Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын.
Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзінен білімнің баға жетпес үлкен рухани қару екенін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін білуіміз тиіс. Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық рухани күш-қуат көзі жоқ екені белгілі. Өйткені білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын қаруы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Жалпы жастарды қолдау жағынан мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құнды құжатта тағы да атап өтті.
– Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Елімізде бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз, – деген еді Мемлекет басшысы.
Бұл қолдау өз кезегінде жастарымызды білім алуға ынталандырып, жетістікке жетуге мол мүмкіндік береді деп батыл сеніммен айта аламыз.
Жас ұрпаққа жақсы білім беру үшін, ұстаздың сапалы болғаны ауадай қажет. Президент өз Жолдауында ұстаздарды да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсетілмек.
– Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді, – деді Президент өз Жолдауында.
Елімізде ең өзекті мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Қазір елімізде 7 500 мектеп болса, оның 169-ы үш ауысымды, 5 068-і екі ауысымды екен. Бұл жағдай Мемлекет басшысын алаңдатып отыр. Соған орай Қасым-Жомарт Тоқаев: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн. Толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек», – деді.
Еліміздің күші – жастардың білімінде. Сол себепті мемлекет ҰБТ нәтижесіне және де басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлауда. Мемлекет тарапынан ұстаздарға аз қолдау жасалған жоқ. Бұл жаңалық та педагогтар қауымын жігерлендірді. Қазіргідей заманда жастарымыз тек еңбекпен, біліммен ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізе алады. Жолдаудауда ұстаздармен бірге, ғалымдарды да қолдау мәселесі сөз болды.
– Ең алдымен жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек. Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн. Жалпы еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз, – деді құнды құжатта Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жастарға айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысының өткен жылға Жолдауын еске салып көрсек, онда ел Президенті NEЕT санатындағы жастардың мәселесіне назар аудару керектігін атап өткен болатын. Яғни не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын, өз бетімен қалған жастарға көңіл бөлінетінін қадап айтты. Еліміз бойынша бұл санатқа жататын жастардың үлесі 2021 жылдың бірінші жартысында 6,7 пайызға жеткен екен. Сонда шамамен 230 мыңнан астам жас азамат не жұмыссыз, не білімсіз қалып отыр деген сөз. Осы мәселені шешудің жолы ретінде Президент кәсіптік біліммен тегін қамту мәселесі әлі өзекті екенін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы оқушыларды ынталандырып, білім беруді пайдалы әрі инклюзивті етудің маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өңірлік және халықаралық деңгейдегі түрлі олимпиадаларда жетекші орындарға қол жеткізген оқушыларға ерекше назар аударды.
Елімізде кезек күттірмейтін тағы бір маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларда, Студенттер үйінен орын болмағандықтан, қымбат бағада пәтер жалдап, оның ақшасын төлей алмаған жастарды көзіміз көрді. Жолдауда Президент осы мәселеге айрықша тоқталды.
– Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады, – деді ел Президенті.
Бәрімізге белгілі, бүгінгі таңда технологиялық прогресс қарқынды дамып келеді. Ал цифрлық өнім мен қызмет әрбір қазақстандықтың өмірінде ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекеттік қызметтердің көбі смартфондар арқылы беріліп жатыр. Бұл жаңашылдық Қазақстанның IT-индустриясын дамытуға жаңа серпін берері анық. Сонымен қатар жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болатындығының айқын көрінісін байқатты. Елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстарына баса назар аударып, мемлекет тарапынан өз кәсібін бастаймын деген жастарға 2,5 пайыз несие берілетінін, сонымен қатар ел жастары 100 мың жұмыс орнымен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Сонымен қатар ұлттық жоба шеңберінде кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-мамандарын даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кем дегенде 500 миллион долларға жетуі керек. Осы және басқа да міндеттер мемлекеттік сектордың толық цифрлық қайта жаңғыртылуын талап етеді. Мұндағы басты және бұрыннан келе жатқан проблема – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциялануының болмауы. Бұл мәселе мүмкіндігінше жақын арада түбегейлі шешуді талап етеді.
Бұл, бір жағынан, еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп, өз еліміздің игілігі жолында пайдалануды көздеген білімді, ойы азат жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша жүзеге асырылатын шаралар жастарды қолдау ісін ілгерілетіп қана қоймай, алдағы уақытта жастарды қолдау, көтермелеу тұрғысындағы игі қадамдарға кеңінен жол ашатынына сеніміміз мол.
Ұлы Абайдың: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деген сөздері бүгінгі күні ұрпақтың әлемдік ғылыммен прогресс заңдылықтарына сәйкес бәсекеге қабілетті болып қалыптастыру үрдісінде де өзекті болып отыр. Қазақстандық білім беру жүйесіндегі реформалар мектепке дейінгі тәрбиелеу жүйесі мен жоғары оқу орнындағы білім беру жүйесін қамтиды.
Халқымыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп тағылымды тәмсіл қалдырған. Қазақтың бұл мақалының өзі бүгінгі күні айрықша мәнге ие болып отыр. Бұл заман – білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең әуелі білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімізбен ғана бағаланады. Инемен құдық қазғандай, қиын күрделі, орасан қажыр қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл. Қазақстанда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударылуда.
Бүгінде арнайы министрліктер мен оқу орындары әдістемелер мен технологияларды жіті меңгеріп, халықаралық тәжірибені толық зерделеуде. Қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Бүгінгі жас ұрпақ мұны анық сезініп, білім бұлағынан молынан сусындауға зейін қоюда. Жастар өз күш-жігерлерін, білімдерін тәуелсіз елінің гүлденуіне жұмсамақ.
Жалпы жастарды өркениет көшіне бет бұрған қыруар істің арқауы болып есептелетін ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші білім десек қателеспейміз. Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарындағы тәрбиенің негізгі мақсаты – жастардың бойында азаматтық пен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін дәріптеуге, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, конституцияға және қоғамға қарама-қайшы келетін әрекеттерге төзбеушілікке тәрбиелеу. Тәрбие қазіргі өзгермелі, сан салалы, көпмәдениетті, көпэтникалық үлкен өмірге енуге дайын қабілетті, тұлғаның дамуына бағытталған және рухани құндылықтарының негізінде құрылады.
Жастарды жақсылыққа жетелейтін қозғаушы күш тәрбие жұмысы. Ол арнайы ұйымдастырылған қалыптастырушы үрдіс және ізгіліктілікті қабылдайтын, әлеуметтік құндылықтар мен азаматтық мінез-құлық үлгілері бола отырып, тек ғылыми негізделген тәрбие жүйесінің аясында ғана өзін іс жүзінде көрсетіп, өзін-өзі қалыптастырған тұлға үлгісіне жағдай жасайды. Қазіргі уақыт талабы жаңаша дүниелік көзқарас тұрғысынан жаңаша ойлап, шешім қабылдай алатын, креативті ойлау қабілеті дамыған тұлғаны, өз елі мен жерінің, туған тілінің жанашырын дайындауды міндеттеп отыр. Бұл міндет жаңа уақыт талаптарына төтеп бере алатын, кәсіби білікті, бәсекеге барынша қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісінің өзектілігін алға тартады. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы үндеседі. Ел болу, мемлекет құру – сонау түркі заманынан бермен қарай желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Ұлттық тәрбие ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі.
Тәрбиенің басты нысаны – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу. Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осыған өз әлінше үлес қосуы – мұның басты шарттарының бірі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030» атты еңбегінің «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөліміндегі: «…Біздің балаларымыз бен немерелеріміз… бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады», – деген сөзінен айқын аңғарамыз. Болашақ жастардың қолында деген ұрандарды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тек оны өз керегіне қарай пайдалану – әрбір жастың құзырында. Мемлекет тарапынан жасылынып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені өмір, ағыны тоқтамақ емес, жастық шақтың да жарқ етіп өте шығары баршаға мәлім.
Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деген болатын.
Білім алу, тіл үйрену, бәсекеге қабілетті болу, ұлтқа адал қызмет ету және Отаныңды сүю сынды құнды қасиеттерді бойына жинақтаған саналы ұрпақ қана, ұлтты жаңғыртып, жаңа белеске көтермек. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев елдік мүддеге қатысты әрбір істе, жас буынды Абайдың ғибратты ғұмыры мен мол мұрасынан үлгі-өнеге алуға шақырды.
Мемлекет басшысының «Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Ұлы ойшыл жастарымызды білім мен ғылым игеруге, өнер мен тіл үйренуге, адал еңбек етуге шақырды. Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Мұның бәрі интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет», – деген сөзінің тағылымы терең, тәлімі мол.
Талантты жастарды мемлекет әрдайым қолдауға дайын. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Демек, жастар алмайтын қамал, бағындырмас биік жоқ. Президенттің жастарға сенімі бұл. Ал білікті менеджер болуға қабілетті және креативті жастарды жасақтау мұнымен тоқтамақ емес. Жас келсе – іске! Жастарға жауапкершілік жүктелді. Ендеше, елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет, жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа дегіміз келеді.
– Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл шаралар жоғары білімді қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізге білімді жас мамандар қажет екенін ашып айтты. Оның: «Цифрландыру келесі маңызды міндет бірыңғай механизм ретінде қызмет етуге міндетті мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты болып табылады. Мемлекет басшысының бағытына күмән келтіретіндер, жұмысын орындай алмайтындар, уақытты босқа өткізіп, Президент тапсырмасын орындаудан жалтаратындар атқаратын лауазымдарын босатуы тиіс деп пайымдаймын. Қазір біз дамуымыздың шешуші кезеңіне аяқ бастық. Мемлекеттік аппарат бірыңғай механизм ретінде жұмыс істеуге міндетті. Тек осы жағдайда ғана біз алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізуді қамтамасыз етеміз», – дегені осыны аңғартады.
Еліміздің дамуы барысында негізгі рөл жастарға артыларын ескерсек, ол өз қара басының қамын ғана ойламай, ел болашағының беріктігін қалқалап жүруі керек. Өрнегін салған өткен күндерді тарих сахнасына қалдырып, асығы алшысынан түсер алдағы сәттерді санасына түйіп, іс-әрекетке бет бұруы тиіс. Ол үшін негізгі міндет – сапалы білім. Сондай-ақ айрандай ұйып, басы біріккен озық елдер қатарына қосылып көшбасшы атану – көкірегімізде жалындап тұрған алау үміттердің бірі. Тереземіз тең, керегеміз кең болуы үшін де зияткер ұл-қыз, білікті балалар тәрбиелеуіміз шарт.
Бүгінде қазақ мемлектінің дамуы үшін «Болашақ» бағадарламасымен оқып келген түлектер аянбай еңбек етуде. Бұл білімді жастарды қолдаудың бастау көзі болғаны анық. «Болашақ» бағдарламасы – еліміздегі жастардың дүниенің төрт бұрышына барып, білім қуып қайтуға талпынған жасалған теңдессіз мүмкіндік. Еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүние жүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. 1993 жылдан бері 13 мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасалып, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол ашылды. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп келеді. Сонымен қатар «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтау, халық тығыз қоныстанған өңірлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендету, еліміздегі халық саны азая бастаған бірқатар өңірлерде демографиялық өсім көрсеткішінің артуына ықпал етіп, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарды мамандармен қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізген болатын. Ауылдық аймақтарда дәрігер, мұғалім, инженер, ауыл шаруашылығы мамандары және осы аумақтар үшін қажетті өзге де жоғары оқу орны түлектеріне деген қажеттілікті жою мақсатында жүзеге асқан «Дипломмен – ауылға!» республикалық бағдарламасы да өз жемісін беруде.
Жастарды білім жолына бағыттап, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Келешектің іргетасын қалау үшін алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Еліміздің қарыштап дамуы мен гүлденуіне жастардың қосатын үлесі көп екендігін және болашақ білімді ұрпақтың қолында екенін айқындап көрсетті. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім. Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша жүзеге асырылатын шаралар жастарды қолдау ісін ілгерілетіп қана қоймай, алдағы уақытта жастарды қолдау, көтермелеу тұрғысындағы игі қадамдарға кеңінен жол ашатынына сеніміміз мол!
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ