Біз экстремизмге қарсымыз!

Адам діни тұрғыдан адасса, көзқарасын түзетуге ұзақ уақыт кетеді. Ол уақыт ішінде талай жақыны, жанашырлары қасірет шегеді. Жастар жан-жақты білімге ұмтылып, діни тұрғыдан да сауатты болу үшін қандай шаралар атқарылуы керек? Жат ағымның жетегінде кеткен жастардың бүгінде саны қанша? Олар неге бұл жолды таңдады? Міне, осы сауалға облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Біз экстремизмге қарсымыз!» атты жастар форумында сала мамандары жауап іздеді.

Зере ҚУАНЫШ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын және Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны ілгерілету мақсатында өткен форумға прокуратура саласының және дін өкілдері, түрлі деңгейде еңбек етіп жүрген жастар қатысты. Басқосу Достық үйінде еркін форматта өтті.
Жиынды облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мөрбеков ашып, арнайы қонақтарды көпшілікке таныстырып, меймандарды ашық, еркін пікірлесуге шақырды. Әуелі Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай сөз алып, қаладағы имандылық ахуалы жайлы баяндады. Оның айтуынша, дәстүрлі емес дінді ұстанып жүрген 100-ден астам азаматтың көпшілігі дұрыс бағытты насихаттау жұмыстарының нәтижесінде райынан қайтса, шет мемлекетте діни білім алып жүрген 8 азамат та үнемі бақылауда тұрған көрінеді. Олар Египет, Арабия және бірқатар елдерде білім алуда. Мұнан соң Тараз қаласының прокуроры Елдос Әмірхан дәстүрлі емес дінді ұстанғандарға заң тарапынан қандай шаралар қолданылатынына, жастардың жалған діннің жетегінде кете бергені жөн емес екендігіне тоқталды.
Содан кейін жиында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған бейнеролик көрсетілді. Осы бейнеролик аясында жамбылдық 124 азаматтың шетелде білім алып келгені айтылып, оның 105-і түрлі жұмыс атқарып жүргені де баяндалды. Сонымен қатар жастарды ізгі жолға шақыратын көріністерімен ерекшеленді. Келесі сәтте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері, исламтанушы Бауыржан Әлиұлы қазақ жеріндегі ислам мәдениетінің даму тарихына тоқталып, жастарға өнегелі сөзін арнады. Ол теріс бағытта жүретін азаматтардың пайғамбар дәуірінде де болғанын, олар өзінің шала ісін дұрыс көргендер болатын деді. Сондай-ақ ол қазақ даласында руға бөліну болса да, діни алауыздық болмағанын, ол ата-бабаларымыздың дәстүрлі дінді берік ұстанғанының жемісі екенін айтты. Сөзінің соңында тұрғындардың мешіттен шошынуға болмайтынын, мешітке құлшылық жасауды жаңадан үйреніп барғандар пәтуаны жанындағы адамнан емес, тікелей бас имамнан немесе найб имамнан сұрауы керектігін ескертті.
«Жастар және ислам» тақырыбында ой қозғаған Алматы қалалық орталық мешітінің найб имамы, исламтану ғылымының магистрі Ермек Көкірекбаев жастарды қаптап кеткен уағызшыларды тыңдамауға, діни басқарманың рұқсаты қойылған кітаптарды ғана оқуға, муфтият пен орталық мешіттердің сайтынан ғана ақпарат алуға шақырды. Ұзақ сағат бойы ұялы телефонға үңіле бермей, жастардың пайдалы іспен шұғылданғанын жөн көретінін айтты. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан Аманбаев, Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Ғазиз Ахметов жастарды ізгі жолға шақыратын ойларын ортаға салды.
Форум соңында жастар тарапынан арнайы қонақтарға бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Ұйымдастырушылар тарапынан ең үздік сұрақ қойып, ұсыныс, пікір айтып, мәселе көтерген жастарға сыйлықтар берілді. Жиынды Бауыржан Мөрбеков қорытындылап, қонақтарға және жиналған жастарға алғысын білдірді.

Comments (0)
Add Comment