Біз біргеміз!

Тараздағы тәуелсіздік туындысының сәні мен сәулеті келіскен монументінің бірі – «Біз біргеміз» стеласы. Композицияның ортасындағы Жер шарын дәрігер, әскери, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен еріктілер секілді түрлі саланың иегерлері қол ұстасып қоршап тұруы монументтің атауын айшықтап тұр.

Аталған сала мамандары қиын жағдайда әрдайым бірінші болып көмекке келіп, кейде өзгені құтқару үшін өз өмірлерін де құрбандыққа тігіп жатады. Бұл ретте стела коронавирус індетімен күрескен және әлі күнге күресіп келе жатқан мамандық иелерінің құрметіне бой көтергенін баса айтып кеткен жөн.
Композицияның мүсіншісі – Темірхан Көлжігіт. Жер шарының артында тұрған биік стеланың дәл басында қарлығаштар қоршап тұрған шаңырақ орналасқан. Бұл құс қасиетті, бейбітшілік пен келісімнің белгісі болып саналады. Егер ол ұя салса, қазақтар оны жақсылыққа жорыған. Монумент биіктігі – 27 метр. Ол Жамбыл даңғылы бойы (Алматы қаласы бағыты), яғни №14 ықшам ауданның аймағында орналасқан.

Зере Қуаныш

Comments (0)
Add Comment