Мектеп қабырғасындағы ұстаз ретінде бір білетінім, жылдан-жылға білім саласының жұмыстары жанданып келеді. Әрине, күшті мемлекет құрамыз десек, білімді жастарды тәрбиелеу аса маңызды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында білім саласын естен шығарған емес. «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз», – деген болатын ол құнды құжатта. Бұл қолдау өз кезегінде оқушыларымызды білім алуға ынталандырып, жетістікке жетуге мол мүмкіндік береді.
Жас ұрпаққа жақсы білім беру үшін ұстаздың сапалы болғаны ауадай қажет. Президент ұстаздарды да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған керектігін атап өтті. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсетілетін болады.
– Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді, – деді Мемлекет басшысы.
Елімізде ең өзекті мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Айталық, қазір елімізде 7 500 мектеп болса, оның 169-ы үш ауысымды, 5068-і екі ауысымды екен. Бұл жағдай Мемлекет басшысын да алаңдатып отыр. Кезекті Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн. Толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек», – деген болатын.
Еліміздің күші – жастардың білімінде. Сол себепті мемлекет ҰБТ нәтижесіне және де басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлауда. Мемлекет тарапынан ұстаздарға аз қолдау жасалған жоқ. Бұл жаңалық та педагогтар қауымын жігерлендірді. Қазіргідей заманда жастарымыз тек еңбекпен, біліммен ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізе алады. Жолдауда ұстаздар мен ғалымдарды қолдау мәселесі де сөз болды.
– Ең алдымен жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек. Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн. Жалпы еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Елімізде кезек күттірмейтін тағы бір маңызды мәсе- ле – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларда Студенттер үйінен орын табылмай, пәтер жалдап, оның қымбат ақшасын төлей алмаған жастарды көзіміз көрді. Жолдауда Президент осы мәселеге айрықша тоқталды.
– Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі санала-ды, – деді ел Президенті.
Жалпы Жолдау қолдауға лайық. Мемлекет басшысы білім саласына баса назар аударып келеді. Біз бұдан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асқанын айқын аңғарамыз.
Шынар Нұргелдинова,
«Рахат» бастауыш мектебінің мұғалімі