Білімді ұрпақ–ел болашағы

Құрметті ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар!
Баршаңызды Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл күн – жаңа жобалар мен ізденістердің, тың идеялардың бастауы. Жаңа оқу маусымы – білім беру сапасын арттыруға үлкен міндеттер жүктеліп, алға қойылған мақсаттың нақты іске айналатын кезеңі, саналы ұрпақтың зердесіне тәлім мен тәрбие алауын жағатын уақыт. Сіздердің алдарыңызда өз күш-жігерлеріңізге, талпыныстарыңызға, еңбектеріңізге сүйене отырып, болашақтағы жетістіктеріңіздің іргетасын қалау міндеті тұр.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан білім саласына зор қамқорлық көрсетіліп келеді. Оның ішінде біздің қаламызда да көптеген оңды істер атқарылуда. Айталық, бүгінде шаһарда 60 мектеп болса, биылдың өзінде тағы 3 білім ұясы есігін айқара ашпақ. Жыл сайын оқу ордаларының материалдық-техникалық базасы да жаңартылып, заманауи құрылғылармен жабдықталуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. Әрине, мұның барлығы білім саласына жасалып жатқан жан-жақты қолдаудың айқын көрінісі.
Ел ертеңінің жарқын болуына, сауатты да салауатты ұрпақ қалыптастыруда мемлекет үшін білім саласы қашанда маңызды. Себебі білім – баға жетпес рухани байлық, ғылымның іргетасы, ел дамуының алтын арқауы.
Өткен оқу жылында бағындырған биігіміз аз болмады. Бұл ретте ұстаздардың ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға жеміс пен өркендеу тілейміз. Жаңа оқу жылы табыстарға жетелеп, беделімізді биіктетер өрендеріміз көп болғай!

Тараз қаласының әкімдігі

Comments (0)
Add Comment