Бірлік пен бейбітшілікке үндеді

Мүбарак ЖИНАҚБАЕВА,
Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын ерекше ықыласпен тыңдадым.

Президент Жолдауында: «Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал етеді деп сенемін. Көптеген мемлекет Қазақстанмен достық қатынас орнатып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады. Мұның өзі, бірінші кезекте, еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделі жоғары екенін және өзгелер бізбен санасатынын көрсетеді. Біз маңызды халықаралық проблемаларды шешуге өз үлесімізді қосып келеміз. Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға мүдделі алыс-жақын елдердің бәрімен ынтымақтастығымызды бағалаймыз», – дей келе, жуырда Қытай, Түркия, Қырғызстанға барған ресми сапарлары мен онда стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселелері бойынша табысты келіссөздер өтіп жатқандығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ жыл соңына қарай Ресей және Өзбекстанға баратынын, Астанада Әзірбайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатқанын, бұған қоса Азия, Еуропа, Африканың бірқатар мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізу жоспарында бар екенін хабарлады.
Ақпараттық платформалардан көріп отырғанымыздай, қазір Қазақстан-АҚШ арасындағы тұрақты қарым-қатынас та белсенді жалғасып келеді. Еуропа одағымен де салалы, сапалы байланыстар күшейтілуде.
Қазақстан – бірнеше ұлт пен ұлыстың басын бір шаңырақ астына біріктіріп отырған, татулықты ту еткен ел. Аспанымыз ашық, ел іргесі бүтін болса, бірлік пен келісімді арқау етіп, бар қиындықты жеңуге болады.

Comments (0)
Add Comment