Биыл қанша мектеп ел игілігіне беріледі?

Ел Үкіметі тәуелсіздіктің 30 жылында білім саласына баса мән беріп келеді. Келешек ұрпақты сапалы білім, саналы тәрбиемен қамту жолында көптеген игі істер атқарылуда. Әсіресе заманауи, материалдық-техникалық базасы мығым білім ордалары бой көтергені – сол сөзіміздің дәлелі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында да білім ордаларының көптеп салынуына назар аударды. Былтыр 2025 жылға дейін 800 мектептің іргетасын қалауды тапсырған Президент биыл бұл межені 1000-ға жеткізу керектігін шегеледі.

Айталық, биылдың өзінде облысымызда 1 апатты, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі түбегейлі шешілмек. Сондай-ақ осы 16 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың 11-і бірінші қыркүйекке дейін аяқталған. Бұл көрсеткіш жыл сайын аймақта мектеп табалдырығын аттап жатқан бүлдіршіндердің өсуімен де байланысты. Мектеп құрылыстарының сапалы аяқталуын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тамыз кеңесінде қадап айтқан болатын.

– Құрылыс, білім басқармалары күрделі жөндеу жұмыстарына тартылған жұмысшылардың санын көбейтіп, 2 ауысымда жұмыс істеуді қарастырулары қажет. Аудандар мен Тараз қаласының жергілікті жердегі жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімділігін бақылауы тиіс, – деген аймақ басшысы құрылыс сапасы кезек күттірмейтін мәселе екенін жеткізген. Мемлекеттің жан-жақты қолдауының нәтижесінде балғындарымыз жарқыраған, еңселі оқу ордаларында білім алуда. Бұл да тәуелсіздігіміздің алтын жемісі.
Тараз қалалық білім бөлімінің мәліметінше, биылғы жаңа оқу жылында бір ғана Тараз қаласының өзінде №2, 16 және 22 сынды 3 мектепке жаңа ғимарат берілген. Ал «Шалғай Қарасу» иініндегі 600 орынды 1 білім ордасының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ №31 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары 51 пайызға орындалып, өндірістік кестеге сәйкес нысан 26 қыркүйекте есігін айқара ашпақ. Өткен оқу жылында үш ауысымды 4 мектеп, тіркеліп оның екеуі ағымдағы жылы шешімін табады.
Құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан білім ордаларының бірі – Бурыл (б) иінінде орналасқан 630 орынды орта мектеп. «Шырын – Береке» ЖШС-і мердігері болып табылатын мектептің құрылысына қазынадан 1,3 миллиард теңге бөлінген. Тапсырыс беруші облыс әкімдігі құрылыс басқармасының дерегінше, нысан 2022 жылға өтпелі. Сонымен қатар «Барысхан» алқабында да жаңа оқу ордасы бой көтермек. Бұл да 630 балаға шақталған. Құны 1 миллиард теңгені құрап отырған нысанның қазіргі таңда мердігері анықталу үстінде. Жалпы бұл алқаптың тұрғындары осында мектептің жоқтығына бірнеше жылдан бері шағымданып келеді. Амалсыздан балаларын «Қант зауыты» алқабындағы М.Мақатаев атындағы №14 мектепке немесе «Кірпіш зауыты» аумағындағы №60 білім беру мекемесіне тасымалдап жүрген ата-аналардың бұл уайымы сейілер күн де алыс емес.
– Бұрын екі балам жақын маңдағы білім ордаларына барып келіп оқитын. Жыл сайын мұнда қоныстанушылардың қатары артуда. Сондықтан осы алқапқа бір мектептің ауадай қажет екендігі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Осы бір базынамызға құлақ түріп, жаңа мектептің құрылысы басталуына ықпал еткен қала басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді алқап тұрғыны Динара Оразымбетова.

Осылайша қолға алынған мектеп құрылыстары дер кезінде әрі сапалы аяқталса шаһардың шырайын кіргізіп, айбынын асыра түспек. Бүлдіршіндердің даңғарадай заманауи оқу ордасында білім алып, ауласында асыр салатын күн де таяу. Бұл тұрғындардың да қуанышын еселейтіні сөзсіз.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment