Бір кем дүние-2

28 қыркүйек – шындықтың шырақшысы, ақиқаттың алдаспанына айналып, ұлтымыздың абызындай болған Шерхан Мұртазаның дүниеге келген күні. Қарымды қаламгер тірі болғанда 89 жасқа толар еді. Амал не, енді оның артында қалған құнды мұралары өміріміздің азығы, руханиятымыздың шамшырағы болмақ.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесе отырып, «Шераға тағылымы» атты жаңа жобаны қолға алдық. Шерағаның туған күніне орай оның қаламынан құйылған көпшілікке танымал «Бір кем дүние» кітабының екінші бөлімінен үзінділерді оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік. 

АРЗЫ МЕН БОЗТОРҒАЙ

Арзы апам екеуміз Көксайдағы қырғыз ата Нұралының үйінен келе жатырмыз. Қырғыздардан алған дәсері қап жүгеріміз есектердің үстінде.
Тамылжыған көктем. Көк өзек. Арзы апам жас жусанның үстінде құбылаға қарап намаз оқып отыр.
Төбесінде бір бозторғай үзбей шырылдайды. Апамның арызын Аллаға жеткізгісі келгендей үзіліп-үзіліп шырылдайды. Бозторғай деп жүргеніміз періште шығар. Адамдардың арызын Аллаға жеткізу үшін шырылдайтын болар.
Табиғатта біз білмейтін құпия көп.
Бір кем дүние.

АҒАНЫҢ АЛАҚАНЫ

Мұстай Кәрім – ұлты башқұрт. Ал башқұрт дегеніміз «Бас қасқыр» деген ұғымды білдіреді. Көне түріктер қасқырды «құрт» деп атаған. Қасқырдың ұрғашысын «құртқа» деген. Мысалы, Қобыландының Құртқасы.
Сол Бас қасқырдан шыққан ақын, Социалистік еңбек ері, ерен жазушы, сақа солдат – Мұстай Кәрім еді. Баяғы студент күнімде мен оның «Радость нашего дома» деген кітабын орысшасын башқұртшасымен салыстырып отырып, қазақшаға аударып едім. Содан Мұстай аға:
– Мен қазақтың болашақ бір жазушысын аштықтан аман алып қалып едім, – деп мақтанатын.
Құдай иманыңды берсін!
Ашқұрсақ студентке азық болғаны рас.
Бір кем дүние.

«АШ БАЛА ТОҚ БАЛАМЕН ОЙНАМАЙДЫ…»

Жер бетінде бір миллиардқа жуық адам ашқұрсақ. Оның көбі – жас балалар.
Ал енді бір миллиардқа жуық адам тоқшылық тобына жатады. Жартысынан көбі – аса семіздер.
Өзің аш отырып, басқа жоқ-жітікпен бір үзім нанды бөлісіп жесең – имандысың. Аштардың жанында отырып, тоя тамақ жеп, бөліспесең – имансызсың.
Өз басымыздан өткен сондай бір аштықты мен «Бір кем дүниенің» бірінші бөлімінде жазған сияқтымын.
Аштықтың бетін Алла аулақ қылсын. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын.
Бір кем дүниеден адамдар азат бола ала ма?
«Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
Тоқ бала аш болам деп ойламайды».

Comments (0)
Add Comment