Биыл 118 көшеге асфальт төселуде

«Жол – экономика күретамары» деп бекер айтылмаған. Өңірдің экономикалық әлеуеті жолдардың жағдайымен де өлшенетіні белгілі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өтіп жатқан баспасөз конференциясының барысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардың жолдарын асфальттау жұмыстары жайында баяндады.

– Аталған мәселеге аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы да баса ден қойып отыр. Айталық, қалада 1 445 көше жолы болса, оның ішінде асфальті бар көшелер саны – 902, шағал тас төселген жолдар саны 543-ті құрайды. Былтыр 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселіп, Саңырық батыр мен Шостакович көшелері қайта жаңғыртылды. Осының нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61-ден 65 пайызға дейін артты. Ал биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көше және 18 шақырым жаяу жүргіншілер жолы орташа жөндеуден өтуде, – деді Б.Орынбеков.

Бұдан бөлек, «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол жөнделуде. Мұның нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65-тен 70 пайызға дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Comments (0)
Add Comment