БІРТҰТАС ЖҮЙЕГЕ БІРІГУДІҢ КЕПІЛІ

Биыл Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай қоғам мен мемлекет арасындағы стратегиялық диалог алаңы ретінде ерекшеленді. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде  жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті индустрияны дамытуға зор үлес қосуда деп атап көрсетті.

Білім саласындағы бастамалар Ұлттық құрылтайдың жалпы мақсаттарына сай әділетті қоғам құру, ұлттық бірегейлікті сақтау, азаматтық жауапкершілікті қалыптастырумен үйлесімді болмақ. Еліміздегі білім реформасы мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келетін негізгі құрал болып отыр. Бұл білім беру мен әлеуметтік-экономикалық даму арасындағы өзара байланыстың практикалық көрінісі.

Білім беру және оның сапасы жиынның басты тақырыптарының бірі ретінде қарастырылып, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға басымдық берілетіндігі атап  көрсетілді. Мемлекет басшысы атап өткендей, білім беру жүйесі тек академиялық дайындықты қамтамасыз ететін құрал ғана емес, сонымен қатар аналитикалық ойлау, сыни тұрғыда шешім қабылдау қабілеттерін қалыптастыратын ортаға айналуға тиіс.   Бұл тұрғыда құрылтай барысында көтерілген ұсыныстар білім саласын стратегиялық даму құралы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Білім жүйесін модернизациялаудың стратегиялық мақсаты – академиялық білім мен практикалық дағдыларды біртұтас жүйеге біріктіру арқылы студенттердің интеллектуалдық әлеуетін дамыту болғандықтан, бұл бағыт білім беру сапасын арттыруда және еліміздің әлемдік білім кеңістігіне интеграциялануына ықпал етері сөзсіз.

Қазіргі заман талабына сай мамандарды даярлау үшін студенттердің теориялық білімін нақты зерттеу жобалары, өндірістік тәжірибе және кәсіби дайындық арқылы бекіту қажет. Бұл өз кезегінде білім мен тәжірибені үйлестіруге,  сондай-ақ олардың ғылыми жобаларға белсенді қатысуына мүмкіндік берері сөзсіз. Осы орайда, университет пен өндіріс арасындағы интеграцияны қалыптастыру үшін оқу бағдарламалары еңбек нарығының нақты талаптарына сәйкес құрылса, академиялық орталықтар мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы тығыз байланыс студенттердің кәсіби дағдыларын арттырумен қатар, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қатысуына мүмкіндік беріп, оларды ғылыми жобаларға тарту, зерттеу әдістемелерін енгізу және оқу процесіне ғылыми нәтижелерді интеграциялау білім сапасын жүйелі түрде көтеруге бағытталған нәтиже болары хақ.

Құрылтайда жастардың күш-қуаты мен ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез-келген салаға зор серпін беретіндігіне сенім білдіре отырып, өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсету, олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасау қажеттілігіне ерекше көңіл бөлді. Сондықтан да қазіргі таңда  Дулати атындағы Тараз университеті тек білім беруші мекеме ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастыратын және ғылыми сараптама жүргізетін орталыққа айналып отыр. Бұл университеттің стратегиялық миссиясын айқындайтын маңызды фактор болмақ.

 

                                                                                                      Айсұлу Тұрарова,

                                                                      М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті,

                                                                      «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар»

                                                                     факультетінің деканы, ф.ғ.к., профессор

Comments (0)
Add Comment