Өткен жылы облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бағытындағы барлық көрсеткіштер мен индикаторлар толық орындалған. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты айтылды.
Басқосуда алдымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев мемлекеттік қызметтің жай-күйі жөнінде баяндама жасады. Ол жергілікті атқарушы органдардың кадрлық жағдайы, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген бақылау нәтижелері, әдеп жөніндегі кеңес жұмысының қорытындылары, көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша көрсеткіштер мен өзекті мәселелерді хабарлады.
Сондай-ақ, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Әлібеков кадрлық саясат туралы қысқаша тоқталып, Жамбыл облысында меритократия қағидатымен 160 мемлекеттік қызметшінің лауазымы жоғарылағанын атап өтті.
Аймақ басшысы мемлекеттік қызметшілер барлық жағынан басқаларға үлгі болып, тәртіп, заңнаманы сақтауға, өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы орындауға айрықша назар аудару керектігін баса айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов сөз алып, жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру саласында атқарылып жатқан шаралар мен алдағы жоспарларды тілге тиек етті. Оның айтуынша, ағымдағы жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 54 156 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады деп жоспарланған. Осы бағдарламаға 13,7 млрд. теңге қаралса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,3 млрд.теңгеге артқан.
Жыл басынан бері 5782 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жоспардың 10,7 пайызы орындалған.
– Облыстың өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес биыл 67 968 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Бүгінгі таңда қайтарымсыз гранттар да белсенді шаралардың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр. Ағымдағы жылы облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1054 адамға жалпы 1454,5 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр. Грант қаржысы облыстағы өзекті кәсіпкерлік бағыттары бойынша берілетін болады. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 347 адамға 1735,0 млн. теңге көлемінде шағын несие беру көзделуде,-деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі кейбір көрсеткіштері төмен аудандардың әкімдерінен жауаптар алып, индикатордың орындалуын, қаралған қаржының сапалы игерілуін қамтамасыз ету керектігін ескертті.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов жауаптыларға отбасылық цифрлық картаны әзірлеу шараларын 22 наурызға дейін аяқтауды тапсырып, оның әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңыздылығын атап өтті.
Жиын қорытындысымен басқарма мен аудан басшылықтарына нақты міндеттер жүктелді.