«АППАҚ ГҮЛДЕР»
Таң ағарып атқанда ұйқымнан оянып, бас жағымдағы радионың құлағын бұрап едім, әдемі дауыс «Аппақ гүлдер, аппақ гүлдер» деп ән салып тұр.
Кенет көз алдыма Қуаныш Төлеметтің бейнесі келе қалды. Бұдан он шақты жыл бұрын о дүниелік болып кеткен қайран Қуаныш…
«Өнер өлмейді» деген осы шығар. Ол ақын еді. Басқа өлеңдері көп қой. Бірақ осы «Аппақ гүлдер» есімде ерекше сақталыпты. Ол осы өлеңді емханада жатып жазып еді. Сонда көңілін сұрап барып едім.
Сәтті шыққан бір өлеңмен де тірілердің арасында ұзақ өмір сүре беруге болады.
Мәселе сол өнердің өлмеуінде ғой.
Бір кем дүние.
АРПАЛЫС
«Қазақ елі» атты ерен ескерткіштің ашылуына облыс делегациясымен бірге Тараздан Астанаға мен де бардым.
Барып қана қоймай, сол салтанатқа жиналған сан мыңдаған адамдардың алдында «шпаргалкасыз» сөз сөйледім. Құдай аузыма салған адал сөзді айттым.
Сол сөзімді біреулер «дұрыс» деді, біреулер «бұрыс» деді.
Ал өзім құлағыма Құдай сыбырлаған сөздің «бұрысы» жоқ деп сенемін.
Ақиқатын ақырет айтады. Ал тірілер не десе, о десін. Кінәлілерді тозақ тоса тұрады.
Тіршілік деген – Абыл мен Қабылдың арпалысы.
Бір кем дүние.
ТАСБАУЫР КӨКЕК
Көкекке не көрінді? Басқа құстардың ұясына жұмыртқалап, оны қараусыз тастап кете береді. Жұмыртқам қалды-ау деп қайғырмайды.
Әсіресе тауықтың ұясына жұмыртқалап кеткені обал! Тауық байғұс өзінің аңқаулығы ма, әлде санасыздығы ма, бөтен жұмыртқаны ығыстырып, ұядан шығарып тастамай, өз тұқымдарына қысып, бауырына басып, шайқап-шайқап, балапан қылып шығарады-ау… Және жем, құрт-құмырсқа тауып беріп, асырайтынын қайтерсің.
Күндердің күні болғанда, қанаты қатып, қалықтауға жарағанда көкектігіне тартып, биікке көтеріліп, ұша бастаған балапанына күркетауықтың қақылықтап, зар жылағанын көрсең! Қанаты қысқа тауық байғұс ұшуға жаралмаған.
Сөйткен көкек балапан өз анасын таба ала ма? Әлде панасыз жетім қала ма белгісіз…
Бір кем дүние.
Бұл енді оқымаған, тоқымаған, мақлұқат әлемі ғой.
Мұндай көкектер адамдар арасында жоқ деп айта аламыз ба?
Ай, білмеймін. Кейін қыл көпірден өте алмай, тозақ отына құлап, күйетін адам-көкектер, сірә, аз емес-ау.
Міне, бұл шын кем дүние.
КӨКПАРШЫ НӘБИ
Жаңабай руынан шыққан датқа Байзақ ұрпағы Нәби Момын Жуалының, кейін күллі Жамбыл облысының көкпаршыларын басқарды. Ол бастаған көкпаршылар ұдайы бәйге алып жүрді.
Сол Нәби бір аяғынан айырылып, мүгедек боп қалды: бір башпайы ауырып, бара-бара соны кестірді. Келе-келе бір аяқтың басы кетті. Бірте-бірте тізеге дейін өршіді.
Келесі жолы тізеден жоғары, қара санға дейін кесілді.
«Жақсы ат аяғынан қалады» деуші еді. Атағы алысқа кеткен көкпаршыға тіл-көз тиді ме, кесел үдеді.
Асыл азамат аман болсын. Қатерлі кеселін тыя гөр, Алла!
Бір кем дүние.
АҚЫН ФАРИЗА
Қазақта ақын көп.
Фариза жалғыз.
Жаңа туған айдың жанында жалғыз жұлдыз ерекше жарқырап тұрады.
Періште жұлдыз сияқты.
Ақындығы да, жаратылысы да ешкімге ұқсамайды.
Ақын жалғыз. Перзенттері сансыз. Олар миллиондардың жүрегін жылытады, жандарын жадыратады.
Перзенттері сонысымен құдіретті. Жұлдыздарың сөнбесін!
Сенсіз дүние – бір кем дүние.