып, қызылшақасы бар, қара қанаттары бар, қолыма ілінген балапандарды күні бойы үкіге тасимын. Соларды шиқылдатып жұтқанына мәзбін.
Бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін Тараз қаласындағы А.С.Макаренко атындағы мектеп-интернатында оқып, әрі қарай білімімді Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-интернатында жалғастырдым. Қазір интернатты ойласам, тәтті тамақ пен қатты таяқ жеген сәттерім көп есіме түседі.
Тауықтың жылы бауырында өскен балапандардан гөрі инкубатордағы тоқ қызуынан шыққан жетім балапандар анағұрлым «жөйт» келеді. Біз де дәл сондай едік. 18-20 бала бір бөлмеде жатамыз. Ішінде әжетхана мен жуынатын бөлмесі бар, ал жылы су атымен жоқ.
Таңғы жетіде, дауылпаздар дүңкілдеп соққанда, ұйқымыз қанбай, күңкілдеп оянамыз. Одан бәріміз таңғы жаттығуға сарбаздар құсап саппен шығамыз. Одан келе салып жастық-көрпемізді қырын пышақтай етіп жинаймыз да тамақ ішуге төменге түсеміз. Еден жуушы деген түсінік жоқ. Кезекпен әр күн сайын бөлмелерді, дәлізді жуып, төсек, терезенің шаңына дейін өзіміз сүртеміз. Тексерушілер келіп шаң немесе қырсыз жиналған төсек тапса, «өлдім» дей бер. Күніге кешке жиналыс. Жұматай деген ағайымыз үлкен сыныптағы баларды қатар қойып кезегімен ұрғанда шетінен құлап, сұлап жататын. Әрине, оларды көзіңмен көріп тұру өте қорқынышты болатын. Себебі олар кеткесін әлгі жоғарғы сыныптағылар бөлмеге келіп, «Сендер үшін таяқ жедік» деп бізді сабайтын. Олар кеткесін әлі жеткендер әлжуаздарды небір әдіспен жазалайтын.
Ол кезде әйел мұғалімдер қатал, еркек мұғалімдер шектен шыққан қатыгез болғандықтан, түрмедегідей темір тәртіппен жүретінбіз. Жатақхананың артындағы көкөніс сақтайтын жертөлеге аспаздар кіріп кеткенде есігі біршама уақытқа ашық қалатын. Олар төменде жүргенде кіре берістегі ағаш бөшкелерде тұздалған білектей дәу қиярларды қолымызды қолтыққа дейін сұғып, қойнымызға салып қоятынбыз. Жанында жиналып жатқан (кормовой) малға беретін дәу-дәу, ортасы қақ айырылған сәбіздерді де қойынға тығып, картоптарды да қалтамызға томпайтып салып шығамыз. Қыстың күні дірдектеп соны жейміз. Картоп та керекке жарайды. Оны отқа қақтап, аузымыз күйелеш боп оны да күйсеп тастаймыз.
Содан не керек, мұғалім бар, қарауыл бар, түнгі күтуші апайлары болсын, ерінбегендері түнде келіп ұрып кететін. Өзіміздің де оңатын қылығымыз жоқ. Бір күні түнде жарықты өшіріп, терезеден жол жағасында тұрған автобустың терезесін айырсадақпен (рогаткамен) атып сындырып, сол үшін интернаттан да қуылдық. Сөйтіп 7 сыныпты Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы интернатта оқуға мәжбүр болдым. Ол уақытта ауылдағы орта мектеп үшінші сыныпқа дейін ғана білім беретін.
«Тәшкен көрген бала» демекші, бұзықтықтың көкесін осында келгесін бастадым. Қалада еркін күреске қатысып, облыс, республика чемпионы болғандықтан, мұнда бетіме ешкім қарсы келе алмады. Сыныптың «бірінші атаманымын». Басқа мектептің ұлдарымен төбелесуге мұздай қаруланған балаларды өзім бастап баратынмын. Кәдімгі соғыстағы қолбасшыларға ұқсап бірінші болып жекпе-жекке мен шығамын да міндетті түрде қарсыласымның түтесін шығарып жеңемін. Артынан топтық төбелес басталады. Топтық төбелесте де біз жеңеміз. Олар жай мектепте, ал біз интернатта оқимыз. Кім қашса, жатақханаға келген соң қатты жазаланады. Одан оларды ешкім құтқарып ала алмайды. Жоғарыда қадағалап отыратын «старшактар» бар. Оларды алдап, сытылып кету мүмкін емес.
Әкем кітап пен газетті үзбей оқитын. «Қазақстан әйелдері» деген журналды анам да көз алмай парақтап отыратын. Әсіресе теледидардан айтыс болса, екеуі де тапжылмай көретін. Ол уақыт Әзімбек Жанқұлиевтің дүрілдеп жаңадан айтысып жүрген кездері болатын.
Бірде жазғы демалыста анаммен қызылшаға барғанда әйелдер кетпендерін бір-біріне сүйеп қойып, орамалдарын күнқағар етіп, термоспен әкелген сүт қатқан қою шайларын ішіп отырып, Әзімбектің «игәгәй»-лаған әуенін сала алмай әуре болып жатқанда мен айтып беріп, бәрін таңғалдырғаным бар. Себебін әлі түсінбеймін. Әйтеуір, Әзімбекті теледидардан көргенде денем құс еттеніп түршіккендей болып, бірде ысып, бірде тоңып, басым айналып, көзім қарауытып, бір ерекше ләззатқа толы күй кешетінмін.
Жазда анам екеуміз базарға шығып қауын сатамыз. Базар толы ұры-қары, бақсы-балгер. Бір сыған әйел топ адамға бал ашып тұр екен. Мен жай ғана қарап өтіп бара жатыр едім, қасындағы құжынаған адамдардың сұрағына жауап берместен маған қолын шошайтып: «Әй, бала, бері қара! Сен анау Әзімбек деген ақынды білесің бе? Кейін дәл сондай ақын боласың», – деді айқайлап. Содан бастап айтысқа деген ықыласым ауа берді. Кейін мектепті бітіріп, сол кездегі КазГУ-ге (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) талапкер болып құжаттарымды тапсырғанда Мұхамеджан Тазабековпен таныстым. Мұхаң ол кезде Алашқа танылып үлгерген ақын еді. Екеуіміз сол кездегі Үкімет үйіне бірге барып, ол ішке кіріп кетіп, мен сыртта қалатынмын. Ол оқуға қабылданып, мен өте алмай «құлап» ауылға қайтып, келер жылы Тараздағы педогикалық институттың «Филология» факультетіне оқуға түстім. Кейін 23 жасымда «Біржанның інілері – Сараның сіңілілері» атты республикалық айтыстың бас жүлдесін еншілеп, темір тұлпар тізгіндеп тұрғанымда Мұхамеджан: «Мырзатай Жолдасбеков ағаға амандасып шығайық», – деп кабинетіне алып келді. Алдында Фариза Оңғарсынова апамыз отыр екен. Ол кісі: «Ахметжан, сен былтыр Астанада айтысқаныңда «Неге көрінбей жүрсің дегенім есіңде ме?» деп бір жыл бұрынғы бір ауыз сөзін айтқанда таңқалдым. Бір уақытта Мұхаң: «Мырзатай аға, 4 жыл бұрын сіз менің оқуға түсуіме ықпал жасап едіңіз ғой. Сонда мен сізге келіп жүргенде бұл есік алдында тұратын», – деп еді, Мырзағаң: «Ой, Мұхамеджан-ай, сен де баласың ғой. Сол кезде «қасымда мына бала да бар десең, бір-ақ қоңыраумен бұл Ахметжанды да түсіре салатын қауқарым бар екенін білмедің-ау. Әйтпесе мен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары емес пе едім ол кезде?!» – дегені есімде сол қалпы сақталып тұр.
Шынымды айтсам, осы 50 жасқа келгенде «анадан ұтылыппын, мынаны ұтыппын» дейтіндей кеудемді күйдірген үлкен өкініштер жоқ. Бәріне ризамын. Тәңір берген тағдырыма тәубемен қараймын. Вахтанг Кикабидзенің классикалық әніндегідей:
«Пусть голова, моя седа.
Зимы мне нечего пугаться.
Не только грусть – мои года.
Мои года – моё богатство», – деп қабылдадым.
Марқасқа ақын Мұқағалидың өлеңіндегі:
«Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған,
Баяғы бала мінез бала тұлғам,
Дәл осылай 16 жасымда мен
Басымнан түн өткеріп, таң атырғам», – деген жолдарда да дәл айтылған. Бір түсінгенім адамның жаратылысы өзгере алмайды екен. Тек өмірге, оқиғаларға, адамдарға деген көзқарас, пайымың ғана өзгереді екен. Бұрын бейнекассеталарды кейін қарай айналдырып, ұзақ күтіп отырғанымда ортан белінен асқанда азайған жағы сықылдап тез ойланатыны болушы еді ғой. Дәл солай уақыт та тез өтетінін байқадым. Осы ойыма тұздық ретінде бір мысал келтірейін. Бір заттың кезегінде аяқ жағында тұрғанда ештеңе білінбейді. Ортасынан асқанда басында не дау-дамай болып жатқанын, сатушылар нені қалай сатып, алушылар қалай алып жатқанын көзбен көресің. Сол секілді көп дүниенің пердесі ашылып, анық байқалады. Басқалар қалай ойлайтынын білмеймін, өзіме әйтеуір бәрі өзіме дәл осылай көрінеді.
– Өзіңізді қалың жұртшылық айтыскер ақын ретінде жақсы таниды. Алайда кейінгі жылдары айтыстан қол үзіп, ұйымдастырушылық бағытқа бет бұрдыңыз. Алдыңғы жылдары әр ауданда айтыстар ұйымдастырылып, жамбылдықтар жырға бір сусындап қалушы еді. Бірақ бүгінде жыр сайыстары саябырсып қалғандай. Бұған не себеп? Жыр додаларын алдағы уақытта жандандыру ойда бар ма?
– Дұрыс айтасың, айтыс сахнасына шықпағаныма 15 жылдың жүзі болып қалыпты. Бойында ұйымдастырушылық қабілеті бар әр саланың ардагерлері жасы ұлғайғанда өзі жетік білетін шаруаның кем-кетігін түзеп, басы-қасында жүреді. Мысалы, үздік спортшы болған адам жаттықтырушы, кейін сол спорттың қазысы болып жатады. Алайда айтыс саябырсыған жоқ. Қайта бұрынғыдан да көп ұйымдастырылуда. Бірақ эфирлерде көп берілмеген соң өзгелерге солай сезіледі. Жылда Таразда «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым!» атты республикалық айтыс дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл да ақпан айының соңғы күндері жыр алыбының туған күніне орай осы жыр сайысын ұйымдастыру жоспарда бар.
– Кейінгі жылдары жазба поэзияда да олжа салып жүрсіз. Жалпы жаныңызға айтыскерлік пен жазба ақындықтың қайсысы жақын?
– Қазақ сатирасының өсіп-өркендеп, терең тамыр жаюына зор үлес қосқан ғалым-ұстаз Т.Қожакеевтің мынадай сөзі бар: «Анекдот пен сатираның бір-біріне ұқсайтын бір жағы бар және де ұқсамайтын да бір жағы бар. Ұқсайтын жағы – екеуі де елді күлдіруге бағытталған. Ұқсамайтын жағы – анекдот отбасы, ошақ қасында қалады да, сатира әлемдік деңгейге көтеріледі». Сол сияқты айтыс пен поэзияның да бір-біріне ұқсайтын және ұқсамайтын тұстары бар. Айтыс та, поэзия да елдің мұң-мұқтажын айтуға құрылған. Ұқсамайтын жағы – айтыс ұлт деңгейінде қалады да, поэзия әлемдік деңгейге шығады. Мен қазір әдебиеттің қай саласымен айналыссам да ел мені айтыскер деп қабылдайды. Оның үстіне халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағы Жамбыл облыстық филиалына жетекшілік етіп, Жамбыл атындағы айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығын басқарып отырғандықтан, екеуін бөліп-жара алмаймын.
– Қазіргі таңда еліміз бойынша бірегей орталықты басқарып отырсыз. Осы орталықтың тыныс-тіршілігіне тоқталып кетсеңіз… Бүгінге дейін бағындырған биігі, атқарылған жұмысы, алдағы жоспарлары қандай?
– Бұл орталықтың негізгі міндеті – айтыс пен жыршылық өнерін дамыту және Жамбыл ақынның шығармашылығын таныту. Тарихқа көз жіберсек, Кеңес Одағы орнағанда жыр алыбы – Жамбылдың жасы 70-тен асып кеткен болатын. Ол оған дейін танымал «Көрұғлы», «Сұраншы-Саурық» сияқты жырлары мен айтыстарын жасап қойған еді. Кеңес билігі өзіне керек коммунист Жамбылды қолдан жасады. Ал біздің ендігі міндетіміз – егемен елдің Жамбылын жаңа қырынан таныту. Оған еш жаңалық ашудың керегі жоқ. Бар болғаны Кеңес үкіметі құрылғанға дейінгі айтыстары мен жырларын жүйелеп, халыққа ұсынсақ жеткілікті.
– Кезінде Әулиеата төрінде Шорабек Айдаров, Мұхамеджан Тазабеков, Әзімбек Жанқұлиев және өзіңіз секілді айтыскер ақындардың қалың шоғыры қалыптасқан болатын. Алайда кейінгі кезде солардың ізін жалғап, дүбірлі додаларда жарқырап көрініп жүрген жамбылдық айтыскерлер азайғандай. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?
– Шорабек, Мұхамеджан, Айнұрлардың кезінен бері Әулиеата ақындары бір сәтке де төмендеген емес. Айталық, арғы жылы «Асыл домбыра» атты командалық айтыста жамбылдық ақындар бар облыстың шайырларын жеңіп, асыл тастармен әдіптеліп жасалған домбыраны, 9 миллион теңге қаржылай сыйлықты олжалап, сол домбыраны облыстық мұражайға әкеліп қойдық. Ал биылғы топтық айтыстарда М.Қонарбай Астана қаласының атынан бақ сынаса, С.Даярбек деген ақынымыз Алматының намысын қорғап жүр. Осылайша, біз басқа аймақтарға ақыннан «донор» болып отырмыз. Осының өзі Жамбыл айтысының қай деңгейде екенін көрсетсе керек.
– «Жамбыл облысында идеология мен мәдениет ақсап тұр дейтіндер» көп. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Аталған салаларға жаңа леп қосу үшін не істемек керек?
– «Жамбыл облысында идиология мен мәдениет ақсап тұр» дейтіндердің пікіріне келіспеймін. Көзді тарс жұмып алып «Не болып жатыр, көрсетші кәне?» дейтіндер көп.
Астана мен Алматыны қоспағанда, көп облыста біздің «Көне Тараз», «Баласағұн» «Тараз-Арена» секілді кешендер жоқтың қасы. Мысалға, бір ғана спортты алайықшы. Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаевтардан кейін бокстан тұңғыш әлем чемпионы Болат Жұмаділов, «Баркер» кубогінің иегері Бақтияр Артаев, кеше ғана Париж Олимпиадасында топ жарған Елдос Сметовтер – осы өлкенің түлектері. Сондай-ақ әдебиетте Несіпбек Дәутайұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы, Оралхан Дәуіт, Маралтай Райымбекұлы мен Ерлан Жүністердің орны бөлек.
Айтысты алар болсақ, биыл өткелі тұрған Жамбыл Жабаевқа арналған дәстүрлі айтыс 10 жылдан аса уақыт үздіксіз өтіп келеді. Жыл сайын барлық ақын осы жыр бәйгесін тағатсыздана күтеді. Осындай жүйелі жолға қойылған үлкен айтыс бізден басқа еш жерде ұйымдастырылып жатқан жоқ. Бұдан бөлек эстраданы алсаңыз, ол жақта да Мейрамбек Бесбаев секілді жамбылдық күміс көмей, жезтаңдай әншілер жетерлік. Сонымен қатар басқа салалар бойынша да Жамбыл облысы өзгелерден оқ бойы озық тұр. Тіпті, той мәдениеті, қонақ күту қызметі де бізде өте сапалы. Тәтті тағамдары, өзіне сай салт-дәстүрі өз алдына бір төбе.
Осы ретте бір дерек айтайын. 1921 жылы Қазақстанда Кеңес одағы орнап жатқан тұста Таразда 36 мешіт болыпты. Қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов жұртшылықпен жүздесулерін осы мешіттегі жұма намаздарда өткізген екен. Қазір де мешіт саны жағынан алдамыз. Басқа қалаларда 5-6 мешіт қана болса, бізде бір көшенің бойында 3-4 имандылық үйі бар. Айтыскерлер мен жыршы-термешілер орталығы да алғашқы болып Әулиеатада ашылды. Қазір басқа аймақтар бізден көріп, ашуға талпынып жатыр.
Тағы бір қоса кетері, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осы жылды «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасына арнап отыр. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өңірдің идеологиялық кеңесі құрылып, өз жұмысын бастады. Тереңінен зерделеп, түсінген адамға бұлардың барлығы аз шаруа емес.
– Өзіңіз атап өткендей, биыл «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алды. Жалпы, өзіңіз қандай кітап оқып жүрсіз? Көркем шығармаларды қаншалықты жиі қолға аласыз?
– Аталған жоба басталмай-ақ үзбей кітап оқу – бұрыннан келе жатқан дағдым. Жылда Нобель сыйлығын алған шығармалар мен мемлекеттік сыйлықты еншілеген ақын-жазушыларды оқып тұрамын. Басқасын айтпағанда, былтыр А.Дюманың «Королева Марго», «Графиня де Монсоро», «Три мушкетера» романдарын және Ә.Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін?!» сын кітабын және О.Памуктың «Музей невинности» романын, қазір Хон Гонның «Вегетарианкасын» оқып жатырмын. Жазу жағынан аздап ақсап тұрғаным болмаса, кітап оқу жағынан көш ілгерімін.
– Айтыскерлікпен қатар лирикалық жырларыңызбен көпшілік көңілінен шығып жүрдіңіз. Сонымен қатар әдебиеттің проза әлеміне беттедіңіз. Алдағы уақыттарда проза жанрында қандай тақырыптарға қалам тербеу ойыңызда бар?
– Асылық айтты демеңіздер, бірақ соңғы кезде мүлде өлең жаза алмай жүрмін. Әрине, қазір өлең жазып жүрген көп ақындардың кітабын оқып жүрмін ғой. Ондай өлеңдерден де мықты туындыларды суырып салып жаза салу маған еш қиындық тудырмайды. Мұндағы менің жаза алмай жүрмін дегенім – басқа өлшемдегі, тыңдаған адам жаттап алмаса да, түсінігін айтып бере алатындай ойлы жырлар.
Бүгінде «Мені жаз, мені жаз!» – деп кеудемде кеу-кеулеп тұрған дүниелер де өте көп. Оны «Былай жазып жатырмын» деп алдын ала айтып қойсам, мен үшін оның құны арзандап, қағазға түсірудің де еш керегі болмай қалатын сияқты. Сондықтан жарыққа шыққан соң барып оқып, танысқан дұрыс.
– Мерейтойыңызға орай туған өлкеңізде кездесу, шығармашылық кешін ұйымдастыру жоспарыңызда бар ма?
– Елу жылдық бәйтерек тамырымен нәр алған топырақпен қандай байланыста болса, мен де туып өскен топырағыммен сондай байланыстамын. Жыл аяғында шығармашылық кешімді өткізсем, сол уақытта кітабымды да шығарсам деген ниетпен жұмыс істеп жатырмын. Шүкір, жарты ғасыр бойы елдің алдында келе жатырмын. Замандастарым «Ал, Ахметжан, қане, нең бар оқитын?» деп сұраса, шынында немді ұсынамын деген ой мазалап жүр қазір. Алла амандығын берсе, сол күнге де жетерміз.
– Уақыт бөліп, пайымды пікір, орамды ойларыңызбен бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment