Қазақстан тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет екенін төрткүл дүниеге әйгілі етті. Сондай-ақ көптеген дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу тәсілін ұсынып келеді. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың бір парасы – бітімгершілік миссиялары.
Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының басты бағыттарының бірі – бітімгершілік миссиясы. Іргелі ұйымның осы қызметі әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік күштеріне Орталық Азиядан әскер жіберетін бірден-бір мемлекет.
БҰҰ-ның әлемдегі алғашқы бітімгершілік миссиясы 1948 жылы мамырда «Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік шарттарының орындалуын бақылау органы» деген атпен құрылды. 29 мамыр күні БҰҰ-ның халықаралық бітімгершілік күні болып белгіленді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі бейбітшілікті сақтау бойынша алғашқы миссиясын 1948 жылы бекітті. Бұл күні бүкіл әлемде қызмет ететін бітімгерлердің жанқиярлығы мен оған құрмет көрсету шаралары өтеді.
Содан бері БҰҰ бітімгерлік қызметі қатты өзгерді десек болады. Бұрын жеңіл-желпі қаруланған бітімгер сарбаздар қарулы қақтығысты тоқтату сызығы бойымен елдер арасында жаяу патруль жүргізсе, қазір БҰҰ бітімгерлік операциялары күрделі сипатқа ие. Олар қақтығыстардан кейін әбден құлдыраған елдерді қалпына келтіруге бағытталған шараларды да қамтиды. Егемен мемлекеттер арасындағы атысты тоқтату сызығында жаяу патрульдеу кезінде жеңіл қаруланған бітімгерлердің уақыты әлдеқашан өтіп кеткен. БҰҰ-ның қазіргі бітімгершілік операциялары барған сайын күрделі және жан-жақты сипатқа ие, олар атысты тоқтату режимінің сақталуын тексерумен шектелмейді, бірақ іс жүзінде ондаған жылдар бойы жалғасқан қақтығыстардан кейін күйреу алдында тұрған елдерді қалпына келтіру міндеттерін шешеді.
БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік күшінің құрылғанына 75 жыл толуына орай (2023 жылғы 29 мамыр) Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде ҚР Қорғаныс министрлігі өкілдерінің, БҰҰ-ның біздің еліміздегі өкілдігінің және шетелдік дипломатиялық корпустың қатысуымен іс-шара өтті. Онда ұйымның миссиялары аясында отандық «көк дулығалардың» қызметіне жоғары баға берілді.
Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына 20 жылдан астам уақыт бойы қатысады. 2000 жылы «Қазақстан бітімгерлер батальоны» мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы Үкімет қаулысы қабылданып, еліміз алғашқы бітімгерлік миссияларға қатыса бастады. Сол жылы Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы бойынша бітімгерлік қызметін бастады.
2000 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның бітімгерлік батальоны құрылды. Сол 2000 жылдан бері қазақстандық бітімгерлер 8 бітімгершілік миссияға қатысты. Соңғы 20 жылда Қазақстан Республикасының 600-ден астам әскери қызметкері БҰҰ бітімгершілік миссияларының құрамында қызмет етті.
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары 1995 жылғы 15 желтоқсанда БҰҰ бітімгерлік әскері құрамына кіретін Орталық Азия батальонын құру туралы келісімге қол қойды. 1993 жылдан бастап қазақстандық әскери қызметшілер Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде тұрақтандыру операциясына қатысты (1992 жылғы 5 мамыр – 1997 жылғы 27 маусым аралығында Тәжікстанда азамат соғысы болды). Барлығы 1993 жылдың қыркүйегінен 2001 жылдың ақпанына дейін Тәжікстандағы жағдайды тұрақтандыру операциясына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 10 300 әскери қызметкері қатысты.
2003 жылы қарқынды дайындықтан өткен «Қазбаттың» әскери қызметшілері Ирактағы бітімгерлік миссиясына кірісті. Операцияға қатысқан бес жыл ішінде жеке құрам он мәрте ротацияланды. Миссияға барлығы 270-тен астам әскери қызметші қатысты. Иракта біздің елден барған мамандар 4,5 миллионның үстінде түрлі оқ-дәрілерді, оның ішінде миналарды, зымырандар мен снарядтарды жойды. Негізінен террористік шабуылдардан зардап шеккен жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетті. 6 700 текше метрден астам суды тазартты.
Кейін 2014 жылдан бастап Қазақстанның өкілдері Батыс Сахара мен Кот-д ‘ Ивуардағы миссияларда штабтық офицерлер мен әскери байқаушылар ретінде қызмет етті. 2018 жылы Қазақстан контингенті мен штабтық офицерлер мандаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің миссиясына (UNIFIL) жіберілді. Осы уақыт ішінде 6 ротация жүргізілді. Оған 500-ден астам әскери қызметші қатысты. Айта кету керек, Батыс Сахарада әлі күнге дейін біздің алты бітімгер қызмет атқарады, оның ішінде екі әйел әскери қызметші бар.
2018 жылдан бастап Қазақстан бітімгерлік әлеуетін іске асырудың жаңа мүмкіндігіне ие болды. Бұл жылы қазақстандық бітімгерлер Ливанға аттанды. Тарих беттерінде алғаш рет бүкіл бөлімше, бірінші бітімгершілік ротасы «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына қатысуға бағытталды. Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланғаны белгілі. Сол кезеңде еліміз бітімгершілік бағытта ауқымды жұмыс атқарды. Еліміздің бітімгершілік саладағы белсенді ұстанымы Қауіпсіздік Кеңесі және ондағы жұмыс органдары тарапынан жоғары бағаланды. Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығы біздің әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік дайындығын жоғары бағалап, БҰҰ миссияларындағы қазақстандық бітімгерлердің санын арттыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Көптеген қазақстандық офицерлер бітімгершілік қызметке қосқан жеке үлесі үшін медальдармен марапатталып, миссия қолбасшыларының атынан мақтау қағаздарға ие болды. Айта кетейік, бітімгерлерді даярлау Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының базасында жүзеге асырылады.
Жалпы, Ұлттық бітімгерлік контингентінің мамандарын оқытумен және даярлаумен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығы (KAZCENT) айналысады.
Бітімгершілік операциялар орталығы 2006 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шет тілдер институтында «Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу орталығы ретінде құрылған. 2010 жылы орталық Одақтастық Жоғары Трансформациялау Қолбасшылығының (SACT) штаб-пәтері болып танылды. Ал 2019 жылы UNSOC және UNPOC орталығының курстары БҰҰ-ның тиісті сертификатын алды.
Бітімгерлер кең ауқымды құзыретке ие. Орталықта олар әскери іс бойынша оқытылады, дайындық БҰҰ-ның көпұлтты миссияларындағы негізгі қарым-қатынас тілі ретінде ағылшын тілін қарқынды үйренуден басталады. Бітімгерлер әртүрлі тілдік бағыттарда оқытылады. 2023 жылы 200-ден астам әскери қызметші ағылшын, француз, түрік және қытай тілдерінде білім алды.
Мамандар «БҰҰ бітімгершілікке кіріспе», «Миссия алдындағы дайындық», «Бітімгершілік операциялардың құқықтық аспектілері», «Қарулы қақтығыстар құқығы», «БҰҰ штабының офицерлері» және «Азаматтық тұрғындарды жан-жақты қорғау» сияқты пәндер бойынша дайындалады.
Әскери қызметшілер бітімгершілік қызметті, миссия мандатымен анықталатын бітімгершінің мәртебесі мен міндеттерін, дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ миссияның түрлі компоненттерімен, жергілікті билік өкілдерімен, БАҚ-пен және қақтығысқа қатысатын қарама-қарсы тараптармен өзара әрекеттесуді реттейтін халықаралық заңнаманы зерттейді.
Бақылау жаттығулары барысында олар бітімгершілік міндеттер кешенін орындайды, оларды жүзеге асырудың әртүрлі әдістері мен тәсілдерін қолданады. Бұл ретте әскери қызметшілердің әртүрлі стандартты емес жағдайларда шебер әрекет ету, күрделі және күрт өзгеретін жағдайда жүктелген міндеттерді орындау қабілеттері тексеріледі.
Әскери бітімгерлер «Бітімгершілік қызмет туралы» Заңның 16-бабына сәйкес бітімгершілік операциясы кезінде үш еселенген жалақы алады. Қызметтің ұзақтығы мен миссия мерзімі жеке есептеледі.
Бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде, сондай-ақ бітімгершілік операциясы аймағына бару және кері қайту кезінде ұлттық контингент Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті есебінен азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі операцияларға қатысатын әскери қызметшілер үшін бітімгершілік операциясы аймағында болу мерзімі ұрыс қимылдарына қатысумен теңестіріледі.
Бітімгершілік операциядан оралғаннан кейін өзі қызмет ететін мемлекеттік органның қаражаты есебінен күнтізбелік 7 күннен кем емес, бірақ 21 күннен аспайтын мерзімге санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.
2024 жылғы қаңтарда Парламенттің қос палатасы Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын мақұлдады. Оған сәйкес, Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберіледі. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етті.
Бұл ретте БҰҰ Қазақстанға бітімгершілік миссияны өз бетінше өрістетуге және орындауға өзінің әскери техникасымен, қару-жарақпен және мүлкімен резерв ротасы ретінде «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді қадағалау жөніндегі күштері» миссиясына мандат берді.
Голан үстірті – стратегиялық әрі даулы аймақ. Негізінен таулы жерлер болып келеді. Ливан, Сирия, Иордания және Израильмен шектесіп жатыр. Қазіргі таңда Израиль бақылауында. 1981 жылы Израиль «Голан шыңдары туралы заңды» қабылдады. Осы заң бойынша Израиль бұл аймақтың үстінен біржақты суверенитет жариялады. Бірақ 1981 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі аннексияны жарамсыз деп таныды.
Араға бір жыл салып Қазақстанның ұлттық бітімгерлік контингенті Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінген аумақты бақылау күштері құрамында міндеттерді орындауға Сирия Араб Республикасынан оралды. Бұл миссия Қазақстан Республикасы бітімгерлерінің алғашқы дербес операциясы болды.
Өзара түсіністік туралы меморандумға және миссияның мандатына сәйкес, Қазақстан контингенті өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бітімгерлік күштердің әлеуетін арттырудың маңыздылығын айта келіп, БҰҰ-мен бітімгерлік саласындағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
«Фауар» базасындағы миссияны орындау кезінде бітімгерлік контингент 557 тапсырма орындады, оның ішінде Израиль мен Сирия арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің сақталуын қадағалау, жауапкершілік аймағындағы бітімгерлік базаларынан әскери персоналды эвакуациялау, бақылаудағы аумақты мобильді патрульдеу, жарылмаған оқ-дәрілерді жою мен басқа да жарылғыш заттардан тазарту, БҰҰ-ның персоналы мен жоғары лауазымды тұлғаларын жауапкершілік аймағында және БҰҰ-ның оның шектеулі аумақтарында алып жүру кірді.
Қазақстандық бітімгерлердің Сириядағы шиеленіскен жағдайда өздерінің алғашқы дербес миссиясын орындағаны ерекше маңызды. Жауапкершілік аймағында шиеленіс артқан кезде Қазақстан контингенті көтерілісшілердің оны басып алуына жол бермей, базаны берік ұстауда шешуші рөл атқарды.
Жедел әрекет ету тобы БҰҰ басшылығы мен қызметкерлерін Дамаскіден «Фауар» базасына үш рет эвакуациялап, персоналдың қауіпсіздігін және БҰҰ мүлкінің сақталуын қамтамасыз етті. Біріккен Ұлттар ұйымының басшылығы қазақстандық бітімгерлердің көрсеткен батылдығы мен табандылығын жоғары бағалады.
Бұл – Қазақстанның Голан үстіртінде жүргізген алғашқы дербес бітімгершілік миссиясы. Оның әскери құрамына 139 қызметші кірді. Рота құрамына мерзімді әскери қызметшілер кірмеді. Тек кәсіби әскерилер мен келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер, офицерлер барды. Олардың барлығы алдын ала дайындықтан өткен. Сонымен бірге БҰҰ бағдарламасы бойынша бір жыл оқытылған. Бітімгершілік миссиясын атқаратын ротаны БҰҰ-ның талаптарына сай, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Халықаралық комиссия дайындығымызды өте жоғары бағалады.
Бітімгершілік миссиясына жіберілетін рота құрамына – бітімгершілік, барлау, инженерлі-саперлік, техникалық және медициналық бөлімшелер кірген. Яғни біздің әскерилер ешқандай шиеленіске араласпай, ұрысқа қатыспаған.
Бұл шараға ел бюджетінен шамамен 8 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлінген. Оның өзінде бұл қаражат негізінен қару-жарақ пен керекті әскери техникалардың тасымалына жұмсалады. Ал әскерилерге жалақыны БҰҰ төлейді. Ұйым бекіткен жалақы мөлшерлемесі – 1 мың доллар. Сонымен қатар Қазақстан қорғаныс министрлігі миссияны БҰҰ-ның стандарттарына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жан-жақты қамтамасыз еткен. Контингентте жауынгерлік модульдермен жабдықталған брондалған дөңгелекті машиналар, сондай-ақ күнделікті тіршілікке қажетті жабдықтар бар. Оларды қамтамасыз етуге «КамАЗ»-дар, жол талғамайтын автомобильдер және инженерлік мүлік бар. Жаралыларды эвакуациялауға берілген машиналардың бәрі оттегі аппаратымен, дефибриллятормен, дәрі-дәрмектермен және басқа да медициналық жабдықтармен жабдықталған.
«Миссиядан өту кезінде бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілеріне ай сайынғы жалақысы үш есе көп төленеді. Бұдан өзге, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын 1 448 доллардан аса қаражат алады. Миссияда қызмет аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер шипажайларда емделе алады және негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады. Тұтастай алғанда, Қазақстанның Қарулы күштері бітімгерлік миссияларға әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде жекелеген әскери қызметшілерді де, сондай-ақ жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік сияқты неғұрлым талап етілетін мамандандырылған бөлімшелерді де жіберуге дайын», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Қорыта келгенде, он алты жыл ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысты. Осылайша өзгермелі жаһандық жағдай мен халықаралық тұрақсыздық пен мемлекетаралық жанжалдар көбейіп тұрған уақытта Қазақстанның бітімгерлік күштері БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларында айрықша рөл атқарып отыр. Алдағы уақытта осы адалдығынан танбай, халықаралық қауымдастықтың жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нақты түрде ықпалын тигізе беретініне сеніміміз мол.
Еркін САЙЫН