Бірыңғай байланыс орталығы

Естеріңізде болса, газетіміздің алдыңғы санында «Jardem – 109» орталығының халыққа көмек көрсетуді бастағанын жариялаған болатынбыз. Араға екі ай салып аталмыш орталыққа толықтырулар енгізіліп, халыққа көмек көрсетудің жаңа бағыттары нақтыланды. Осыған орай Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календаров еліміздің барлық аймақтарында ашылып жатқан орталықтың өңірдегі жұмысымен танысты.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Бірыңғай байланыс орталығы құрылған сәттен бастап тұрғындар тарапынан 5 142 өтініш қабылданса, оның 4 340-ы шешімін тапқан. Қалған өтініштер қарастырылып, жауапты мекеме тарапынан жұмыстар атқарылуда. Осыдан кейін-ақ халықтың басым бөлігі пәтерді жылумен жабдықтау, ауыз су, жол мен көшені жарықтандыру мәселелерімен жүгінетіні белгілі болды.

– «iKOMEK109» бірыңғай байланыс орталығын құру барысында еліміздің басқа қалаларында жүзеге асып жатқан қаланы дамытудағы негізгі көрсеткіштерді бақылаудың автоматтандырылған сараптамалық жүйесіне айналатын Ахуалдық орталық ашуды жоспарладық. Бұл жүйе арқылы қалаға қатысты мәліметтерді монитордың алдында отырып-ақ алуға мүмкіндік аласыз. Бірақ бұл сайт арнайы әкімдіктерге ғана тиесілі. Себебі ол жақта қала тіршілігі туралы барлық мәліметтер мен оларға жүргізілген статистикалар да бар. Тіпті ауруханаларда қанша адам ем алып жатыр, олардың басым бөлігі қандай сырқатпен ауырады, сондай-ақ қала ішіндегі ауаның құрамын да компьютерде отырып-ақ бақылауға болады. Алдағы уақытта осы бастаманың ауқымын облыс көлемінде кеңейтіп, әкімдердің аймақты жіті бақылауда ұстауына мүмкіндік тудырамыз. Сондай-ақ жүйеде қаладағы қоғамдық көліктегі жүргіншілер ағынының күнделікті көлемі, мектептер мен балабақшалар жайлы мәліметтер жинақталған. Қылмыстық және төтенше жағдайларға талдау жасалып, бюджеттің атқарылуы мониторингіленеді,– деді «Тараз қаласының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі» КММ-нің директоры Александр Необъявляющий.

–Алдағы уақытта әкімдерге арналған Ахуалдық орталық жобасының заңға қайшы келмейтін бөліктерін тұрғындарға да қолжетімді ету керек,–деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календаров

«Jardem – 109» бірыңғай байланыс оратылғының көздеген міндеті – тұрғындардың сұрақтарын қашықтықтан жедел түрде шешу. Осылайша халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімі арта түспек.

Comments (0)
Add Comment