Биозауыттың мүмкіндігі мол

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Қордай ауданына жұмыс сапары «ОтарБиофарм» ЖШС-нің жұмысымен танысудан басталды.

Қазіргі таңда биофармацевтикалық зауыт құрылысының екінші кезеңі жүруде. Ол бойынша биозауыттың өндірістік қуатын айына 500 мыңнан 2 миллион дозаға дейін арттыру көзделген. Соған сәйкес, «Тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт базасында субстанциялар өндіру жөніндегі цех» (BSL-3) жобасының құрылысы жүзеге асуда.

Бүгінде өндірістік кесте бойынша инженерлік желілер мен негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Фармакологиялық жабдықтардың 99 пайызы жеткізілген.

Нысанның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Ал  жобаны желтоқсан айында толығымен іске қосу көзделуде.

Аймақ басшысы жауаптыларға жұмыстардың сапалы әрі тиісті мерзімде атқарылуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» шаруа қожалығының 130 гектар күнбағыс және Қақпатас ауылындағы «Ерхан» шаруа қожалығының қарбыз алқаптарын көрді.

Шаруалар суармалы судың тапшылығынан шығынға батып отырғандарын жеткізді.

Жалпы, аудан бойынша 5 мың гектардан астам егістік су тапшылығын кешуде.

Нұржан Молдиярұлы жыл сайын суармалы су мәселесі күрделеніп келе жатқанына тоқталып, су үнемдеу технологияларын енгізуге, ұңғыма қазу ісіне баса ден қою керектігін баса айтты.

Бұдан бөлек, келер жылы ауданда екі жаңа су қойманың құрылысы басталмақ.

Сондай-ақ облыс әкімі Үкіметпен құрылған комиссиямен зардап шеккен шаруалардың шығынын өтеп беру бойынша жұмыстар жүзеге асып жатқанына назар аудартты.

Бұдан кейін аймақ басшысы Қордай ауданындағы Қақпатас және Бетқайнар ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуларға құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Өткен жылы облыстағы түрлі деңгейдегі әкімдердің 1200-ден астам кездесуі өтсе, ағымдағы жылдың алты айында 800-ден астам кездесу ұйымдастырылған. Оның 75-і облыс әкімінің қатысуымен өткен.

Қақпатаста өткен кездесуде ауылдықтар суармалы су, ауылдағы Қазпошта бөлімшесіне жаңа ғимарат салу және өзге де мәселелерді көтерді.

Аймақ басшысы сұрақтарға облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді.

Дәл осындай кездесу Бетқайнар ауылдық округін де өтті. Облыс әкімі тұрғындарды әлеуметтік мәселелерді шешуде жергілікті билікпен бірлесе отырып жұмыс атқаруға шақырды.

Кездесулерден кейін Нұржан Нұржігітов  азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Comments (0)
Add Comment