Ауылдардың ажары ашылса, ел-жұрттың  еңсесі көтеріледі

Жаңаарық ауылдық округі тағылымды тарихымен де, таңғажайып табиғатымен де, толайым табысқа толы тыныс-тіршілігімен де талайларды тәнті етіп келеді.
Жаңаарық ауылдық округінің аумағы 80990 гектар жерді құрайды.  Округке қарасты Ұ.Сыздықбаев және Ақтоғай ауылдарындағы 301 аулада  1668 адам тұрады.
Жаңаарық ауылдық округінің де даму әлеуеті ауыл шаруашылығымен біте қайнасып жатыр. Округте 47 шаруа қожалығы тіркелген болса, онда 104 адам еңбек етеді. Оның ішінде 16 шаруа қожалық  мал және егін шаруашылығымен, ал 31 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда ауылдық округте мүйізді ірі қара  1 742, қой-ешкі 27 178, жылқы 1 495, құс 2 293 басқа жетті. Оның ішінде былтыр  уақ малды асылдандыру бойынша 3 700 бас қойға субсидия алуға құжаттар өткізілген.
Ауылдық округте егістік жер көлемі 1 342,36 гектарды құрайды. Былтыр 1 337,42 гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. 2024 жылдың өніміне 567,95 гектар бидай мен арпа және 443,57 гектар жерге көпжылдық екпелер егілген. Тірліктің көзін тапқан тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың да мүмкіндігін тиімді пайдалануда. Мысалы, 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 131 ауыл тұрғыны 713,0 миллион   теңге несие алған болатын. 2023 жылдың  соңында қосымша құжат тапсырған 3 азамат былтыр  16,5 миллион  теңге несиеге қол жеткізді.
2024 жылы жалпы соммасы 33,11 миллион теңгеге 2 трактор және 6 басқа техникалар алынды.
Жұмыспен қамту шаралары бойынша 63 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қоғамдық жұмыспен 19 адам қамтылды. Жастар тәжірибесімен 3 адам еңбек жолын бастаса, «Алғашқы жұмыс орны жобасы бойынша  1 адамға жолдама берілді. Сонымен қатар  «Күміс жас» жобасының шарапатын  4 адам сезінді.  «Бизнес бастау» жобасымен 15 адам оқып сертификат алса, оның ішінде 1 адам 400 АЕК дейін қайтарымсыз қаржыға ие болды.
Округтің аумағында «ЕвроХим», «Қазфосфат» «QazaqSoda», «Шоқпар Жел электр станциясы» ЖШС сияқты  бірнеше ірі өндіріс орындары орналасқан.  Бұл компаниялардың да тұрғындардың жұмыспен қамтылуына ықпалын тигізіп отырғанын  атап өткен жөн.
Өндірісі өркендеп, ауыл шаруашылығы алға басқан аймақта құрылыс жұмыстары да қарқынды жүзеге асуда. Былтыр бюджет қаражаты есебінен Ақтоғай ауылына кітапхана және Ұ.Сыздықбаев ауылына жаңа ветеринарлық пункт ғимараты сатып алыныпты.
Ұ.Сыздықбаев, Ақтоғай ауылдарының кітапхана ғимараттары, Ұ.Сыздықбаев ауылындағы балалар өнер мектебі бөлімшесінің ғимараты ағымдағы жөндеуден өтті.
Сондай-ақ 2024 жылы аудандық электр жүйелері мекемесі тарапынан Ақтоғай ауылының электр бағаналары ауыстырылып, электр желілері жаңадан тартылды. 2023-2024 жылдары Ұ.Сыздықбаев және Ақтоғай ауылына газ тарту құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ұ.Сыздықбаев ауылынан ангар типтегі спорт кешенін салу үшін жобалық сметалық құжаттары жасалды.Мұның бәрі де қазына қаржысы есебінен атқарылып жатқан жұмыстар. Осы орайда тұрғындар да өз қаражаттары есебінен жаңа баспаналар салып, тұрмыстарын түзеуде. Бұл да жақсылықтың нышаны, өркендеудің белгісі.
Былтыр ауылдық округте 2 азамат тұрғын үй құрылысын аяқтап, қоныстанды. Қазіргі таңда округте тұрғындар тарапынан 9 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүруде. 2024 жылда 9 азаматқа жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілсе, 6 азаматқа бау-бақша өсіруге, 1 азаматқа жер учаскесін кеңейтуге  және 11 азаматқа жаңадан жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері ұсынылды.
Ауылдық округ ішінде 10 көше болса, оның барлығының негізгі бөліктеріне асфальт жабындысы төселген. Дегенмен бірнеше көше бөліктері жөндеуден өткізуді қажет етуде. Осыған байланысты, Ақтоғай ауылындағы Шоқай датқа, Ә.Ыбыраев көшелерін орта жөндеу және Шоқай датқа көшесінің тау бөктеріндегі бөлігіне шағыл тас төсеуге, Ұ.Сыздықбаев ауылындағы Ә.Қосыбайұлы, Р.Қабылұлы көше-лерін орта жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттары жасалынып, 2025 жылғы бюджетке өтінімдер берілді.
Көшелерді жарықтандыру толық жүргізілген. Облыстық мәндегі жолдарға, ауыл ішіндегі көшелерге 6 дана бақылау камералары орнатылған.
Екі ауылда да ауыз су тәулік бойы беріледі. Ұялы байланыспен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар,  Жаңатас–Ұ.Сыздықбаев-Ақтоғай бағытына күніне екі көлік тасымалы шығады.
«Жомарт түлек» жобасының аясында мектеп түлектерінің демеушілігімен екі елді мекеннің атауы жазылған стелла орнатылды.
Ақтоғай ауылының тұрғыны Ж.Айтбековтың демеушілігімен Ақтоғай ауылына стритворкаут және балалар ойын алаңын орнатылды. 2025 жылы Ә.Ыбыраев көшесіне балалар ойын алаңын орнатуды жоспарлауда.
Ауыл тұрғындарының өтінішімен «Асар» жобасымен аз қамтылған отбасының тұрғын үйінің шатырын жауып беру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ауыл азаматтарының бастамасымен Ақтоғай ауылы мешітінің жанынан ас беретін нысан құрылысы салынуда. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ауылдық округте адами капиталды дамыту мәселесіне де айрықша назар аударылып келеді. Бүгінде аймақта 2 клуб үйі,   2 кітапхана, 1 стадион, 2 шағын футбол алаңы және денсаулық саласында 2 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетеді. Екі мектеп және бір мектепке дейінгі білім беретін ұйым мен шағын орталық жұмыс істейді. Барлығы талапқа сай жабдықталған.
Округте қосымша білім беру, спорттық және мәдени үйірмелермен 174 бала қамтылған. Оның ішінде спорт мектебіне, атап айтқанда  Ұ.Сыздықбаев ауылындағы  грек-рим күресі және Ақтоғай ауылындағы бокс үйірмесіне 51 бала тіркелген.
Өнер мектебінің бөлімшесімен 100 бала қамтылды. Жас жеткіншектер  домбыра және бейнелеу өнері үйірмелерінің жұмысына белсене қатысып жүр.
Сондай-ақ, клуб үйлерінің үйірмелеріне 22 бала жазылған. Мысалы,  Ұ.Сыздықбаев ауылдық клуб үйінде ән үйірмесі жұмыс істесе, Ақтоғай ауылдық клуб үйінде би үйірмесі қызмет көрсетуде. Бұл егемен еліміздің ертеңі саналатын -өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беруге бағытталғанын айта кету керек.
Міне, Жаңаарық ауылдық округі осылайша күннен-күнге көркейіп, көптің қызығушылығын тудырып отыр. Көшелер көріктенсе, ауылдардың ажары ашылады.

Comments (0)
Add Comment