Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев бейсенбі күні Қордай ауылында жүріп жатқан құрылыс алаңдарын аралап, бүгінде қарқын алған жұмыстармен танысты. Аудан басшысы алдымен Қордай ауылы «Болашақ» ықшам ауданындағы мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында салынып жатқан 2 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысын барып көрді.
Бүгінгі аяқталуға аз қалған үйлер кезекте тұрған аз қамтылған, көп балалы отбасыларға берілмек. Мәден Тоқтарбайұлы жұмыс барысы жайында сұрастырып, бұл үйлер тек шын мұқтаж жандарға берілу қажеттігін баса айтты. Жалпы, құрылыс жайында аудан әкімінің орынбасары Елдос Мендекеев, аудан әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бақаев түсініктеме берді. Келесі кезекте аудан басшысы «Самал» ықшам ауданындағы «Асар» жобасы аясында салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысымен танысса, одан кейін Цемзауыт ықшам ауданындағы көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын көрді. Бүгінде қабырғалары көтеріліп, терезелері орнатылып, ішкі жұмыстары жүріп жатқан үйді мердігерлер қараша айында тапсырамыз деп отыр.
Аудан әкімі құрылысшылар мен жауапты мамандарға үйлерді өткізерде сапаға және қыс айларында жылы болуына аса мән беруге шақырып, бірқатар ескертулер жасады. Мәден Мұсаев осылармен қатар «Солтүстік» және «Шығыс» тұрғын үй массивтерін сумен қатамасыз ету үшін салынып жатқан су қабылдағыш стансасы жұмысын барып көрді. Қомақты қаржы бөлінген нысандағы жұмысты мердігер «Агроспецмонтаж» ЖШС жүргізіп отыр. Қыркүйек аяның соңына дейін жұмысты аяқтаймыз деген серіктестік өкілдеріне аудан басшысы бірқатар ұсыныстары мен ескертулерін айтты.
Келесі кезекте аудан басшысы «Батыс» ықшам ауданында салынып жатқан көп қабатты төрт тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мәселен, «Компания Сырым Блеке» ЖШС қолға алған бес қабатты, 60 пәтерлі үйдің құрылысы жаз айында басталған болатын. Бүгінде іргетасы бітіп, бірінші қабаттың кірпішін қалау жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы бұл үйлер де кезекте тұрған мұқтаж жандарға берілетін болады.