ҮШ ТАҒАН
Асыл анамыз, күн дидарлы Күнікей бәйбішенің жасауымен бірге келген үшаяқ ошақ туған бауырым Батырханның үйінде әлі бар.
Қара маймен жақсылап майлап, қораның сыртына іліп қойыпты.
Онысы өте бір ақылды іс болды.
Қайран көненің көзі.
Ұлы Күнікей анамыз – қазіргі Төле би ауданының Жолан Жанысының қызы.
Үш таған ошақ. Сірә, қасиетті Түркістан шаһарының түбіндегі Шорнақтың ұстаханасында шойыннан құйылған болар. Бірақ неге үш аяқты? Неге төртеу емес.
Кім біледі, үш аяқ – үш жүздің үлесі шығар. Үстіндегі тайқазан төрелер мен қожалар емес пе екен?
Қалай десе де, қасиетті ашаршылықта да, жоқшылықта да адамдарды асырап келе жатыр.
ШЕТЕЛДІҢ АЛМАСЫ
Біртүрлі айтуға ыңғайсыз. Алматылықтар шетелдің дәмсіз алмасын сатып алып жеп отыр.
Әсіресе Қытайдың, қырғыздың алмасы базарды басып алған.
Қазақ байғұс о да алма жегісі келеді. Кезінде Алматының апортын ғана жейтін қазақ енді Қытайдың дәмсіз, нәрсіз алмасын қажақтап қалған.
Ең алдымен Алматының айналасын тоздырдық. Адамға да, алмаға да аса қажет ауа бұзылды. Табиғаттан құнар кетті. Құнармен тал-дарақ, өсімдік кетті. Таулардың белуарына дейін үй салғыш алпауыттар Аспантаудың өзін жұтып жатыр.
Қош бол, апорт!
Арам қатсын алпауыттар!
Бір кем дүние.
ҰРПАҚСЫЗ ЖЕТІМДЕР
Жетім дегеннің не екенін, кім екенін бір білсек – біз білерміз.
Әдетте жетім деп әкесіз жетімді айтады, шешесіз жетім – шерлі жетім. Ал енді ұрпақсыз жетім – сорлы жетім сол.
ТӨЛЕ БИГЕ ЖАЛА ТАҚПА!
Тараздың қақ төрінде, Атшабардан еңіске түсе берерде, қасқа жолдың үстінде, керілген матаға:
– Көктен тілеме,
Көптен тіле!
(Төле би) – деп аспандата жазып қойыпты.
Билердің биі, дана Төле би өйтіп айта қоймас. Ол әулие «көк» пен «көптің» мағынасын түсінбейтін кісі емес қой.
«Көк» деген – Көк Тәңірі. Құдірет соның қолында! Көптің аты – қара халық. Көпшілік. Көктен Құдай бермесе, жұт, құрғақшылық болса, көктен тамбаса – ашаршылық! Сондай кезде «көп» қырылады. Сондай сұмдықтар болған. «Көп» аз болып қалған.
Дана Төле би айтпағанды оған жапсыра берме. Обал болады.
Зауалы – басыңа.
Бір кем дүние.
КІТАП ЖАЗҒЫШТАР
Төкең деген біреу телефонмен тыныштық бермейді.
– Кітап жазып бітіріп ем, соған алғысөз жазып бере қойсаңыз…
– Кітабыңды оқымай жатып қалай жазамын?
– Теңіздің дәмін тамшыдан тануға болады емес пе, ағатай?!
– Не дейін? Мүмкін рас та шығар. Онда оған алғысөздің не қажеті бар?!
Бір кем дүние.
БЕСІК ЖЫРЫ
Баяғыда бір шаруа әйел Ясная Полянадағы Лев Толстойға келіп, арыз айтыпты.
– Балам тілімді алмайды, – депті.
Толстой:
– Қаншада? – деп сұрайды.
– Беске келді.
– Онда бес жылға кешігіпсің.
Толстой дұрыс айтпады. Баланы дұрыс тәрбиелеуге әлгі әйел бес жылға кешіккен.
Ал, шындығында, одан да көп кешіккен. Бала бесікте жатқанда бесік жырын құлағына құйып тәрбиелеген абзал.
Мүмкін, одан да ертерек – бала ананың құрсағында жатқанда бөпеге арнап ән салып отырса, тәрбиенің басы содан басталар еді-ау.
Біздің педагогтар олай үйретпейді.
Бір кем дүние.
Жалғасы келесі сандарда